Сәкен бұлағы

«Жақсыға талас көп» дейді емес пе?! Сәкен «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарында Ақмолада ұсталып, одан Анненковтың азап вагонында қалай азап шеккенін, Омбы түрмесінен қашып, Алтай өлкесі арқылы Кереку, Баян жеріне, одан біздің қотыр Қызылтауға ат басын тіреп есін жинаған халін егжей-текжейлі жазады. Осы сапарын былайша суреттейді:

Теңдігі үшін нашардың

Жауызға көнбей туладың.

Залымдардың жасаған

Аранына уладың.

Қараңғы, суық зынданды,

Жатақ қылды тәніміз.

Қылыштың жүзі, мылтықтың

Аузында болды жанымыз.

…Қол-аяқта көк шынжыр,

Жыланша жалап жаралап.

Жауыздардың тозағын,

Көрдік қорлық, азабын.

Өлеңмен өрілген қиын да қияметі Сәкеннің сағын сындырмады. Омбыдан Славгород, одан Керекуге жаяу, Баянауыл, Сарыадырға дейін өзінің жазуы бойынша 844 шақырым жаяу жүріп қазіргі қотыр Қызылтауға Балабай ауылына кідірген, ес жинаған. Бұл – 1919 жылдың көктемі. Кітапта ол былайша келтіреді.

«Міне, қораның шетінде жібек көктің үстіне текемет салып, Балабайдың қызы қотандағы малды күзетіп отыр. Иығында шапан, қасында өзінің шешен домбырасы. Сәулім домбырасына «Зұлқияның» әнін салады. «Зұлқия» әнін салады. «Зұлқия» – Ақмоладан шыққан белгілі ән еді. Зұлқия есімді бір бақытсыз әйелдің зары еді…»

Осы жерде Т.Кәкішевтың «Сәкен сүйген сұлулар» деген кітабындағы деректер ойға түседі. Оның біріншісі: «Біздің ол қыздың, – дейді Бибіжамал өзінен үлкен, сексенді еңсеріп тастаған Сәулімді әңгімелегенде, – тарихы бір басына жетерлік. Сәкен Сарыадырға келіп тыныққан бір айдың ішінде Сәуліммен сөз байласып үлгерген екен. Өзі сүйкімді, әдемі, өңді қызға Сәкен шындап-ақ құмартса керек. Бой жетіп, оңы мен солын танып қалған Сәулім Сәкеннің азаматтығына, ажарына қарап бел байлапты. Сәкеннің нағашысы Мұқай жездем жастардың ойын Балабайға жеткізгенде «қайдағы бір қаңғырып жүрген біреуге қызымды қор қыла алмаймын! Аман-сауында елін тапсын!» деген соң Сәулім мен Сәкеннің жасаған жоспары тасталқан болып, тезірек аттанып кетуге себепші болыпты. Құса жұтып, Сәулім ауылда қала беріпті».

Екінші дерек:

Балсары мен Бибіжамал екеуімен оңаша әңгімелескенде керемет қызық жайға тап болдым. Сәкеннің «Біздің жақта» әнін шығару сырын анықтайтын арна таптым. Өзіміз куә болған Сәкен мемуарының кейіпкерлерімен сәкентанушылар арасындағы бір отырыста атақты ақын-композитордың «Біздің жақта» мен «Тау ішінде» әні осы Қызылтау-Сырдарияда тұр дегенді айтқан едік. Оны Тұрсынбек аға растағанын тілге тиек еттік. Олар – бұл даулы мәселе оны кейінгі зерттеушілер шаруасы қыламыз деген сыңайға жатқызады.

Осы жерде «Тау ішінде» әні туралы тағы бір тың деректі келтіргім келеді. 1970 жылдары әнші Ләззат Сүйіндікова Семізбұғы ауылына концерттік сапармен келеді. Сонда Сәкеннің «Тау ішіндесін» орындап, бұл әннің осы жерде туғанын құлағдар етеді. Бұл мәліметті бізге Семізбұғы ауылының тумасы, ұзақ жылдар аудан мәдениетін басқарған Мүгілсім Шибаева апамыз жеткізді.

Сәкеннің қызбен оңаша отыруы, оның әніне елтуі, ат мініп, көңіліне шабыт құйылуына, әрине, ән тууына ерекше әсер берері хақ қой.

Тіпті, апамыздың осынау әндерді сол Сәулімге (шын аты Жіпсира) арнады дегенді талай құлақ шалған. Ол біздің ауылда болды соңғы кезінде. Құрдасыммен ол кісіні көріп, сәлемдесуге талай құлық танытып, алыстан орағытып жүргеніміз де есте. Мұны бүгінде Ақжар, Алғабас ауылының кәріқұлақ адамдары құптаған.

Жаңағы біз келтірген Сәкен қойған көп нүктенің ішінде талай құпия кетті-ау деп топшылаймын. Ендігі осы жазбамызға себеп болған оқиғаға бұрылайын. Семізбұғы тауы – кезінде Кеңес уағында дүркіреп тұрған кеніш болған. Мұнда корунд деген алмас орнына жүретін аса сирек металл өндірілген. 1927 жылдан 1970 жылдардың ортасына дейін істеген. Мұндағы мектеп-интернатта жан-жақтағы елдің балалары оқып, білім алған. Талай ақын, ғалым танылған тұлғалар жетерлік. Мұнда осы жердің тумасы Рамазан аға Шәменұлы баяндады. Теңіз деңгейінен 1049 метр биікте көрсеткен тау көңіліңе желік пен көрік сыйлары хақ.

Алайда, кітапта Сәкен ұрыларды қуып, Семізбұғы тауына қарай лықсыттық деп бір-екі жерінде келтіреді. Көп сыр мана айтқан көп нүктеде қалып қойды-ау деп өкінесің.

Таудың шығыс бөлігінде екі көл орналасқан, бірін – Семізбұғы (яки Сәкен көлі), бірін Шалқар көлі дейді. Теріскейде Қандыкөл, тай шаптырым жердегі Далбаның етегінде Бұқар баба кесенесі. Бұл тауға алыстан қарасаң, бүк түсіп жатқан бұғыға да ұқсайтындай. Кезінде жаһанды кезген Асан қайғы «аты» жоққа ат, асы жоққа ас болатын тау екенсің. Аңның да, малдың да семіз, ұрпақтың несібесі өзіңде болар деген екен.

Өңірімізге белгілі ақын Ақан Құмай екеуіміз бұл тау, ел жөнінде ән кестелемек болған сапарымыз еді.

Рамазан аға әңгімеге де, өнегеге де қандырды. Жеңгеміз Зекен екеуі айтқан сырлы лебіздер бөлек бір тақырыпқа жүк болғандай. Ауыл әкімі, баласы Ерланның көрсеткен ілтипатының көрінісі – Сәкен бұлағына табан тигізуіміз еді. Міне, Сәкен бұлағының басында тұрмыз. Таудың ығында орналасқан жанжағын ағаш, тал-терек, қайың көмкерген самал желмен тербеліп, бұлақ сылдырымен үндесіп, белгісіз әуен сырын төгетіндей. Қарсы беткейдегі бұлақ тоғаны, Қызылағаш, Жамбас бұлақ көкірекке әсем әуез бен сырлы саз құяды. Алайда, дәл сол уақыттағы сезім сонау жүз жыл бұрын Сәкен сері болған сезіммен үндесе ме, әй, қайдам?! Әгарәкім үндессе керемет бір дүние тумақ-ау деп қамшылайсың өзіңді.

Жып-жылы рух пен салқын да жарқын сая сыйлайды. Көкірегіңе ерекше лепті әлдебір тылсым күш періште боп үрлегендей. Ол біз білмейтін өзгеше әлемнің құпия жұмбағы ма, әлде?

Сіз оны сезінбейсіз, оны әлдебір тылсым себезгілеп, жылы жауын тамшысындай денеңе нәр, жаныңа жалын үрлейді-ау. Жоқ, бұл қиял емес, шынайы гәп.

Сәнді Сәкен, сазды Сәкен оны сезбеді дейсіз бе, көкірек көзімен көрмеді дейсіз бе?! Әлбетте, сезді, көрді, білді. Жаны алаулап, рухты да сұлу сазды әуенге салды. Ол ғарыш пен ғаламның әні еді.

Шынында, Сәкен Сейфуллин сынды дарабоз осында тура бір жыл табан тірепті. Әлбетте, Сәкенге ән салдырған жаңағы бұлақ басындағы жас арумен отырған сәті болар, бәлкім. Бәрін бір Жаратқан білер. Дегенмен, менің пайымымша ол ән дәл осы жерде тууы мүмкін…

Алақанымызды жайып мұздай бұлақтың тәтті сусынан сімірдік ырымдап.

Рамазан ағаның шаңырағынан татқан дәміміз бен Сәкен бұлағының суы бойымызға қуат беріп, үлкен жүк арқалап туған ошаққа қайтып келеміз.

Тілегіміз, Сәкен сынды сырбаз қазақтың жүрген жолын, табаны тиген топырақты келешек ұрпақ бізден аса қастерлесе, қасиет тұтса екен. Лайым, солай болғай.

Қалиасқар ШЫНЫБЕКТЕГІ.