Бас тақырыпРуханият

Қаламы қарымды қаламгер Сүйіндік Жанысбай 70 жаста

Мен 2010 жылы Жезқазғаннан Қарағандыға қоныс аударып, «Орталыққа» қызметке орналасқанда: «Мен қызметке емес, мектепке келдім» деген едім. Кілең сүйегіне сөз сіңіп, жүрегіне мейірім ұялаған, жанарына әлем сыйып, қаламына қанат біткен жайсаң ағалардың ортасына түстім. Аман Жанғожин, Сүйіндік Жанысбай, марқұм Тілеуқабыл Байтұрсын, Серік Сексенұлы, Ибрагим Бекмаханұлы, Төрехан Майбас, Мағауия Сембай… Қалжыңдары жарасқан, бірін-бірі қадірлей білетін тегеурінді толқын. Бұлардың аймақ журналистикасына дауылдай болып кірген шағын көрген жоқпын. Бірақ, аға буын толқынын толықтырып, қабырғалы қаламгерге айналған шақтарында тәлімін алып үлгердім. Жазғандары бір-бірінен асып түсіп жатады. Лездемеде бірін-бірі өткір сынап та алады. Алайда, ертесіне сәлемдері салқындаған ешкімді көрмеймін. Баяғы сырбаз сыйластық. Түк болмағандай әзілдері жарасып, бірін бірі құрметтеп жүргендеріне тәнті болып мен жүремін.

Аман ағам экономика тақырыбын екілене толғап, өндірісті өндірте жазады. Тілеш ағам ауылға аттанып, ауылдан оралып жатады. Диқандардың күнқақты дидары мен шаруалардың шалқыған тірлігін Тілеуқабыл Байтұрсынның жазбалары арқылы танып жатамыз. Ибрагим ағамның көркем очерктерін, Серік ағаның діни тақырыптағы ойлы мақалаларын, Төрехан ағаның этнографиялық әңгімелерін жастанып оқимыз. Өзінің «Ой-тамызықтарымен» маржан тізіп Мағаш ағам жүреді. Сүйкең қайда дейсіз ғой. Сүйкең асықпайды. Табиғат жанашырларына арналған «Сарыарқа» бетін салмақтап, «Ақабайдың ала қабын» (сатира жанрындағы кітабы) арқалап шығып, құқық тақырыбындағы «Заң және заман» бетін толтырып барып, әңгімеге араласады. Осы Сүйіндік ағамның жинақылығы, тындырымдылығы, байсалдылығы, биік парасаты мен терең білімділігі қатты қызықтыратын мені. Өзі де мені іш тартты. Бауырына басты. Қамқорлығын танытып, ақыл-кеңесін аямады. Қысқасы, мені туған ұлындай аялады.

Ағам ертең, 13 ақпанда 70 жасқа толады. Қартайып қалды демеңіз. Бірақ, ақсақалдықтың ауылына пендешіліктен ада күйінде әдемі келе жатқан Аға! Бойы аласа демеңіз, ойы – асқақ. Қимылы баяу демеңіз, қаламы – асау. Һәкім Абай айтқандай, «Ақырын жүріп, анық басып» келеді. Сүрлеуінде – ескінің сөзі, жаңаның өзі бар. Өне бойы – өнеге, тұла бойы – кісілік.

***

Ақсораң! Арқаның ең биік шыңы! Бұл топырақта туып, Тоқырауынның суына шомылып өскен адамның кісілігі аласа болуы, ісі ұсақ-түйек болуы мүмкін емес.

Қызыларай тауларының етегін жапқан масаты кілемдей құлпырған қырмызы белде «Еңбек» атанған (Ыстыбұлақ ауылы) ескі ауыл бар. Кезіндегі «Еңбек» колхозы. Кейіннен «Қызыларай» совхозының бөлімшесі болған. Дәл осы шағын ауылда Сүйіндік ағаның кіндік қаны тамған. Тоғыз айлығында анасы қайтыс болып, бесіктен белі шықпай жатып-ақ тағдыр тауқыметіне тап келді. Жаманбала атасы мен Қарашаш әжесінің бауырында өсті. Қарашаш әжесінің дастарқаны берекелі, асы дәмді еді. Барынша бетті, адуынды, ауыл-аймақ, ағайын-туысқа сөзі өтімді ел анасы болатын-ды. Сүйкеңнің өз әкесі Жұмабай шопан болды да, алты ай қыс – қыстақта, алты ай жаз – жайлауда жүрді. Ауылға сирек келетін. Сүйкең ес білгелі Жұмабай әкесін ағасындай қабылдап кеткен.

Қарашаш әжесі кішкене немересін алданыш етіп, Сүйінтайым деп еркелетіп, бетінен қақпай өсірді. Өзі қазақтың батырлар жырын, ғашықтық дастандарын тыңдағанды жаны қалайтын. Тілеуі қабыл болып, Сүйінтайы ерте қара таныды. Шаруадан қолы босай қалған сәтте немересіне жыр-дастан оқытып қойып, өзі тыңдаудан әсте жалыққан емес. Ауылдың үлкен-кішісі Қарашаш әжейдің жылы-жұмсағын аңсаған сәттерінде Жаманбала ақсақалдың үйін төңіректеп, сүйкімді немересінің басынан құс ұшырмай мәпелеп отырған қос қарияға Сүйіндікті мақтайды екен. Кітапты мүдірмей оқитынын айтады, үлкенге сәлем бергенінің өзінде зор мән жатқанын айтады. Сүйкімді қылығын тамсана әңгімелейді. Сөздерінің түпкі түйіні «Сүйіндік ел басқарады, атқа мінеді. Барша қазақтың аузында жүретін азамат болады, көресіз…» болып келеді. Бұл мақтау Қарашаш шешейді әбден масайратып, кең пейіл кейуана Сүйінтайына сүйсіне келгендерге бар дәмдісін асып, қонақ етеді.

…Міне, Сүйіндік ағамның сол сәби шағындағы сүйкімі – күні бүгінге дейін ел аузында. Қарашаш шешейдің сандығын қопартып, сақтағанын жеу үшін келгендердің де аузының дуасы бар екен. Қарт әженің Сүйінтайы атқа мініп, ел басқармаса да, елі сүйсініп, халқы қадірлейтін қаламгер атанды. Жазғандарын ел іздеп жүріп оқыды. Кітаптары қолдан-қолға өтті. Публицистика жанрында елдің көкейінде жүрген көкейкесті мәселені өткір жазды. Ал, көркем әдебиет жанрында өмірдің өзін жазды. Сатира садағын шірей тартып, жебесі үнемі ондықты ойсыратып жатты.

Иә, Сүйкеңнің шығармашылық салаға келуіне әжесі Қарашаш марқұмның зор ықпалы тиді. Көп оқыды. Әжесінің ермегі – Сүйінтайының оқығанын тыңдау. Өкінішке орай, сүйкімді Сүйінтайының жазғандарын оқи алмады асыл әжесі. Сүйкең 9 жасқа толғанда әжесі қайтыс болды да, Жаманбала атасы екеуі аға-жеңгенің қолында қалды. Нағыз жетімдік қамытын киген шағы еді бұл. Әрине, аға-жеңге өгейлік көрсетіп жатқан жоқ. Киер киімі таза, қарны тоқ. Сонда да шерлі көңіл әжесін аңасайды, мұңлы жүрек әжесін сағынады. Ерте есейді. Қаламды да ерте ұстады. Мен айтар едім, қаламгердің әкесі де, анасы да – тағдыр деп. Тағдырлы жаннан ғана танымал дүние туады. Ендеше, менің Сүйіндік ағам да – тағдырдан туған талант!

Жетінші класс оқып жүрген шағында Ақтоғай аудандық «Қызыл ту» (ол кезде бүгінгі «Тоқырауын тынысы» газеті солай аталатын) газетіне «Кино көргіміз келеді» сын мақаласы жарқ ете қалып, аудан дүрліккен. Өркениеттен өгей күй кешкен шалғайдағы бұйығы ауылдың бұйымтайына аудан басшыларының назарын аудартқан балауса қаламның құдіретіне ел бас шайқап, бала Сүйіндіктің талантына сүйсінген. Бұдан кейін де жас қаламгердің тырнақалды туындылары облыстық «Орталық Қазақстан», республикалық «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас», «Спорт» газеттерінде, «Балдырған» журналында тұрақты жарияланып тұрды. Сүйкең әдебиетке осылай келген еді. Өлең де жазды. Өндіртіп жазды. Фельетон жазды. Ащы шындықтың қанын сорғалатып жазды. Аударма жанрында да қалам тербеді. Талғаммен аударды. Ұлт оқырманына керегін аударды. Ұстаздық етті. Мектепте мұғалім, училищеде оқытушы болды. Мұғалімдер өмірінен «Кездесу» атты повесть жазды. Ішкі істер саласында қызмет етті. Детектив жанрында «Өкініш» атты кітабы жарық көрді. Бұл кітабы кейіннен «Взятка» атауымен орыс тіліне аударылды. Қоршаған ортаны қорғау тақырыбына жазған проблемалық мақалалары «Сарыарқа самалы» атты жинақ болып оқырманға жол тартты. «Адамша кел», «Ақабайдың ала қабы» атты сатиралық әңгімелер жинағы ормандай оқырманның ішек-сілесін қатырды.

Не керек, Сүйкеңнің қаламға сүйенген тағдыры жарты ғасырдан астам уақытты шиырлап қалыпты.

***

Сүйіндік Жанысбайдың журналистика саласындағы еңбек жолы 1974 жылдан басталады. Алғашқы жылдары облыстық телерадио комитетінде редактор болып шығармашылық еңбек жолын бастаған қарымды қаламгер, кейін аға редактор болып, бірнеше авторлық тележобалар жасады. Жастарға тәлімгер бола жүріп, телевидениедегі қазақ редакциясының беделін көтерді. 1980 жылы облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне келген.

«Редакторлардың редакторы» атанған Рамазан Сағымбековтің шарапатын көріп, тәлімін алды. Жасыратыны жоқ, сол бір жылдары «Орталықтың» қарашаңырағында айтыс-тартыс белең алып, обкомға арыз қарша борап жатқан еді. Жаңа ортаға, жік-жік болып бөлшектеніп кеткен ұжымға тосырқай келген байсалды жігіт ешкімнің де мүддесіне бас ұрмай, бейтарап ұстанымда болды. Бойындағы байсалды мінез, қарапайым қалып Сүйкеңнің сүйкіміне қорған бола білді. Алғашында белгілі журналист Аман Жанғожин жетекшілік ететін ауыр индустрия және құрылыс бөліміне тілші болып қабылданған. Тың тақырып, табиғатына үйлесе қоймайтын сала. Сонда да іздене жүріп, сәт сайын Теміртау металлургия комбинатының цехтарын аралай жүріп, бұл саланың кәнігі маманына айналды. Қарағандының қарқынды құрылысы әмбебап қаламгердің қаламына жел бітірді. Теміртау металлургтері туралы ойлы очерктері, Қарағанды құрылысының сапасы туралы сараптамалық мақалаларын оқырман іздеп жүріп оқитын деңгейге жетті. Кейін Тілеухан Жүсіпов редактор болып келді де, Сүйкеңді хат бөліміне аға тілші етіп жіберді. Сапиолла Аңсаровтың қарамағына. Бұл бөлімде тілінің тотияйыны бар сатирик Жанысбайдың жұлдызы жанды. Фельетон бөлімін, «Бесеудің бұрышы», «Қарағанды қақпаны» сатира бұрышын жүргізді. «Сарыарқа» атты табиғат қамқоршыларының арнайы бетіне жетекшілік етті. Сол «Сарыарқа» қосымшасын зейнеткерлікке шыққанша жүргізіп, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәртебелі марапаттарын бірнеше мәрте иеленді.

Сүйіндік ағаның шығармашылық қызметіне бір ғана мақаламен түбегейлі шолу жасап шығу мүмкін емес. Ал, адами келбетін ашу үшін жеке бір кітап арнау керек болады. Еңбегінің жемісі деуге тұрарлық жиырмаға жуық кітабы бар. Алуан жанрда жарық көрген жинақтарының осалы жоқ. Оның екі-үшеуіне пікірді өзім жазған едім. Сондықтан да, ортадағы сүйкімі ерен Сүйіндік ағаның шығармашылығына әбден қанық адамның бірімін деп айта аламын. Тек қана, қаламгердің телегей-теңіз мұрасы мен шығармашылық зертханасы көзінің тірісінде ғылыми айналымға түсіп, зерделенсе деген пікірдемін. Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика мамандығында оқып жүрген студенттер – болашақ әріптестеріміз осы мәселеге мән берсе деген емеурін танытқым келеді бүгінгі мерейтойда.

***

Тоғыз айлығында – анадан, тоғыз жасында – әжеден қалып, жетімдік көрген, тауқымет тартқан тағдырды Алла қашанғы мұңайтсын?! Нұрғайын тәтеміздей асыл жарға жолығып, өмірі нұрланды. Шаңырағы шуаққа малынып, шабыты шалқыды. Алаңсыз жазды. Іркілмей көсілді. Жағасын да, көңілін де кір шалмады. Бабы мен бағы қатар келіскен бір қаламгер болса, ол – менің Сүйіндік ағам! Даланың белгілі бір масштабқа негізделген дархандығының көшірмесін көргіңіз келсе, Сүйкеңнің шаңырағына, Нұрғайын тәтемнің дастарқанына барыңыз. Дархандық та, даналық та, мейірім де сол үйдің босағасына байланып, қазанында қайнап жатыр. Төрі – өнегенің өрісіндей, босағасы – ұлағаттың ұясындай!

Әттең… Өткен жылдың тамызында Сүйкеңнің үйі қара жамылып, Нұрғайын тәтем жер тоқпақтап қалды. Жалғыз тал гүлдері Ләззаты мезгілінен бұрын солып… Ашық күнде бұлт үйіріліп, найзағай ойнады. Жайдың оты шаттығы шалқып, берекесі тасып отырған осы шаңырақты шарпыды. Алланың бір сынағы шығар… Сүйіндік аға мен Нұрғайын тәтем теңселіп барып түзелді, есеңгіреп барып ес жиды. Шүкіршілік етті. Ләззатының соңында қалған балапандары мен Сәкені мен Сәбитінен өрбіген өренжарандарының тілеуін тіледі. Қазаға сабыр қылғандарға сақтағаны көп Алланың…

Иә, Алла Сүйкеңнің сүйікті қызын алғанмен, сүйкімін алған жоқ.

Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button