Басты тақырыпНұра

Сөнбес шырақ, өлмес мұрат

    Нұра ауданына қарасты Ахмет ауылының қара шаңырағы – Сәкен атындағы орта мектепке биыл – 100 жыл. Осы мерейтойға орай, мектеп ұжымы республикалық ғылыми конференция ұйымдастырып, білім ошағының жүз жылдығын кең көлемде атап өтті. Оған Астанадан, Қарағанды облысының Нұрадан басқа да аудандарынан қонақтар қатысып, баяндамалар жасады. Өткен аптаның қасиетті жұмасында.

 

Кейінгілер кірген

кең сарай

Сәкен қара қазаққа қызмет етуді алғаш қара Нұра мен Қараөткелдің (Астана) бойында бастаған. Алғаш Омбының мұғалімдер даярлайтын семинариясын бітіріп келісімен Нұраның бойындағы Бұғылы болысына мұғалімдікке келгенін «Тар жол, тайғақ кешуінде» өзі де тайға таңба басқандай көрсеткен. Ендеше, Нұраны бойлап барып, алғаш Ақмолаға (Астана) ту тіккен Сәкен рухының сәулелі нұры басқа жерден бұрын осы аспанда тұнып тұрғанын айтпай кетуге болмайды. Қазақстанда Сәкен атындағы мектеп көп болғанымен, ақын тұңғыш еңбек жолын бастаған орны – Нұра ауданы, Ахмет төре ауылындағы бұл мектептің жөні бөлек. Туған ауылы, туған ауданы осы күнге дейін бір де бір «Сәкен оқуларын» өткізе алмай отырғанда, 2009 жылдан бері осы игі шараны қолға алған бірден-бір білім ошағы да осы мектеп. Ендеше, осыдан жүз жыл бұрын жаққан шырақтың сөніп қалмай, лаулап жанғаны – баба рухының мәңгілігін танытса керек. Сәкеннің өзі айтпақшы, «Біз қаладық қиындықпен, Кең сарайға іргені. Біздің тілек – сол сарайға, Кейінгілер кіргені». Мектеп 100 жылдығының Тәуелсіздік тойымен тұспа-тұс келгенінің өзі – сол тілектің орындалғанының бір көрінісі.

Жүз жылдық тарихы бар мектептің бұрынғы орны – ауыл жанындағы Ақтөбенің етегі. Бұрынғы Сұлтан төренің ауылы. Онда «осы жерде 1916-1917 жылдары Сәкен Сейфуллин ұстаздық етті» делінген ескерткіш-тақта орнатылыпты. Кезіндегі бұл мектепті Ахметпен немере туыс Сұлтан төре Абылаев аштырған екен. Сұлтан төре баласы – Ғалымтайдың екі бөлмелі үйін мектеп орнына босатып беріп, бір бөлмесінде Сәкен жатса, келесі бөлмесінде ол ересек-жасы бар қырыққа тарта оқушыға сабақ берген. Ақын 1917 жылы жазған кейбір өлеңдерінің соңына «С.А. ауылы» деп белгі қойған. Ол белгіні жазушы Жайық Бектұров Сұлтан төре Абылаев ауылы екенін түсіндіріп жазғаны тағы бар. Конференцияның қонағы өлкетанушы Ф.Нұржановтың айтуынша, Ахмет төре: «шынжыр балақ, шұбартөстің тұқымы – сен кімге тартып кедейшіл болып жүрсің?», – деп Сәкенді қамшымен тартып қалыпты (ол өз алдына жеке әңгіме).

Мектеп мерейтойына келгендер аталған ескерткіш-тақтаға гүл шоқтарын қойды. Ақынның осы топырақта туған «Жаңа жыл», «Асығып тез аттандық» сияқты өлеңдерін оқушылар жатқа оқыды.

Келелі жиын –

конференция

Ғасыр ғұмырлы мектептегі мәртебелі орынның бірі – мұндағы Сәкен мұражайы екен. Қайраткер ақынның қилы тағдыры мен шығармашылығынан сыр шертетін орынға аз аялдаған адам ақын жайынан анағұрлым ақпараттанып шығардай. «Қалдырған ізің мәңгілік» атты республикалық конференцияға келген қонақтармен бірге мұражайды аралаған біз соны аңғарып шықтық. Мектеп директоры Атымтай Балабиев жүргізіп отырған конференцияда Сәкен алғаш еңбек жолын бастаған тұстағы кейбір деректерге баға берілді десе болғандай. Себебі, осы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Қаржасованың айтуынша, бүгінгі ҰБТ сұрақтарында ақын алғаш еңбек жолын Ресейдегі санақтан бастады деп көрсетіліп жүрсе керек.

Нұра ауданының әкімі Ниқанбай Омарханов шараға қатысушыларды мектеп мерейтойымен құттықтап, келген қонақтарға бір ауыз жылы лебізін білдірді. Аудан басшысы қайраткер ақынның қазақ елі болашағы жолында қылған қажыр­лы еңбегін тілге тиек етіп, алдағы уақытта осы мектептің өткені мен бүгінін, танымал түлектерін түгендейтін энциклопедия шығаруды мектеп ұжымы мен аудандық мәдениет, білім бөлімдеріне ескертті.

Конференцияның құрметті қонағы, белгі­лі мем­лекет және қоғам қайраткері Оралбай Әб­дікә­рі­мов ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өтіп жатқан шараның мәнісіне тоқталды. «Бүгінгі 100 жылдық – мектеп тарихы ғана емес, ол ел мен жердің шежіре баяны. Сондықтан, осы мектепті бітірген түлектер, оның ішінде Отанымыздың көркеюіне үлес қосқандары назардан тыс қалмауы тиіс. Мәселен, осы Нұра төңірегінен түлеген тұлға, қазақ мультипликациясының атасы Әмен Қайдаров есімін білетіндер аз қазір. Неге? Іздеушісі жоқ», – деп тұжырды.

Сәкен атындағы мектептің қадір-қасиеті жөнінде ғана емес, қайраткер ақын-жазушының шығармашылығы жайлы қадау-қадау ой айтқан Астанадағы С.Сейфуллин мұражайының директоры, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Несіпбек Айтұлы болды: «Сәкен шығармашылығы мен қайраткерлігі зерттелудей-ақ зерттеліп келеді. Бірақ, біз әлі күнге дейін оның әдебиеттегі бағасын бере алмай келеміз. Әсіресе, поэзиясы атүсті зерттеліп келеді. Ақынның «Қызыл ат» сияқты поэмаларын оқыған зерттеушілер оны Кеңес жазушысы деп қабылдайды. Сәкеннің таза ақындық әлеміне үңілу жағы олқы түсіп отыр. Табиғат лирикасын зерттегендер оның Абай мектебінің өкілі екенін бірден аңғарар еді. Сондай-ақ, Сәкен ақталып, еңбектері жариялана бастағанда, баспа басында отырғандар әдеби шығармаларының көбін өзгертіп басып жіберген. Қазіргі бір арманым, кейінгі он томдықта жарияланған шығармаларын түпнұсқамен салыстырып, қайта басса ғой».

Осыған дейін Сәкеннің ғалымдық қыры көрінбей келеді деп есептеуші едік. Астана қаласы «Тарихи-мәдени мұра нысандары мен ескерткіштерін сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекцияның» ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Серік Оспанов осы қырына тоқталды. Сол кездің өзінде С.Сейфуллиннің «Билер әдебиетін» енгізгенін, «Айтыс – қазақ әдебиетінің алтын діңі» деп, оны да зерттегенінен дәлелдер келтірді. Әсіресе, ауыз әдебиетінің жауһары «Әсет пен Кемпірбайдың бақұлдасуы» Сәкен арқылы жеткеніне баса мән берген Серік Кәрібайұлы домбырамен соны орындап берді.

Конференцияда С.Сейфуллиннің ұрпақтары – немересі Сәкен Сейфуллин мен нағашы қарындасы Асылгүл Әбіш сөз сөйледі. Асылгүл Әбіш ақыннның нағашы жағына тоқталды. С.Сейфуллин мұражайы ғылыми-ағарту бөлімінің меңгерушісі Гүлназия Ибраева «С.Сейфуллин – халық ағарту ісінің ұйымдастырушысы» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар, сұңқар ақын сауатын ашқан Сәкен орта мектебінің ардагері, өлкетанушы Файзулла Нұржанов пен осы мектеп түлегі Әйгерім Мақажан, тағы басқалар қатысып, баяндамаларымен бөлісті.

Жәнібек ӘЛИМАН

НҰРА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button