Бас тақырыпЖаңаарқа

Сәкен залы жаңғыртылды

Ауданның 90 жылдығы мен сұңқар Сәкеннің 125 жылдығы қарсаңында С.Сейфуллин атындағы аудандық тарихи-өлкетану мұражайындағы ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған зал жаңғыртылып, келушілерге есігін айқара ашты.

Жиналған жұртшылықты аудан әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев пен облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрмағанбетов құттықтады. Ауданның мәдени өміріндегі елеулі оқиғаның мәні мен маңызына тоқталған Қанат Шубайұлы: «Келешекке үлгі боларлық үлкен істің куәсі болып отырмыз» деп атап көрсетсе, Ержан Нұрланұлы: «Музейдің экспозициялық залдарды заманауи талаптарға сай жаңғыртылған» деп, атқарылған іске ризашылығын білдірді. Ауданның Сәкен ауылында тұратын ақиық ақынның немере інісі Сағат Тақауиев ауылдастарына алғыс айтты.

«Сәкен – мемлекеттік тұлға» тақырыбында баяндама жасаған облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі мемлекеттік архив басшысы, ғалым, зерттеуші Темірғали Аршабеков музейге Сәкен Сейфуллин туралы Омбы қаласындағы архивтен табылған тың деректерді тапсырды. «Сәкеннің кіндік қаны тамған жер» тақырыбында көшелі әңгіме қозғаған өлкетанушы, педагог Мұса Тайтөлеуов мұражайдың рөлі мен ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесіне айрықша тоқталды.

Мұражай директоры Күлғайша Жангелдина мен қызметкері Ерболат Шубаев қайта өңдеуден өткен көрме залдарымен таныстырып, қордағы құнды құжаттардың тарихынан сыр шертті. Облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері Ерқанат Көшенов Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» және «Ақсақ киік» әндерін шырқады.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button