Құрыш қала — Елбасы тұғыры

Теміртау қаласындағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік жиын өтті. Облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ, Елбасы үзеңгілестері, қадірлі ақсақалдар мен жас буын өкілдері қатысқан ілкімді шарада «Сарыарқадағы кездесулер» жинағы таныстырылып, мерекелік әндер шырқалды.

Қазақ елінің Тұңғыш Президентінің өмір жолында Теміртау қаласының алар орны ерекше. Құрыш қала Президенттің қалыптасуына, болаттай шыңдалуына серпін берген шаһар. Мұны Елбасымыз өз естеліктерінде де жиі айтып, өңірге келген жұмыс сапарларында міндетті түрде Теміртауға ат басын тірейді. Қаланың тыныс-тіршілігі мен даму барысы да Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Кемеңгер тұлға Бұқар жырау Қалқаманұлының «Ел иесі құт болса, халық ала болмайды» деген сөзі бар. Елбасымыз – қазақ елінің құты. Оның парасатты саясатының арқасында әлем таныған мемлекетке айналдық. Осындай ұлы тұлғаның қалыптасуы жолында Қарағанды облысы ерекше орын алады. Әсіресе, Теміртау қаласында Елбасымыздың қолтаңбасы сайрап жатыр. Қарағанды металлургиялық комбинатынан бастап, мына тұрған Мәдениет үйі, спорт кешені барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тұрғызылған және ел игілігіне қызмет етуде. Мемлекет басшысы күні бүгінге дейін қаланың өсіп-өркендеуін бақылауда ұстап, қамқорлық танытуда. Қарағанды облысына келген жұмыс сапары барысында Елбасымыз Теміртаудың бірқатар әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал етті. Атап айтсақ, қаланы жылумен қамтамасыз ету үшін «АрселорМитталл Теміртау» АҚ басшыларына жетінші қазандықты салу жөнінде қатаң тапсырма берді. Сондай-ақ, қалада жаңа емхана, спорт кешені және балабақшалар бой көтереді, – деді Ерлан Қошанов.

Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығы биыл күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңғырған. Экспонаттар қоры да толығып, көрермен назарына ұсынылған. Олардың арасында велошабандоз Александр Винокуровтың Мемлекет басшысына сыйға тартқан велосипеді бар.

Орталықтың ғылыми қызметкерлері күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан кезде қарап отырмаған екен. Елбасымыздың әр жылдары өңірге жасаған сапарлары, кездесулері кезінде айтқан сөздері, талқылаған мәселелерін топтастырып «Сарыарқадағы кездесулер» жинағын жарыққа шығарған.

— Жинақтың негізгі мақсаты – жастарға Елбасының өмірі мен қызметі туралы тағылымды ақпарат ұсыну. Мемлекет басшысының 90-шы жылдан бастап, бүгінге дейінгі Қарағанды облысына келген әр сапарын қамтып, кітапқа енгіздік, – дейді орталықтың ғылымизерттеу бөлімінің басшысы Дәрібек Кетебаев.

Мерекелік жиынға қатысқан Елбасы үзеңгілестері Нұрсұлтан Назарбаевтың жастық шағы туралы естеліктермен бөлісті. Айтуларынша, Елбасымыз сонау балаң жігіт кезінің өзінде көшбасшылық талантымен көзге түсіп, игі-жақсыларды айналасына топтастыра білген.

– Теміртау қаласына келгенде небәрі 17 жастағы жеткіншек едім. Нұрсұлтан Назарбаевпен осы қалада таныстым. Бір курста оқыдық, бірге жұмыс істедік. Күндіз жұмыста болсақ, түнде оқуға баратынбыз. Ауыр жұмысқа шыдамай, елге қайтып кетіп жатқандар да болды. Несін жасырайын, менің де кеткім келген еді. Алайда, бұл ойымды Нұрсұлтан қолдамады. Қайта «Сен кетсең, мен кетсем, кім қалады? Қазақ өнеркәсібін кім көтереді?» деп жігерлендіріп, осында қалуға көндірді. Бүгінде ардагер металлург болып отырғандарды осы жерде қалып, еңбек етуге үгіттеген де Елбасымыз болатын, – дейді ардагер металлург Қуаныш Омашев.

 Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен жалғасты.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.