Сәкен және Алаш арыстары

125 жылдық мерейлі тойы қарсаңындағы сөз басын Сәкеннің қазақ әдебиеті мен мәдениетіне, қазақтың ұлттық тарихына сіңірген еңбегін әңгімелейтін дәстүрден ауытқып, соңғы кездері Сәкенге таңылып жүрген оңды-солды «айыптардан» бастауды жөн санап отырмыз. Бұл жерде көпшіліктің көкейіндегі сұрақтар атышулы «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесімен байланысты болғандықтан, біздің де баяндамамыздың негізгі нысанасы – Сәкен мен Алаш азаматтарының қарым-қатынасы төңірегінде болмақ.

Жиырмасыншы ғасырдың басында мақтанарлық, мақтарлық, оқыған, тоқыған, ұлт мүддесі дегенде ішер асын жерге қояр қазақ жастары, оның ішінде, нағыз интеллигенттері аз емес еді. Оның ішінде, «Алаш азаматтары» аталып жүрген шоғырдың орны бөлек. Ал, Сәкенге келетін болсақ, ілім-білім болсын, тарихи таным деңгейінен болсын, тіпті, ұлтқа сіңірген еңбегі болсын, тұстастарынан кейде тұстас, кейде оқ бойы озық болғанын өмір өзі дәлелдеп отыр. Өкініштісі, Алаш азаматтары ақталған тұстан бастап, Сәкеннің басына «бұлт үйіргісі» келетіндер пайда болды. Ондайлардың мақсат-мүддесі Сәкеннің төңірегіне жақын жүретіндерге етене таныс болғанмен, жалпы көпшілік «ұзынқұлаққа» иланып, жалпы дүрмекке ілесіп, даурығып жатады. Соңғы кездері жаңаның бәрі жақсы болады деген ойдың белең алғаны сондай, айтылған сөздің ақиқаты қайсы, аңызы қайсы дегенді ажыратып жатпай-ақ, «… деген екендердің» бой көрсетуі жиілей бастады.

Сәкентанудан хабары барлар үшін бұндай аяқасты информациялар құлақ қоярлық жаңалық деп айтуға келмейді. Қалың жұртшылыққа тың дерек болып көрінген «жаңалық» Сәкентанудан хабардар, тек сәкентану емес-ау ХХ ғасырдың басындағы тарихи оқиғалардан толық мағлұматы бар оқырман жоғарыда айтылғандай «деректерге» «кім айтып отыр, неге сүйеніп айтып отыр?» – деген нақты сұрақтарға қанағаттанарлықтай жауап алған жағдайда ғана құлақ қоюы керек.

Сонымен, Сәкен шығармаларының ішінде ғана емес, ХХ ғасырдың басындағы тарихи оқиғалар мен оның төңірегінде болған қазақ зиялыларының қазақ қоғамына сіңірген еңбектері жөнінде мағлұмат алуға болатын бірден-бір еңбек, әрине, «Тар жол, тайғақ кешу». Қазақ әдебиетінің тұңғыш мемуарына алғаш пікір білдірген, пікір болғанда авторын бірінші орынға қойып мақтай жөнелетін тамсанған пікір емес, ой арнасы бір жүйеден табыла бермейтін, көзқарастары қабыса да, табыса да бермейтін кісілердің пікірлерін іздегенімізде тұңғыш пікір, сын-мақала жазған – Нәзір Төреқұлов екен.

Нәзір Төреқұлов «Тар жол, тайғақ кешудің» тек көркемдік жағын сынға алғанымен, эсседегі тарихи фактілерге жоламаған. Шығармадағы тарихи фактіге жоламаудың екі түрлі себебі бар. Біріншісі, шығармадағы тарихи фактілер шындықтан ауытқымағанда, екіншіден, мақала авторы тарихты жете білмеген жағдайда. Нәзірдің тарихи фактіні білмеуі мүмкін емес. Өзі сол саяси қазанда бәрімен бірге біте қайнасып жүрген азамат. Осы тұрғыдан алып қарағанда, мақала авторы шындықтың шылбырын үзуге бата алмаған сияқты

Нәзір Төреқұловтың «Тар жол, тайғақ кешу» туралы бір-екі сөз» дейтін мақаласы 1928 жылдың 28 желтоқсанында шығып, қара аспанды түсіріп жібермегенімен, романэссені даттауды мақсат тұтқаны қалың көпшілікке бірден мәлім болды. Редакция өз тарапынан жазған түсіндірмесінде «Нәзірдің Сәкен кітабынан түк пайда жоқ деуі де қате. Нәзірдің сын жазғандағы беталысы дұрыс емес. Қанша қателері, теріс пікірлері болғанмен де, Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуі» қазақ жұртшылығы, қазақтың саяси тұрмысы жағынан бірінші кітап. Рас, Сәкен кітабы тарих емес. Бірақ, тарих болмағанмен тарих жазушыларға пайдасы бар кітап» деп тапқанына қарамастан, біреудің осы кітапты мақтап, екінші біреулердің заман ағымына қарай, қоғамдық ой-пікірдің эволюциясы негізінде даттап-қаралау процесі алма-кезек жүріп жатты. Ол күні бүгінге дейін толастаған жоқ. Әсіресе, Алаш азаматтары ақталған тұста.

Қазір Сәкен атына айтылатын айыптар – «атам айтты, апам айтты, анау айтыпты-мыс, мынау айтыпты-мыс» деген мағынамен төркіндес сөздер.

Бұдан 20-30 жыл бұрынғы Сәкен тарапына айтылатын сындар мен тағылатын кінәраттардың авторлары – Сәкен ақталғаннан бастап, сол төңіректе таңды атырып, кешті батырмағанмен, анда-санда «түстеніп» кетіп жүргендер. Ол дегеніміз – Сәкен шығармаларын тер төгіп жинамағанмен, редакция алқасында тізімнің төрінде, Сәкен шығармаларына алғысөз, соңғысөз жазуға талпынып, мерейтой қарсаңында белсенділік танытып жүргендер. Солардың көбісі Алаш азаматтары ақталған тұста аяқастынан алаштанушы болып шыға келді.

Аяқастынан дейтін себебіміз, Сәкенді ақталғаннан бастап, мақтағанда қоярға жер таппай, мақтануға сөз таппай, ретті-ретсіз жанасуға бейім тұратындар: «Тар жол, тайғақ кешу» – қисық баяндалған тарих» – деп шыға келді. («Қазақ әдебиеті», №26, 1 шілде, 1994 жыл). Бұл әрине, асығыс айтылған, қате пікір еді. Оны артынан жуып-шаюға тырысып-ақ бақты. Мақала да жазды. Бірақ, «айтылған сөз – атылған оқ» екенін ескере бермейтініміз өкінішті-ақ…

Ал, басы ашық бір шындық – Сәкенді сөзге қалдырған да, ақтап алатын да өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесі. (1927) Себебі, жалпы өмірде болсын, өзінің осы «Тар жол, тайғақ кешу» романында болсын, Сәкен Сейфуллин тарих алдында да, Алаш азаматтары алдында да қарыздар болып қалмаған.

Сәкен жөнінде біліп сөйлейтіндерге де, білмей сөйлейтіндерге де ерекше бір ескертетін жағдай – Сәкен «Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесіндегі тарихи оқиғаларды да, Алаш азаматтарының тізімін де «Қазақ» газетінен алған. Сәкен тарих алдында жауапты шығарма жазып отырғанын бір сәтте естен шығармаған сияқты. Сондықтан да, мерзімді басылымдардан алынған әрбір фактінің айы, күні, жылы, қай газеттен алынғанын міндетті түрде көрсетіп отырған. Бұл Сәкен бойындағы ұқыптылық қасиет пен шыншылдық мінезді білдіреді. Оны замандасы Мұхтар Әуезовтің тілімен айтатын болсақ: «Шыны қайда, өзі қайда – бұдырсыз тақтақ жолдың ақыны Сәкен емес. Оның шындығы қозып, жанып отыратын, буы білініп тұрған барынша шын сезім, шын жүрек шыншылдығы. Сондықтан, мұның жолы – әр адымын санап басқан кісінің жолы емес, ылдиы бар, өрі бар шын өмір жолы, ыстық қанды нағыз ақын жолы» – деген пікірі нақтылай түседі.

Оқырман «Тар жол, тайғақ кешуді» оқып отырғанда Сәкен Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алашорда өкіметі деген атаулардың бәрін араластыра қолданатынын, ара-жігін ажыратып айтпайтынын түсінбеуі мүмкін. Ал, кейде оларды басшыларымен, әсіресе, Әлихан Бөкейханмен бауырластырып жіберетін сәттеріне ренжуі де мүмкін. Бұның себебі, романэсседегі оқиға 1916-1919 жылдар аралығын қамтығанмен, шығарманың жазыла бастауы – жиырмасыншы жылдар. «Қызыл Қазақстан» журналына үзінді болып жарияланған «Тар жол, тайғақ кешу» бас-аяғы жиналып, романэссе деңгейіне жеткен тұста, жоғарыда аталған Алаш қозғалысы, Алаш партиясы, Алашорда автономиясы деген терминдер қолданысқа толық енген кез болатын. Орынборда өткен Жалпықазақ жиындарының ара-жігін ашпай, съезд деп беруі, терминдердің кішігірім ауытқуларға ұшырауы Сәкен тарапынан кеткен дәлсіздіктер болып есептеледі де, ол қазір Алаш азаматтарының пайдасына шешілуде.

Алаш қозғалысына басшы болған Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай сынды ұлы азаматтарды талай қияпатта суреттейтін тұстары да бар.

Сәкеннің Алаш азаматтарымен қарым-қатынасын «Тар жол, тайғақ кешуден», қайсыбір даңғаза әңгімелерден, Сәкеннің Әлиханға көзқарасының роман-эсседе суреттелуіне байланысты дабыраланып жүргенін де жоққа шығаруға болмас. Сондықтан, Сәкен-Әлихан арақатынасын тек пенделік тұрғыдан ғана емес, тарихи жағдайымен салыстырып қарағанда ғана өзінің дұрыс шешімін табады.

Бар өмірін өз халқының болашағы үшін күреске арнаған ірі қайраткер, Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхан тарихымыздан өз орнын алды. Халқын ұлы мақсатқа жеткізудің оңтайлы жолын іздеген қайраткердің еңбегі әрқашанда айрықша құрметтелуге тиіс.

Қазақ халқы азаматтық, теңдік алу үшін орыс еңбекшілерімен одақтаса іс-әрекет жасауға тиіс деген түсінік Сәкенде басым болғаны рас. Бұл жерде біз бір нәрсені естен шығармауымыз керек – ұлт-азаттық күрес тұсында ағаларына алаңдаған, қандай ақыл қайтадан орнатпаққа күш-жігер жұмсап жүр дегенді осы роман-эсседен кездестіреміз. Хандықты өткен кезең деп білу Сәкенге талай ащы сөздер айтқызып тастатады. Әрине, Әлихан Бөкейханның қазақ халқының санасезімін оятуға қосқан үлесі мол. Ұлттық мүддеге жету жолында тактикалық талай қадамдар жасалатындығын диалектика заңы теріске шығармайды. Оны Сәкен де түсінген, ұққан. Қадір-құрметін жайып салуға даяр екенін роман-эссенің алғашқы тарауында-ақ аңғартады. Алайда, Қазан төңкерісінен кейін жасақ ұйымдастырғаны, қанды майданға шыққаны, большевизмге қас болуы төңкерісшіл Сәкенге ұнамағаны былай тұрсын, тіпті, таптық өшпенділікке ұластырып жібергендей көрінетін тұстары да жоқ емес. Егер, «Тар жол, тайғақ кешуде» өңсіз беттер, ащы теңеулер, орынсыз салыстырмалар кездесер болса, ол да екі идеологияның әсері деп білу керек. Ал, енді бір-біріне деген теріс қылықтары онша көріне бермейді.

Тарихтың дауылды кезіндегі қай сәт болмасын, күні бүгінге дейін беймәлім болып келген, тереңде жатқан құпиялардың бірі – Сәкен Сейфуллиннің Алаш азаматтарына деген адамгершілік, азаматтық көзқарастарындағы бүгінгі уақыт талабы күтпеген риясыз тазалығы. Біздің бұл ойымызды шығарманың өн-бойы дәлелдей түседі.

Енді осы кең тынысты тарихи шығарманың дүниеге келу мақсатына міндетті түрде зер салу керек. Себебі, Сәкеннің қыр соңынан қалмай айтылып келе жатқан жала, ол – «Алаш азаматтарын ұстатқан Сәкенміс, Алаш азаматтарының аты-жөнін тізіп, Сталинге хат жолдаған Сәкен-міс» – деген дабысы дардай көрінгенімен, көзге көрсетер, қолға ұстатар нанымды фактісі жоқ ғұмыры қысқа «ожар» ойлар.

С.Сейфуллин шығарманың беташарында былай деген: «Мақсұт – 1916-17-18-19 жылдарындағы тарихи қозғалыстың, ұлы өзгерістің (революцияның) Қазақстандағы өзім көрген, өзім білген осы оқиғаларының баспа жүзінде із қалдыру». Ал, осы жолдарды соңғы басылымдарында «…әйтеуір, із қалдыру болды» деген. Автордың бірінші басылымында болмай, соңғы басылымына кірістірген «әйтеуір, болды» деген сөздер, пайымдар оқырманға шығарманың заман талабымен өзгеріске түскенін меңзеп тұрғандай.

«Мұнда талай кісілердің аттары аталады. Тарихи қозғалыстың өзі көрген, білген оқиғаларын жазған соң, әрине, «кісілердің аттары кірмесе болмайды. Мақсат – біреуді көтеру, біреуді жамандау емес. Зор қозғалыстың, зор өзгерістің әр кезінде әртүрлі пікір, әртүрлі әрекет болған. Ол – тіршіліктің, тарихтың ісі.

Бұл кітапта «Алаш» туралы әңгімелер айтылғанда, сол Алашорда болғандарды айыптамақ ниетімен айтылып отырған жоқ. Тек әңгіме тарихи мағлұмат ретінде ғана баспа жүзіне шықсын деген оймен айтылды» – деген Сәкен. (С.Сейфуллин, «Тар жол, тайғақ кешу», 1927, 3-бет). Бұл жерде Сәкен тарихи шындықты еш өзгеріссіз жазғанын айтып отыр.

Сәкеннің Алаш азаматтарына деген көзқарасын тек «Тар жол, тайғақ кешуден» суыртпақтап алуды ғана мақсат тұтқандықтан, Ахмет Байтұрсынов пен Мағжан Жұмабаевқа тоқтала кету қажет. ХХ ғасырдың басындағы қазақ интеллигенциялары сияқты Сәкен де Ахаңа үлкен құрметпен қараған. Сыйлаған. Құрметтеген. Қадір тұтқан. Өзінің «Тар жол, тайғақ кешуінде» басқа қайраткерлермен Сәкеннің қарым-қатынасы жайында кейде қинала әңгімелеуге тура келсе, Ахаң аты жиі аталғанмен, Сәкеннің ашына да таусыла айтқан ойы жоқ. Қайта әр тұста Ахаң жөніндегі ілтипаты бой көтеріп қалып отырады. Ал, Мағжан мен Сәкен байланысы роман-эсседе тек бірінші жалпы қазақ жиынына делегат сайлау тұсында болмаса, көрінбейді. Мағжанды Сәкен өз шығармасында көрсетпегендіктен емес, Мағжан – қазақ поэзиясында классик ақын болғанмен, саясатта «классик» деңгейіне көтеріле алмаған азамат. Қазақтың бағына ол өте дұрыс та болған сияқты.

ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары бір-біріне пікір білдіруде көкейге түйгенін айтудан еш жасқанбаған. «Үш жүз» партиясы мен Алаш азаматтарының арасындағы бір-біріне деген көзқарас, қарым-қатынас кереметтей жақсы болмағаны тарихтан белгілі. Әсіресе, «Үш жүздегілердің» Алаш азаматтарын «орыстан қатын алған», «балдары орыс», «дін бұзған», «сары орыстың бәрі орыс» деп сөгіп жатқанда Сәкен Сейфуллин ақиқатын айтып, шындықтың шырайын шығарып, әділ төрелігін танытқан. Сәкен Сейфуллин «Үш жүздің» «Бөкейханды және кейбір Алаш көсемдерін мінегенде «орыстан қатын алған», «балдары орыс», «дін бұзған» дегендері үлкен шатасқандық. Өз жолын өзі анық білмегендік. Әрине, ол уақытта бәріміз де сара жолды қолмен сипалап жүрген кезіміз еді. Бірақ, сонда да әлгіндей сөздер тым оғаш шыққан қате. Бізді сырттан билеп, партиясына жазып алған Шәймерденге мұны айтып, мен хат жаздым. Және бұл партияның беті мен әдісі олай болатын болса, біз қосыла алмайтынымызды айттым. Менің хатыма жауап болған жоқ. «Үш жүз» бастықтары Алаш көкжалдарын керексіз сөздерді айтып, қазақша боқтай берді» – деп жазған (С.Сейфуллин, «Тар жол, тайғақ кешу», 1927, 104-бет). Бұл жерде әділ төрелігін айтуда Сәкен Сейфуллиннің шыншыл мінезі ақиқатты айтуда тағы бір азаматтық позициясын көрсетіп тұр. Қай заманда да, дәуірдің қай кезеңі болмасын, екінің бірінен кездесе бермейтін адамгершілікті айқындайтын азаматтық қасиет сақталғанда ғана өзінің ұлылығын дәлелдері хақ. Жайшылықта ой-өзегі бір арнаға құйылатын көзқарастардан жүйесін тапқандай сөздерді көптеп кездестіруге болар, ал бағыттары бөлек зиялыларға өмірдің қатал да қытымыр тұстарында Сәкеннің аталы сөз айтып, тоқтам жасауын азаматтық ерекшелік демеске шараңыз бар ма?!

Күні кешеге дейін қарғыстай көрінген «ұлтшыл», «байшыл», «бай ниетті ұлдар» деген сөздердің, кейбір артық-ауыс ой-тұжырымдардың Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешу» романының 1927 жылғы ең алғашқы басылымында болмай, соңғы басылымдарында болу себебі әдебиетшілер, тарихшыларға белгілі болғанымен, оқырман қауымның көпшілігіне белгісіз-ау деп ойлаймыз. 1932 жылы Сталиннің хатына байланысты ВКП(б) Қазақстан өлкелік коми тетінің мәдениет және насихат бөлімдері мен Қазақстан марксизм-ленинизм институты «О задачах борьбы на теоретическом фронте в Казахстане в связи с письмом тов. Сталина» деген шешім қабылдап, оны осы 1932 жылдың қаңтарындағы «Большевик Казахстана» журналының бірінші санында жариялады. Онда: «Буржуазные, мелкобуржуазные теории оказывают и на некоторых работников членов партии. Отдельные коммунисты в своих работах часто повторяют те же буржуазные теории. Так, тов. Рыскулов в своей книжке «Киргизстан» повторяет вслед за алашординцами и колонизаторами легенду о добровольном переходе в подданство царизму угнетенных масс Средней Азии. Тов. Сейфуллин в своем художественном творчестве воспевает старую феодально-родовую культуру («Кокчетав»).

Тов.Тогжанов в своих работах по казахской литературе допускает грубые ошибки, скатываясь на немарксисткие позиции Плеханова в литературоведении» («Большевики Казахстана», №1 , 1932,87-бет) делінген.

Міне, осыдан кейін Сәкен Сейфуллин «Тар жол,тайғақ кешудің» бірінші басылымын (1927) қайта қарап, жөндеп редакциялаған. Кейінгі 1960, 1977, 1988 жылдардағы үшінші, төртінші, бесінші басылымы 1936 жылғы екінші басылымының негізінде шыққан, оған да қол тиген жерлері бар.

Ой деген жүйрік қой, оқырман тарапынан бағыттары бөлек зиялылардың өмірдің сол бір сәтті-сәтсіз сәттерінде бір-біріне «сен» деспейақ кеткені ме деушілер де табылар. Ондайларға да, үмітпен қарайтындарға да айтарымыз әділетсіздікті, озбырлықты тап тартысынан деп түсінген Сәкен Сейфуллиннің кітабында «Алаштың тіреулері – жуандар, қазіреттер» немесе «Алаштың құйыршықтары» деген секілді сөздер бірлі-жарым кездеседі, не болмаса, Алаш азаматтары тарапынан большевиктерге бағытталып айтылған «немістің ақшасына сатылған шпиондар», «өңкей оңай олжа табудың ниетіндегі қулар», не болмаса, Міржақып Дулатовтың еңбегінен «бас-аяғың онға толмайтын оңбағандар, санасыздар» деген тәрізді сөздерді кездестіріп қаласыз. Ал, түптеп келгенде, «Тар жол, тайғақ кешу» романының 1927 жылғы бірінші басылымы «өңдеуді», қысқартуды тіпті де қажет етпейді. Оған негіз – романның соңғы басылымдарында Сәкен тарапынан айтылатын артық-ауыз сөздердің бірінші (1927) басылымында болмауы.

1918 жылдың қаңтар айында Орынборды большевиктер алып, Бөкейханұлы, Байтұрсынұлы, Дулатұлы, Омарұлдарының Семейге қашып кеткен кезін, не болмаса, 1913 жылдан жер-жердегі газеттерге басшылық еткен «Қазақ» газетінің иесіз қалғандай күйге түсіп, Әбілхамит Жүндібайұлының басқарған тұсында да Сәкен Сейфуллин Алаш азаматтарының атын атап, намыстарына тиерліктей сөз айтпауы да пайымдар кісіге ой саларлық жай.

Ал, Мағжан Жұмабаев жөнінде шамданарлық жәйттер тіпті жоқ.

Өмірдің «талай тар жол, тайғақ кешулерінде» Сәкен Сейфуллин Алаш азаматтарының ешқайсысын да жамандыққа қиған емес. Ешқайсысының сотына қатынасқан жоқ. Сәкен ұсталған Алаш арыстарының бірде-біреуіне беттестірілуге шақырылмаған.

Сәкен егер жазатайым ғайыптан тайып пенделік жасап, ұсталуына себепші болса, 30 жылдан бері алаштанушылардың бірінің болмаса да, әйтеуір, біреуінің көзі түсер еді ғой. Ол кезде жалаулатып, кез келгені жарияға жар салуға дайын отыр. Бұл – басы ашық шындық. Сондықтан да, Сәкен атына айтылып қалатын желдей ескен жеңіл сөздердің бел ортасында өздерін «алаштанушымын» деп жүргендердің төбе көрсетіп қалатыны өкінішті…

Қаншама жантүршігерлік азапты басынан өткерсе де, Сәкен еш уақытта ешкімді ашық та, бұғып та көрсетпеген. Өмірін халқына қызмет етуге арнаған ақынның адамгершілік, азаматтық асыл қасиетін, оның роман-эссесінің тарихи тамырын жете түсініп, үйреніп, өнеге тұту – бүгінгі ұрпақ үшін парыз!

 

Күләш АХМЕТ,
Әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы