Тарих

Сәкен және халық музыкасы

Сәкеннің музыкалық шығармалары қазақтың халық музыкасының тереңінен нәр алған. Сондықтан да, Сәкеннің әндері мен күйлері бірден елдің ілтипатына ие болып, жүрегіне жеткен. Қазақтың халық музыкасының тамыры өте тереңде. Біздің заманымыздан бұрын керейлердің ортасында болған, тарихтың атасы атанған Геродот оларда неше түрлі музыкалық аспаптардың барын, тамылжытып көңілді толқытатын музыкаларының бар екенін айтқан.

Музыка халық ішінде туғанымен, оның жалпы елге таралуы сал-серілер арқылы болған. Ғалымдардың зерттеуі бойынша серілік ту баста Түрік қағанаты кезінде шыға бастаған. Серілікті әдет қылған алғашқы ойшыл кісі – Иоллық тегін. Ол өзі аңшы, мерген, атты бабында ұстайтын сейіс, сонымен қатар ақын, қобызшы, жырау болған. Ағалары Білге хан мен Күлтегін қайтыс болғанда оларға арнап эпикалық оқиғаларды әдемілеп құрып, оны тасқа қашаған да осы кісі. Сал мен серінің сипаты Қорқыт дәуірінде оғыз-қыпшақ арасында өте күшті болған. Қыпшақ даласына серілік пен сал өнерін таратуда Жошы ханның үлкен орны болған. Ол өзі керемет өнер иесі екен. Қасына әнші, күйші, сал-серілерді ертіп, халыққа өнер көрсетіп қуаныш сыйлаған. Ел басқарушылары олардың еңбегін бағалап, сый-сияпат жасап отырған. Балқаш төңірегіндегі Құлан-Ойнақ даласына аң аулауға келгенде, Жошыға әкесі қыпшақ елінің «сыйы» деп он мың боз ат, он мың қара ат тарту еткен (Рашидеддин). Жошы жас кезінен аң аулауды, саят құруды, сауық қою өнерін ерекше сүйген. Жошының аңда жүріп, көп шыққан жері – Ортаудың сұңқар ұя салатын бір биік басы. Осы жерді ерекше қадірлеген. Сұңқардың да ең тәуірін осы арадан ұстаған. Ол биік шыңды қазақтар кейінге дейін өнердің бір киесі ретінде құрметтеген. Оның таңғажайып әфсаналары XIX ғасырдың аяғында «Дала уәлаяты» газетінің үш нөміріне басылған (Дала уәлаяты, 1897. №13,14,18). Сол шыңның етегінде жыл сайын ел жайлауға көшерде өнер сайысы өткен. Ең соңғы мұндай шара Бақмағанбет пен Сейфолланың арасында болған. Сейфолла – Сәкеннің әкесі, Бақмағанбеттің баласы Сарыбас – Сәкеннің құрдасы – Қазақ радиосының алтын қорына жаздырған күйлері сақталған. Көріп отырсыздар, Сәкен өскен орта – өнердің тұнып тұрған жері болған. Сәкен туардан жиырма шақты жыл бұрын өмірден өткен Өтебай сал – ел арасында аты аңызға айналған өнерпаз. Көптеген әдеби шығармаларда ол кісінің ерекше киінгенін ғана айтады. Қорыспайдың асы туралы жазғанда, басына 17 мың жылқы біткен Сапақтың қызының сәукелесінен қымбат сәукеле кигенін, өзінің түрін көріп отыру үшін кісі бойындай айнаны өзімен ала жүргені ғана айтылады.

Тәттімбеттің де, Ықыластың да ата-бабалары музыканы мұра еткен адамдар. Жанақ – шәкірттерінің шеберліктерін шыңдап, биік сатыға көтеруші. Тарихи заманнан келе жатқан атақты күйлерді дарынды шәкірттері арқылы болашаққа бағыттаушы. «Азамат», «Бозайғыр», Саймақтың «Сарыөзені», «Алшағыр», «Ақсақ құлан», «Ноғай-қазақ», «Жез киік», «Қалмақ қашқан» күйлері осындай ерекше өнерпаздар арқылы бізге жеткен.

Жоғарыда айтылғандарды тұжырымдай келіп, Өтебай да шәкірт тәрбиелеген өнерпаз екенін білеміз. Жоғарыда айтылған Бақмағанбет, Сейфоллалар оның шәкірті, болмаса шәкіртінің шәкірті. Сәкен өскен ауылда кешкілікте ауыл іргесіндегі төбенің басына жиналғанда үлкендер домбырасын ала баратын болған. Жастар тыңдаушы, кейде оларды да тыңдайтын болған. Қымызмұрындық, сіргежияр тәрізді салттар үлкен өнер сайысына ұласқан. Осындай ортада өскен Сәкен домбыра тартуға әуестенген. Алғашқы домбыра тартуды әкесінің інісі Тақауиядан үйренген. Ол інісіне халық әндерін, ауыл ішінде айтылып жүретін күлдіргі, ойнақы әндерді үйретеді. Тіпті, Нілдіге оқуға кеткенде артынан домбыра әкеліп берген. Сәкен мұнда орыс-татар музыкасымен танысады.

1970 жылы аупарткомда нұсқаушы едім, аупарткомның хатшысы Әбілғазы Күленов кабинетіне шақырып:

«Мына бір арызды екеуміз тексереміз» деді. Ертеңіне Ақтау кеңшарына келдік. Бастығым мені кеңседегі шаруаны бітіруге қалдырып, сырттағы елмен сөйлесетін, айтылғандарды нақтылайтын мәселелерді өзіне алып жүріп кетті. Жұмыс аяқталар кезде келіп Әбекең: «бүгін осында қонатын болдық, жақсы әңгіме тыңдаймыз, Иса ақсақал кездесіп, үйіне шақырды», – деді. Ол – Сейфуллиннің жақын інісі Иса Үрістембеков. Кезінде Сәкен Орынборға апарып оқытқан Исаңыз осы. Кейін Петропавл қаласында жұмыс істеп жүріп, «атақты» 58-бен айыпталып, 10 жылды өтеп келген, ұлғайған адам. Әбекең (Әбілғазы) тілге шешен, білетіні көп адам, ақсақалды (Иса) Сәкен туралы әңгімеге жетеледі.

– Мен сендерге Сапалайдың әңгімесін айтайын – деді ол. Сәкен түрмеден қашып, мың шақырым жаяу жүріп, талай қорлық көріп, ауылына келген. Әулиеатада советтердің жеңіске жеткенін естіп, соған баратын аттан қиналады. Малы бар ағайындары ат бермейді. Ақыры, арық та болса әкесінің атымен кетеді. Жолда көп бейнет көргенмен, Әулиеата уездік исполкомының басшысы Қабылбек Сармолдаұлы жақсы қарсы алып, күтіп, үгіт-насихат жүргізуге құқық беретін мандат беріп, жолға қаражаттан қарайласып, жолбасшыға Сапалайды, тағы екі милиция береді. Сапалай – суырыпсалма ақын, жыршы, ел аралап бармаған жері жоқ, жолға жетік адам. Жолға шықпақ болып атқа келсе, ат ақсап тұрады. Сәкен қысылып ат іздемекші болады. Далада Сапалай Қабылбекке кездеседі. Ол неге кетпегенін сұрайды. Аттың жайын естіп, Сәкенге ақбоз ат береді. Ақбоз ат тақымына толымды, қаралдысы да (көрінісі) көңілге қонымды Сәкенге әбден ұнайды.

Сапалайдың айтуы бойынша, «Арқаға асатын жол – үшеу. Біріншісі, Жуантөбе арқылы Сарысуды қиып алу, бұл жолда қазір бұрынғы байдың ұрылары топтасып, банда боп, өткен-кеткенге қауіп төндіріп тұр. Екінші жол – Бетпақты тіке кесіп өтетін жол. Бұл кезде онымен ешкім жүрмейді, қар да түскен жоқ, ат суаратын да су табылмайды. Үшінші жол – алыстау, бірақ елсіз дала емес, Шуды өрлей жүріп, Балқашты жағалап, Мойынтыны өрлеп барып, Ақтаудан шығады. Ақылдаса келе, үшінші жолды таңдайды. Талай күн жүргенде, өсімдігі жұтаң, тырбиған көкбек, бозқараған, баялыш, соры шыққан сазды кешіп өтеді. Ашқылтым иіс көкіректі қауып отырады. Осындай ыңғайсыздақтан ығыр боп келе жатқанда қүн кешкіріп қалған кезде Ақтаудың шетіне кеп іліктік. Күз болғанмен жылы боп тұрды. Тау ішінің шөбі қурамаған, ағаштардың да жапырақтары түсе қоймаған кешкі самалмен жанға рахат саумал иіс тынысыңды ашып көкіректі керіп дем алуға мүмкіндік беруде. Тау ішіне кіргеннен бері ақбоз ат алшаң басып, көсіле аяңдап келеді. Менің атымның аздаған жолжорғасы бар еді, онысынан жаңылып бүлкілдеп желіп кетті. Сәкен де ыңылдап көңілді ән салып қояды. Сәкен: «Біздің оң жағымызда Ортау қалып барады, онда біздің қыстауымыз бар. Ел әлі қыстауға келе қоймайды, осы кезде Ақшиге келген болар», – деді. Мен: «Бүгін Манақаға жетіп тоқтасақ дұрыс болар еді», – дедім.

Бұдан әрі әңгімелесе қоймадық. Сәкен сол әуенді қайталап келеді. Анда-санда бірлі-жарым иірімін өзгертіп, әйтеуір қайталаумен келеді. Түн ортасы ауғанда Манақа өзеніне келдік. Аттарды бекітіп отқа қойып, ерді жастап, тоқымды төсеп жатып қалдық. Мұндайда Сәкен әрқашан ерте оянады. Бүгін де солай. Беті-қолын жуып, менің домбырамды алып, мені домбыраның үнімен оятты. Тыңдап жатып қайырмасын аяқтай бергенде «Ақбозат» дедім. Жоқ, деді Сәкен: «Ақбозат тау ішіне келгенде ерекше жүріс шығарды, сондықтан бұл «Тау ішінде». Сөзін де жазып қойған екен, бір-екі рет қосылып айтып, қоржыннан жүрек жалғап, әрі қарай жүріп кеттік.

Милицияларды Шудан өткен жерде қайтарғанбыз» – деп Сапалай әңгімесін аяқтады.

Әбекең әңгімешіге: «Сәкеннің әнінің ішіндегі бір әдемісі «Біздің жақта» ғой, ол туралы естігендеріңіз бар ма?», – деді.

Исекең: «Негізі, Сәкен ашылып әңгіме айта бермейді. Сапалай әңгімені әдемілеп, өлеңмен көмкеріп, қызықты етіп айтып отырады. Арасында Сәкен де қосылып қояды. Сәкеннің Мәскеуге келген бір сапарында жас ақын, жазушылар кездесуі ұйымдастырылады. Кездесуде Сәкенге сөз береді. Өз сөзінде ол қазақты, қазақ жерін, елін жеріне жеткізе айтып таныстырады.

Мәскеудің жас қаламгерлерінің қамқоры Екатерина Пешкова екен. Ол кісі осында қатысып отыр екен, кездесу аяқталған кезде: «Сакен, твое выступление как песня, с удовольствием слушала» – депті. Үлкен кісінің сөзінен қанаттанған Сәкен «Біздің жақта» әнін аяқтапты. Бұрын да осы әнді жазуға бірнеше оқталған екен, сөзі де өзіне ұнамай, әні де орнықпай жүрген екен. Ақырында бұл Мәскеуде туған ән болыпты», – деді.

«1921 жылы С.Сейфуллинің «Тоқа», «Абылайдың атты әскерінің шеруі» күйлерінің тек жоғарғы шегін ғана жаза алғанмын. Ол кезде европалық тәрбиеде қалыптасқан маған мына күйлерді жазу өте күрделі болды. Кейін фортопиано арқылы ғана оны дұрыстап жаза алдым», – деп жазыпты атақты композитор А.Затаевич. Ол 112-сілтемесінде «Тока-название одного из казахских родов, живущих в Акмолинском уезде (к тому же роду принадлежит и сообщивший этот номер С.Сейфуллин)», – деген А.Затаевичтің сөзіне қарамастан, осы күйді Сары Тоқаныкі деп жүргендер бар…

Сәкеннің А.Затаевичке жаздырған әндерін тұтастай оның өз творчествосы деу шындыққа сәйкес келмейді. Мысалға, «Шашсипар» (болашақ күйеу бала танысуға келгенде қыздың жеңгелеріне сыйлық беріп, қалыңдықтың шашынан сипауға рұқсат ететін салт. Бұл кезде ән салып, жастар ортаға алып тұрады), бұл – халық әні. Павлодарда «Келіншек», Ақтөбеде «Танбай», Маңғыстауда «Бір Қылшық» деп төрт түрлі нұсқасын Қазақстанның әр жерінен жазған. «Әупілдек» те сондай. Бұл ретте, Сәкенді халық музыкасының білгірі әрі қамқоршысы деген жөн болар.

Сәкеннің әндері мен күйлері арнайы музыка мамандарының зерттеуін талап етеді. Әзірге, бұл мәселе тек әуесқойлардың еншісінде ғана жүр.

 Әліп СМАҚ.

Басқа материалдар

Back to top button