Баған

Сөз күзетіп отырмыз…

Індеттің Қазақстанға келді дегені сол еді, ел ұлардай шулап, дауылдай дүрлікті. Алдын-ала сақтық дейін десек, желпініп тұрған «WhatsАpp» желісіндегі хабарламалар реті мұны жоққа шығарады. Айтпағым, жалған ақпараттар жайында. Елді әбігерге салған бейтаныс келіншектің аудиожазбасы жығылған үстіне жұдырық емей немене? «Алматыдан келген поездан түсіпті осынша қытай», «Қарағандының вокзалын жауып тастапты» деген лепіріп тұрған қауесет сөздердің легін айтамын да. Онсыз да жұрттың үрейі ұшып, дал болса…

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаны сол еді, ауылдан анам хабарласты. «Азық-түлік алу қажет, қалаға жылдам бару керек. Барлық дүкен жабылып жатыр екен» дейді. Сөйтсем, ауылдағы бір пысықай жеңгем «аудандағы супермаркеттің алдында полиция тұр. Жаптырып тастаған көрінеді» деп хабарлапты. Жә, өзі көзбен көрсе үндемес едік. Сол аудандағы танысынан естігенін, өзі көріп келгендей күйде жеткізуін қарасаңызшы…

Тағы біреуін мысал етейін. Жақын апам қоңырау шалып, үйіңе азық-түлікті үйіп ал деді. Жанашырлығына алғыс, әрине. «Онысы несі?» деген сауал да болды санада. Айтпағы – мынау. Қазақстанда індет тіркелген күні қаладағы әр үйдің подъезінде екі полициядан тұратын көрінеді. Сыртқа шығармайды-мыс. Сонда тәжвирустан емес, аштан өледі екенбіз. Ақылға сыймайды, иә. Елден естіген елең еткізер жаңалығы…

Сол «WhatsАpp» желісінен келген хабарламалар сенімді ақпарат құралына айналып бара жатқандай. Әрине алаң болып, дабыл қаққан дұрыс-ау, даурығудың қажеті не? Сенімді бұқаралық ақпарат құралдары бүгінгі күні жедел жұмыс істеп, дер кезінде халық назарына дәйекті ақпарат ұсынып отыр. Бір мезгіл соған шолу жасаса болмас па еді?..

Үйде отырып алып, пәлен-түген деу кімнің болсын қолынан келеді. Демек, сырттан тон пішу оңай. Ал, асқан тәуекел жағдайында қызмет етіп жатқан біздің ақ халаттылардың жағдайын кім ойлапты? Осы ретте Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек өзінің «Facebook» парақшасында дәрігерлердің қызметін көзсіз батырлыққа балап, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлынан короновирусты жеңген күннің ертесінде Нұр-Сұлтан қаласында дәрігерге еңселі ескерткіш қоюды тапсыруын сұраған екен.

Расымен, бізден бекітілген тәртіпке бағыну талап етілді. Ал, дәрігерлеріміз күндіз-түні кірпік қақпай елдің денсаулығын күзетіп әлек. Сындарлы қауіптің ортасында жүрген мейірбикелердің бары – бала-шағасы. Солар үшінде вирус жұқтырып алу қаупін басынан кешіріп жүр. Дәл қазіргінің – қаһармандары.

Ал, біз неге сөз күзетіп отырмыз?

Тәубе етейік…

Қасымхан ҒАЛЫМ,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button