Басты тақырыпТарих

Сөйтсе де Оспан батыр КЕРЕЙ болады

     2009 және 2016 жылдың күзінде «Орталық Қазақстан» газетінде Монғолиядан келген, Ақадыр кентінде тұратын, арғын ішіндегі Тоқа молқы ағайындардың айтуымен жазылған «Оспан батыр тоқа молқы болады» деген мағынада мақалалар басылды. Осы мәселеге байланысты мен барлық жұмыстарымды жиып қойып, біраз зерттеу жүргіздім. Абай атамыз­дың сөзін лайықтап айтсақ тарихқа «…әркімнің-ақ бар таласы», сондықтан шындық үшін, тарихтың келесі ұрпаққа бұрмаланбай жетуі үшін Оспан батырдың шыққан тегі бойынша өз пікірімді мен де білдіруді жөн көрдім.

Қолдан тарих жасау әлмисақтан белгілі жағдай. Қытай императорлары өзінен бұрынғы династиялардың тарихын қайталап өзіне ыңғайлап жазғызғаны, сол сияқты орыс патшаларының да жылнамаларды жинаттырып алып түзеттіріп, қайта жазғызып отырғаны тарихи шындық. Осы үрдіс бұл күнде де белең алып тұр, мәселен орыс ғалымдары болашақтағы келер ұрпақтың санасына сіңіру үшін белсенді түрде кітаптар шығарып, интернетті қисынсыз мақалалармен толтырып жатыр және анау-мынау жазармандар емес, іштерінде физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ғылым академиясының академигі Анатолий Тимофеевич Фоменко сияқты белгілі ғалымдар бар. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспасы көп уақыттан бері осы кісінің және жақтастарының «тарихи» кітаптарын басып шығарып келеді. Кітаптары көпшілік жұрттың қолына түсе бермейтін болғандықтан, «Комсомольская правда» сияқты газет беттеріне де «тарихи шындық» пікірлерімен шыққан кездері болды. Осы кезде интернетте де белсенділік танытуда. Академиктің толық атын ютубқа жазып іздеу салсаңыздар, тыңдап, көріп қарық боласыздар. Бұл кісінің пікірін, ұлы орыс шовинизмі ауруына шалдыққан орыстың ғалымдары белсенді түрде қолдайды және дәріптейді.

Тек, Ресейдің кәсіби тарихшылары мен филолог ғалымдары айтқандарын мойындамай келеді.

Ютубтан «Что прикрыли Татаро-Монгольским игом», «Не китайская Китайская стена», «Вся правда о великой китайской стене» деп жазып, іздеу салсаңыздар өте көп бейнемақалалар шығады. Айтатындары Русьта Татар-Монғол басқыншылығы болмаған екен, ұзындығы 6400 шақырым, биіктігі 7 метр, ені 3 метрлік «Ұлы қытай қорғанын» қытайлар емес, славян нәсілді ұлттар салған көрінеді. Орта ғасырда және одан бұрын дүние жүзінің барлық елдерінде славян тілін жұрт түсінетін болған екен, т.с.с тұжырымдар тықпаланады. Бірақ, Колумбтың кемелері Үндістанды іздеп, Америка құрлығына келіп тірелгенде, кемелерден түскендердің, алдарынан шыққан жергілікті халықтың өкілдеріне Үндістанға келген екенбіз деп, славян тілінде емес, түрік тілінде тіл қатқаны және оны түсінбегенде «мыналар түрік тілін тү­сінбеді ғой» деп таң қалғандары тарихтан белгілі.

Енді тақырыбымызға оралайық. Менің туып өскен жерім бұрынғы Семей облысының Ақсуат өңірі, Тарбағатай тауының теріскей бөктері. Тарбағатай тауын «Жеті кезең» немесе «Көтел асулары» деген, басқаша да атауы бар, асулардан асып өткенде, таудың түстік бетіне, Үржар жаққа шығасыз. Одан ары Мақаншының, Бақтыдағы Қытаймен шекаралық бекетіне қол созым жер.

1932 жылғы ашаршылық кезінде біздің елдің көп жұрты осы жолмен Қытай асқан. Сол жұрттың алғашқы легі, 23 жылдан кейін, 1955 жылы елге қайтып оралды. Осы Найман ағайындар Керей Оспан батыр туралы аңызға бергісіз көп әңгімелер айтып келді, ол кезде мен 9 жаста едім.

Қазаққа қатты қысым көрсетіп, жерін, малын тартып алып, кісісін абақтыға қамап, атып, асып қорлық көрсеткен Қытайдың Гоминдан үкіметімен өткен ғасырдың 30-40 жылдары азаттық үшін соғысқан Алтай керейлерінің ерліктерін тамсана айтқан әңгімелері есімде. 1940 жылдан көтеріліс басшысы болған Оспан батыр шапса қылыш өтпеген, атса оқ дарымаған ертегінің батырлары сияқты екен. Соғысқа ерлерімен бірге әйелдері де, қыздары да қатысып құралайды көзге атқан мергендіктерімен танылыпты. Оспан батырдың 8 «полковнигі» немесе 8 «комиссары» деп аталған 8 қолбасшыларының біреуі, ұзақ жасап Түрік елінде 1986 жылы қайтыс болған Нұрғожай батыр өз естелігінде «қолға түскен оқтың үштен бірін мылтық атуды білмейтіндерге мылтық атып үйретуге жұмсап отырдық» депті (Нұрғожай батырдың естеліктері және Оспан батыр. http://shaqabai.kz/?p=227).

Алтайдың құз жартастарына бекіген елмен қытайлар соғысқа «айырплан қосып», төмендегі жұртқа оқ сеуіп келе жатқанда ұзын қыл арқанды үлкендігі үйдей тасқа байлап, жартастың үстінен бұғалық лақтырып самолетті құлатқан кездері де болыпты. Оспанды қолда ұстап, айтқанына көндіру үшін қытай да, «совет» жағы да сый-сияпат жасап, орден, медаль тапсырайық деп келгенде «мен теңге мен сөлкебай тағатын қыз-қырқын емеспін» деп алмаған екен. Қытайдың қызыл армиясы 1951 жылы Оспанды ұстап, атып тастаған көрінеді. Осы аянышты әңгімелердің бәрінде де Оспан батыр керей болатын.

2009 жылы «Орталық Қазақстан» газетінде басылған Дәулетқали Асауов пен Серғазы Қабылдаұлының «Аспан асты елінде ат ойнатқан Оспан батыр» (http://kerey.kz/?p=5741) мақаласынан кейін ешкім қарсы пікір айтқан жоқ депті Құрметбек бауырымыз. Бұл жұрттың мақаладағы айтылған жәйтті мойындағаны емес деп ойлаймын, «әй, айта береді» деген қазақы бейқамдық.

2016 жылы облыстық газетімізде шыққан «Оспан батыр Тоқа Молқы болады» (http://abai.kz/post/view?id=12400) атты мақалада, Оспан батырдың немере інісімін деп отырған, Құрметбек мынандай шежіре кестесін келтіріпті «Тоқа Молқыдан – Есқұл, Байжігіт, Көкбөрі, Әуезқұл туады. Осы Әуезқұлдан төртеу тарайды – Айтуған, Жантуған, Бөлтек, Таймас. Айтуғаннан – Дәкіл, Қали, Сіләм туады. Қалидан менің атам – Зарқын, Сіләмнан – Оспан тарайды. Зарқыннан менің әкем – Әбілқасым туады. Ал Оспаннан жеті ұл, жеті қыз тарайды». Нақты тұжырым, бірақ 3 аттап Тоқа Молқыдан Сіләм атасына жетіп келеді. Осы жері сенімсіздік туғызады, әйтпесе Құрманбектің Оспан батырдың немере інісі болуына ешқандай қарсылығым жоқ. Бір рудың шежіресінде тұтас бір тармаққа бас болып тұрған атаның арты мұндай селдір болмаса керек.

Ертеректе Тоқаның екі ақсақалының шежіре тарқатып отырғанына куә болып едім. Ол кісілер, пәленше атамыздың тұсында Тоқалар Бұқар мен Самарқанның төңірегін жайлаған деп отырды. Бұл, Арғын Тоқа елі ертеден келе жатқан көне рудың бірі деген сөз және ең бері болғанда «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманынан бұрын болған жәйт. Себебі, бұрын Сарыарқаға жазғы жайлауға ғана шығатын қазақ елі, осы босқыншылықтан кейін ғана қыс қыстап, жаз жайлайтын болған. Сондықтан да, тамыры тереңде жатқан Тоқа Молқының бір атасы Айтуғанға Оспаннан екі аттап жеткізетін шежіре кестесі адам сенгісіз таяз, Оспаннан Айтуғанға дейін ары кетсе 60-70 жыл ғана болып тұр. Мүлдем қисынсыз.

2008 жылы «Қарағанды полиграфиясы» баспасынан «Қарпық және қожа шежіресі» атты кітап шықты, авторлары Ж.Бикенов, Ж.Жәкенов, Т.Исабек. Алдыңғы автор Жарылқасын Бикеновті жақсы танимын, қаламыздың айтулы азаматы. Сол жылы Қарағандыда тұрғаныма 36 жыл болғандықтан, Арғын атамыздың Тоқа ұрпақтарымен араласып жолдас, дос, қызметтес болып жүрдік. Тоқа елінің қан­дай іргелі ел екенін, қазақтың арғы бергі замандарынд­ағы тарихына, өнер-біліміне мол үлес қосқан үлкен ру екенін толық танып білдік. Сондықтан, шежіре кітапты баспадан шығысымен Жәкеңнен сұратып алып едім. Қазір сол кітап стөлімде тұр. Рас, Тоқаның ішінде Молқы атасы, одан тарайтын Айтуған тармағы да бар екені шежіре кітапта көрсетілген.

Ал, енді, Оспан батыр туралы осы уақытқа дейін шыққан, телегей теңіз көп кітаптар мен зерттеулердің бәрінде батыр Абақ керейдің Молқы тармағынан тарайтын Айтуған атасының ұрпағы екені нақты жазылған және толық шежіресі мен жұбайларының аттары, олардан туған ұл-қыздары түгел санамалап аталған. Бұл шежірелерді жазған авторлар, біз сияқты бер жақта отырып әркімнің айтқанынан құрастырып жазушылар емес. Қытай жағында және Монғолияның Қытаймен шекаралас аймақтарында туып өскен, кім туралы жазса да, нені жазса да көзі көрген адамдардың куәлігіне сүйеніп жазған азаматтар.

Мәселен, Қытай жағында туып өскен Баях­мет Жұмабайұлы деген ағайын 2007 жылы Абақ керейдің Молқы руының шежіресін Үрімші қаласында 500 данамен арап әліп-биінде кітап етіп бастырып шығарыпты. Осы кітапты маған, өткен ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында Қазақ университетінің математика-механика факультетінде бірге оқыған, шежіреші досым Найман Мүсәйіп Қыдырханұлы Сыдықов тауып, Оспан батырдың шежіресін Молқыдан бастап тікелей ұрпақтарына дейін төтелей іріктеп қазақ әліп-биіне аударып, жазып жіберіп еді. Сол шежіре былай дейді.

Абақ Керей Молқыдан – Қожанқұл; Қожанқұлдан – Тағанақ; Тағанақтан – Арық, Беген; Арықтан – Машан (батыр), Малғабар, Солпы (Отау); Машаннан – Жанжігіт, Айтуған, Дәулеткелді, Бітей, Байжігіт (Жапақ); Айтуғаннан – Қожакелді, Ордакелді, Қангелді, Қамыс, Бегалы; Бегалыдан – Еділ, Еміл, Құдакелді (Ізекең), Байсал, Төлес; Төлестен – Райымбет, Сәйеке; Райымбеттен – Райыс, Бибай, Іркес, Тіркес, Омарқан, Жұмарқан, Абдықұмар; Райыстан – Ісләм, Тоқажан, Қыдырқан; Ісләмнан – Ос­пан, Дәлелқан; Оспаннан – Зиа, Шердиман, Ниғметолла, Нәби, Рахметолла, Ойдолла, Кәри, Амақ; Шердиманнан – Мұсыратбек, Ақанбек, Самат, Мүбина, Қарбиа; Ақаттан (Ақанбек болар) – Қуаныш; Мұсыратбектен – Мәулетбек, Нәрлен; Ниғметолладан – Әсетбек, Мүнира, Үпат, Үмиа; Әсетбектен – Панар, Қадыр, Кәусар, Қаниа; Нәбиден – Мақан, Мақат, Болат, Нұрлан, Жақаш, Сабир; Мақаннан – Өркенбек, Иманбек, Салтанат, Қымбат; Мақаттан-Миғат, Уғидат, Иақұп, Сәниа; Болаттан – Сәулет, Самал; Нұрланнан – Парасат; Рахметолладан – Шаттық, Есболат; Амақтан – Әсенбек, Әкімбек, Кәкімбек, Кәзімбек, Нәзигүл.

Бұдан басқа, Монғолия қазақтарының белгілі шежірешісі, Шынай Рахметоллаұлының 1997 жылы Өлгий «Баспагер» деген баспадан қазақ әліп-биімен басылып шыққан «Монғолия қазақтарының ата-тек шежіресі» деген кітабы бар. Керейдің құрамындағы руларды таратып келіп, Молқылардың шежіресіне тоқталғанда кітаптың 141-бетінде Молқының ұраны Машан, Батыры И.Оспан, ақыны Ақыт қажы деп санамалап жазып, 142-бетінде Молқыдан бастап таратып, Исламнан – Оспан, Оспаннан – Шердиман, Нығметолла, Нәби, Шердиманнан – Мүсірәт деп қысқа қайырыпты. Бұл жерде негізгі мәселе, Монғолиядан шыққан кітаптың да, Оспанның Керей Молқы екендігін куәландырып тұрғандығы.

Жәди Шәкенұлы деген автордың «Оспан және оның ұрпақтары» деген еңбегі бар екен, сол мақалаға сілтеме жасаған «Оспан батыр» атты мақалада, интернеттегі сілтемесі https://www.tarbie.kz/30173, мынандай мәліметтер беріпті:

«Оспан батыр Ісламұлы (1899-1951 ж.) ұлт азаттағы үшін басын бәйгеге тіккен әйгілі батыр. Оның еңбегі Шығыс Түркістан аталатын Алтай, Іле, Тарбағатайды қамтыған байтақ даланы жат табанынан қорғаумен ғана бейнеленіп қалмастан, солтүстік Қытайдың Алтай өңірінен шетел шапқыншыларынан сақтап қалғанымен де көрінеді.

Оспан ілгерінді – кейінді үш әйел алған адам. Бірінші әйелі – Нұрқызар Жарымбетқызынын үш қыз; алты ұл туған. Ұлдарының аты Зия, Шердиман, Ниғыметолла, Ойдолла, Нәби, Кәри. Қыздары – Зағила, Кәбила, Пәнси.

Екінші әйелі Мемей Белдемшеқызынан үш қыз – Қабиба, Қатипа, Замбила.

Үшіншісі, жеңгедей алған әйелі Баян Ыстайқызынан бір ұл – Әмақ, бір қыз – Мүниба – екі бала болған.

Батырдың балаларынан Зия 1941 жылы тамызда Қуүйдің Шолақсайында оққа ұшып өлген, ұрпақ жоқ. Екінші әйелі Мемей мен үш ұл, бес қызы – 9 жан 1942 жылы ақпанда Шыңшысай үкіметінің Бұрбыжап басқарған әскерлерімен соғыста қолға түсіп, алғашында Сарысүмбе қаласында (қазіргі Алтай қаласы), 1943 жылы мамырдан бастап Көктоғай қалашығында «мырза қамақта» отырады. 1944 жылы мамырда Оспан қолының бір реткі қатты соққысына ұшыраған Гомиданның Көктоғай қалашығындағы жендеттері қала тұрғындарынан 40 бейкүнә адамды қырғанда, Оспанның 18 жастағы қызы Кәбила мен 14 жастағы ұлы Ойдолланы Мемейдің көзінше кескілеп өлтірді. 11 жастағы ұлы Кәри мен алды 12 жасқа, арты 8 жасқа келген үш қызын құдыққа тірі тастап өлтіреді. Мемей өлуге айналғанда өзін өзенге лақтырып, қашып құтылады.

Қалған үш ұл – Шердиман, Ниғыметолла, Нәби 1941 жылдан бастап негізінен әкесі Оспанмен бірге болады. 1951 жылы Оспан Гансу өлкесінің Хайзы деген жерінде Қытай әскерлерінің қолына түскенде, қашып шығып, Шыңжаңға келіп, байырғы бауырластарын тауып, Алтай, Боғда аралығында қарулы күресті жалғастырады. 1952 жылы әкесінің сүйегін алу шартына орай қару тапсырып, бағынуға мәжбүр болады. Шердиман 1952 жылдың қазанынан 1959 жылға дейін Алтай әкімшілік мекемесінде мал шаруашылығы бөлімінде, 1959 жылдан 1967 жылдың қаңтарында қайтадан қолға алынғанға дейін, Іле облыстық саяси кеңесте істейді. 1970 жылы 30 сәуірде бақилық болады.

Есмағанбет СМАЙЫЛОВ,

физика-математика ғылымдарының докторы, профессор.

Қарағанды қаласы.

(Жалғасы бар).

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button