Жаңалықтар

Сәні мен мәні астасқан

          

   «Құлағыңда ай сырғаң «Құлағыңда ай сырғаң  дір-дір етіп,Енді үзіліп кетердей тұрған әрең» деп Мұқағали МАҚАТАЕВ жырламақшы, қазақ қыз-келіншектерінің әшекейлері сәнмен қатар, ерекше мәнге тағыларын екінің бірі біле ме? «Сақина таққан сән емес, айқайлаған ән емес» деген сөздің астарында тәлім-тәрбиенің алтын сабағы жатқанын біз Қарағанды облысының тарихи-өлкетану мұражайында өткен «Әшекей бұйымдар сыры» деректі көрмесінен ұқтық. 

8 наурыз – әйелдердің Халықаралық мерекесі қарсаңында аталған мұражай ұжымы ұсынған қазақ қыздары мен әйелдерінің сәндік әшекей бұйымдарының көрмесі айта салған әңгіме емес, көзбен көріп, қолмен ұстады дегендей көрім іс болды. Әуелі 12-13 жасқа дейінгі қыз бала жас мөлшеріне тән киім үлгісімен шықты да, оған әшекей бұйымдар тағылды. Басында – ою-өрнек, моншақтармен көмкерілген үкілі тақия. Кішкентай сылдырмақ сынды қосмоншақтар болмашы ғана үн шығаруы мүмкін. Шашын кішкене шашбаумен қоса өрген. Үстінде – тізесін жапқан түрлі-түсті көйлек, жеңі – бүрмеленген. Оның сыртында – неше түрлі бояулардан ою-өрнек салынған желетке. Аяғында – жеңіл құрым етік. Құлағында жеңіл сырға болса, саусағында – кішігірім сақина. Мойнында – тұмарша. Бұл – 5-6 жастан 13 жасқа дейінгі қыз баланың киім үлгісі. Ал, 12-18 жас аралығындағы бойжеткен тақия­сының үкісі қалың. Түрлі моншақ тастармен, түсті жіптермен безендіріледі. Кей кезде тақияның орнына барынша әдеміленген бөрік те киеді. Бірақ, бұл жолы сәукеле кигізілді. Әдетте қазақ оны қыз балаға арнайы тіктіріп, ұзатыларда кигізген. Сән-салтанатқа малынған сәукеленің тарихын тарқатса, бір мақалаға жүк. Байлардың қызының сәукелесі бір үйір жылқыға жасалған кезінде. Етегі кең, жеңі мен жағасы, белі бүрмеленіп, желбіреген қосетек көйлек. Сыртынан қымбат матадан тігілген желетке не камзол. Оның ою-нақысы қанық бояулардан. Түйме орнына таққан қапсырмасының өзі бір сән. Ұзын қолаң шашына тиындармен безендірілген шашбау мен шолпы тағылып, қолдарына бесбілезік салынды. Құлағына тағылған күміс сырға да көлемді, қымбат көрінеді. Алқасы көзге алыстан түседі. Осы жерде шолпы, шашбаулардың қасиеті, біріншіден – салмағы болғандықтан, шашты төмен басып тұрады. Есесіне бойжеткен басын көтеріп, тік жүреді. Тік жүргенімен қоймай, қалай болсын солай емес, аяғын еппен алып, баппен басуға тәрбиелейді. Себебі, жүріс мәнері бұзылса, шолпының үні де жағымсыз шығады (шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын (А.Қ). Сонымен қатар, шолпы сылдырын, шашбау үнін естіген немесе үкілі баскиім киген жанды көрген жолаушы қыз баласы бар үйді алыстан аңғарып, дөрекілікке, оғаш әрекетке баспаған қазақ салтында. Міне, біздің қыз бала, бойжеткенге деген құрметіміз!Бұлардан соң басына орамал таққан жас келіншек пен кимешек киген әйел-ана шықты. Алдыңғы екеуіне қарағанда, жас ерекшеліктеріне қарай олардың жүзік, сырғаларының көлемі де әр түрлі. Жүзік, білезіктері үлкенірек, сырғалары шомбалдау, киімдерінің сән үлгісі ықшам. Шашбау, үкі жоқ. Дегенмен, бар құрмет осы кісілерге ғой.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button