Рухы биік, өнегесі өміршең би

«…Қазақ ақылын ұлғайтқан,
Қараменде бабамыз.
Үш жүзге өрнек үлгі айтқан…
Қазық болған халқына,
Қалдау абыз-бабамыз,
Ақтабан шұбырынды болғанда,
Жиылмаған сабамыз.
Немересі Қаракем,
Хан Абылайдың Жарғышы
Билікке оны табамыз».
Нарманбет ОРМАНБЕТҰЛЫ

Ақын Нарманбет 1901 жылы әкесі Орманбет өлгенде шығарған жоқтау өлеңінде бабасы Қараменде би туралы осылай толғанады.
Шахаұлы Қараменде – он сегізінші ғасырда өмір сүрген ірі тұлға. Қазақ тарихының білгірі Смахан төре Бөкейхановтың деректері бойынша Қараменде би 1720 жылы Сырдария өзенінің бойында дүниеге келіп, 1810 жылы Сарыарқада қайтыс болған. Ел билігіне, мемлекет ісіне араласқан қайраткер, Абылай ханның замандасы. Қараменде би Тобықты руының Омыр (Дадан) атасынан. Омыр (Дадан) –Асан – Есенбақты – Қалдау, одан Шаха,
одан Қараменде туады. Қалдау абыздың немересі. Әнет бабаның алдын көрген,тәрбиесін ұққан ұрпақ. Қалмақ шапқыншылығы, «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сұрапыл соғысында, ертегімен су кешіп, ауыздықпен су ішкен заманда ержетеді. Жау жағадан, бөрі етектен алған алмағайып, арпалыс майдан, жанталас
ғасырда өмір сүрді.
Қараменде бидің жастық шағы қалың Тобықтының ортасында өтеді. «Ата – балаға сыншы» деген халқымыздың көрегендік сөзі бар ғой. Жасөспірім Қараменде баланың іс-әрекетіне, мінез-құлқына сүйсінген кемел би, көреген әулие Әнетбаба «Үй баласы ма?» деуші едім, ел баласы боларсың. Халқыңның таңы бол,маңдайындағы бағы бол», – деп бата береді. Ұлы бабаның бұл көргендігі, берген батасын қабыл болады. Жас жігіт Қараменденің жолы ашылып, ел ісіне араласудағы жарқын өмірі ерте басталады.
Ат жолын тартып мінген Қараменде ел сөзін ұстаған билер тобына қосылып, жақсылардың билік сөзін есту үшін күтімші,атқосшы болып, соларға ереді. Билер өнегесінен дәріс тыңдап жүреді. Сөз сарасын
ойға тоқиды.
Бірде хан ордасында билер кеңесі өтіпжатады. Келелі жиынға Абылай хан да қатысып отырса керек. Билер алдындағы тергеудің жайы ақ некені арамдап, бөтен жігітпен тамыр болған әйел тағдыры болса керек. Билер «Әйел мен жігітке өлім жазасы лайық» деген шешімге келеді. Өлімдіқандай жолмен орындауды кеңеседі. Билердің бірі асау аттың құйрығына байлап,сүйретіп өлтіруді, екіншісі тірідей терісінсыпыруды, енді бірі балталап, бұтырлап өлтіруді ұсынады. Билердің күтімімен үйге кіріп-шығып жүрген жігіт Қараменде:
– Үлкендер, бір ауыз айтуыма бола
ма? – деп рұқсат сұрайды.– Билік сөзде сенің нең бар? Өзіңе
жүктелген шаруаңа ие бол!- деп бидің бірізеки сөйлейді. Көпшілік жас жігіттің сөзінтыңдауды жөн көреді. Қараменде:
– Тау бөрісіз болмайды. Ел іші ұрыссыз болмайды. Ауыл арасы сыбыссыз болмайды. Көл үйрексіз болмайды. Айғақсыз сөз тайғақ. Куәсіз күмән билікке шешім болмайды. Екеуіне де азаттық берілсін, дейді. Билер осы шешімге тоқтайды. 
Қараменденің ой-өрісіне риза болған, әділ билігіне сүйсінген Абылай хан:
– Қараменде, жігіт пен әйелді жазалауда өлтірудің әр түрлі жолдарын ұсынған билердің пікіріне не айтасың?- деген екен.
– Адам санасына ауызбен айтқаннан гөрі көзбен көрген тез ұялайды. Билердің бірінің атасы – мал баққан жылқышы еді. Екіншісі – қасапшының ұрпағы, бірі – балташының нәсілі. Көрген көргенін істейді, көсеу түрткенін істейді, – деп жауап берсе керек бабамыз.
Отырғандардың назарын өзіне аударған Абылай хан бөркін шешіп, қасына қойып, Қаракеңе қарап басын сипайды. Бабамыз тілін көрсетеді. Осы ишараның шешуін хан билерден сұрайды.
Олар бөгеліп, шешуін таппаса керек.
– Хан ием, басқа пәле неден?– деді. Мен: «Тілден» деп тілімдішығардым, – деп бабамыз өзі жауап берген екен. Осыдан бастап Қараменде бабамыз Абылай ханның ел тізгінін ұстаған беделдібилерінің бірі болыпты. Арғы тарихқа көз жүгіртсек, Абылай ханның сегіз биі болған деседі. Оларды ел арасында «Сегіз жарғыш»деп атаған көрінеді. Соның бірі– тобықтыдан тараған Қараменде би. Осы бабамыздың хатқа түсіп үлгермей,ел аузында ғана қалған бір даналық сөзі бар. Соны тілге тиек етпекпін. Бірде, бабамыз хан ордасындағы келелі мәжіліске қатысып, ұзақ жол жүріп, туған топырағына оралса ел-жұрты қозы көш жерден алдынан қарсы алуға шығыпты. Сонда, Келте деген баласы жұрттан оза шауып келіп,әкесімен есендесіп болған соң «Әйел деген кім?» деп сауал жолдайды. Бабамыз сәл ойлаңқырап тұрып, «Әйел дегеніміз –қапияда сөз табатын, қараңғыда жол табатын, күйеуінің күндіз келген қырық досын,түнде келген қырық досын ақкөңіл, адал жүрекпен аттандыратын адам. Оны – әйел дейміз. Қалғандарын – баласының анасы дейміз» деп жауап қайырған екен. Ойы кемел, иманы кәміл бабамыздың жол жоралғысы, биліктегі өнегесі, сөздері, өсиеттері, өз заманында топ жарған даңқы, көзі тірісінде-ақ баба атандырды. Елдің абызына, данагөйіне айналдырды.Қараменде бабамыздың ел қамын жеген қайраткерлігі тар заманда Тобықты елінің, Дадан (Омыр) ұрпақтарын кең қонысқа қондырып, іргелі ел еткендігі деп айтар едім. Қалмақ басқыншылығын талқандаған қазақ елі жау қолынан азат етілген ата мекендеріне орала бастады. Бұл кезең шамамен алғанда, он сегізінші ғасырдың екінші жартысы болатын. Көппен бірге тобықты елі де ата қонысы, бабаларының кір жуып, кіндік кескен жері керегедей керілген Шыңғыстауға көш басын бұрды. Олардан бұрын Қаракесек, Уақ, Найман, Керей
елдері төрт құбыласынан тірей қоныстап,Шыңғыстауға көз тігеді. Жанын шүберекке түйген Тобықтылар өжет қимылмен, тұлпардың тұяғымен, балуан білектің күшімен,ақ найзаның ұшымен, жігерлі жорықпен өздеріне қайтарып, қоныстана бастайды.Осы тұста Қараменде бабамыз жасы кіші інісі, азулы би Кеңгірбайға (Биатаға) сәлем айтады. «Жер өспейді, ел өседі. Кейінгі ұрпақ жер үшін ағайынмен алакөз болмауы керек. Арамызда араздық жоқ. Даданнан тараған туыстарымды ертіп, жер іздеймін.Көкше теңізге беттеймін. Көштің қай жерге тоқтары әзірге белгісіз. Ажарлы ағайын ырзалығын берсін», – деп кісі жібереді. Ел ырзалығымен жылы қоштасқан баба көші Шыңғыстаудан өтіп, Қызыларай тауын етектеп, Тоқырауын өзеніне жеткенде, күз түсіп, көш тоқырайды. Мұндағы Қаракесек руының қалың елі Қараменде би көшінің мәнін білген соң, түйе қомын босаттырып,көшкен елді еру қылады. Ел жақсылары (ру аттарымен атағанды жөн көрдім) Әлтеке Жидебай батыр, Қарашор Сеңкібай би,Керней Жарылғап батыр Қараменде биді ортаға ала отырып, кеңес құрады. Абыройы елден асқан, атақ-даңқы үш жүзге жеткен Қараменде биге Қаракесек елінің жақсылары: «Ортамыздан кетпе, елді аттап өтпе. Осы өлкені бірге мекендеп, іргесі сөгілмес, төскейде малы, төсекте басы қосылған көршілес ел болайық», – деп бабамызға тоқтамды сөз айтады. Қалың елден өте алмай, естияр сөзді қиып кете алмай ерулеп, бабамыз ағайынымен сол қыста Жарылғап батырдың Қарашоқысын қоныс етіп шығады. Жаңа қоныс жайлы,түгін тартсаң, майы шығатын жер екен.Топырағы май, жусаны торқа жерде тайы
құлындап, тоқтысы қоздап, мал басы берекелене түседі. Тіпті, тоқы сүтінен қатық ұйытып, көктем басында ел ауызы аққа ерте жетеді. Жер мәйегін түсінген бабамыз бәйбішесіне: «Мен жоқта бөгде жолаушыға қатық бермеңдер», – деп тапсырады.Көктемгі абыр-сабыр күндердің бірінде ауылға он шақты жүргінші келіп түседі.Топ басшысы бабамызды сұрап, жолаушы
кеткенін білген соң, асқа қарамай жүрмек болады. Дәм татқызудың басқадай ретін таппаған анамыз тоқты қатығын ұсынады. Қатықтың дәмін татқан жолаушының үлкені шараяқтағы ұйыған қатықты кездігімен бөліп ішіп, жүріп кетеді. Анамыз жолаушы қылығына таңданып қала береді.«Бұл жер бізге түпкілікті қоныс болмайды екен. Келген Жарылғап батыр ғой», – деп інісі Сана биге түпкілікті мекен болатын жер шол деп тапсырма береді. Арада көп уақыт өтпей Жарылғап батырдың сәлемін жеткізген хабаршы келеді. «Бір қысырақтың үйірі жоғалды. Қараменде ауылына қарай кетіпті. Барымталамай қысырақтың үйірін қайтарсын. Адал болса, ұрлықтың ізін шығарып берсін», – депті батыр. «Жарылғапқа сәлем айт. Бұл әңгіме сылтауы ғой. Малы жоғалған жоқ. Жері бізде кетпейді. Жер аяғы кеңіп, төл аяқтанған соң,Қарашоқыны босатамыз», – деп батырдың сәлеміне сәлеммен жауап қайтарады.Осы шақта тағы бір төтенше оқиға болады. Маңдағы елдің барымташыларының қолынан бабаның баласы Сәрік қаза табады. Мал төлдері аяқтанып, қаралы күндер өткізіліп, Сәріктің басына мазар соғылып,баба қонысы түпкілікті болған жаңа мекенге бет бұрады. Ендігі жерде Дадан елінің қыс қыстауы – қытымыр қыстан сауақы,жағасын қамыс көмкерген Балқаш көлінің солтүстік жағасы. Бұл мекенді бабамыз:«Қыры киік, ойы балық жан сақтайтын жер екен», – деп бағалаған. Жаз жайлауы суы да, нуы да бар Тоқырауын бойы, өзеннің бастау алар жері Қаражал, Маутан және Қусақ өзенінің бойы болыпты. Бұл мекен елге құт-береке әкелді. Бабамыздың ұрпақтарын ойлаған мақсат-мүддесінің жүзеге асқаны анық. Өлкесі малға, шаңырағы жанға толды. Бір ауыл қауым басында бір болысқа біріксе, келе-келе екі болыс елге жетіп, бірлігі бүтін, тілегі бір ағайын болып өсті. Бабамыз көзі тірісінде қара жұрты, алтын ордасы Шыңғыстау елімен де қарым-қатынасын үзген жоқ. Елді егер қылған Найман мен Тобықтының тартысында Еңлік пен Кебектің жанына араша түсуге де барды. Бірақ, керауыз билерге дауа таппады. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасында Қараменде бидің мәмілегерлік ұстанымы
берілген.
Семейге орыс патшасының пәрменімен бекініс салына бастайды. Бұған Кеңгірбай би (Биата) төзе алмай, Қараменде биге хабар жібереді. Бабамыз татулықтың жолын ұсынып Биатаға баласы Келтені жібереді. Қашан да Қараменде бабамыздың темірқазығы – ел бірлігі, бейбіт өмір, ағайын татулығы болған. Үш жүздің төбе биінің бірі Қаздауысты Қазыбек арасындағы сыйластық, сырластығы Қарашордың зоры Сеңкібай би, Жидебай, Жарылғап батырлармен достығы, шежірелі әңгімелері бүгінгі ұрпаққа жетті.Әлтеке Жидебай батыр әрі шешен болған екен. Жидебай көп жасап, көпті көріпті. 95 жасқа дейін өмір сүріп, нәселі өсіп, немерелі-шөберелі болыпты.Бертін қартайған кезінде жастық шағының жолдасы Қараменде би есіне түсіп,өткен жастық уағындағы істерін, қартайып-қажығандағы өзгерістерін айтып, пікір алыспақшы болуды ойланады. Бірақ, өзі бара алмайды да, сөз мәнісін білетін бір жас жігітті шақыртып:– Шырағым, Тобықтыда Қараменде деген досым бар еді. Көрмегелі көп жылдар болды, сағындым. Өзім іздеп баруға шамам жоқ, о да қартайды, іздеп келе алмайды. Соған айтатын бір сәлемдерім бар еді,соны жеткізіп келші, – дейді.Жігіт жүрмекші болған соң Жидебайдың айтқаны: «Бес ауыз бір сөзім бар,алты ауыз бір сөзім бар. Осыларды бірімен бірін шатастырмай анықтап ұғып ал»,– деп тапсырады.Жидебайдың айтқан сөзін жігіт жаттап алады.
«Бес ауыз бір сөзім: Төрт нәрседе үміт бар, Бір нәрседе үміт жоқ. Осыны айт, –дейді. – Алты ауыз бір сөзім: Мұсылман жаудың қолында қалдым, Бес атаның малын іздеп әуре болды. Алпыс ат үйір бермеді, Жетпіс торғай шырылдайды, Сексен балапан ұя басып жатыр, Тоқсан жұмыртқаның қашан жарылары белгісіз».Жаздың күні, жайлауға қонған қалың елді аралай бірнеше күн жол жүріп, бағанағы жігіт, Қараменде биді іздеп табады.Біраз күн жатып тынығып, ел жайлы,ер амандығына қанысқасын жігіт қайтпақшы болды. Сонда Қараменде: «Жидекем тірі болса, маған басқа сәлем айтпады ма?» – деп сұрапты.Сонда жігіт батырдың сәлемін айтыпты. Қараменде шарта жүгініп отырып, көп толғанып, ойланады. Біраздан кейін:– «Төрт нәрседе үміт бар» дегені –адам баласы төрт үмітпен жүріп өтеді екен-ау. Жас өсемін деп үмітті. Жалғыз көбейем деп үмітті. Жарлы байимын деп үмітті, Ауру жазыламын деп үмітті. «Бір нәрседе үміт жоқ» дегені – шіркін, көктемі мен жазы өтіп жапырағы қуарған ағаштай,ұрты солып, жағы суалған кәріліктен ғана үміт жоқ екен», – дейді.
– «Мұсылман жаудың қолында қалдым» дегені – бірге жастық шақтың жолдасы – жұбайы қайтып, жесір болып, келін баласының қолына қарап қалған екен ғой.Екі елі аузына төрт елі қақпақ қойсын,балаға сонда ғана сыйымды болады», –депті.
– «Бес атаның малын іздеп әуре болдым» дегені – қайран батыр қартайып, көзі көр болған екен ғой. Жастан серік болған бес жолдасы: мұсуақ, тәспіқ, орамал, бәкі,қамшы болар. Осылардың басын құрап жинау үшін жан-жағын сипалап іздеп тапқанша, түске дейінгі уақыты өтеді екен ғой. Жанына жан қалта, төсіне төс қалта салдырып алсын», – депті. Ол уақыттағықазақтың киімдеріне қалта салынбайды екен.
– «Алпыс ат үйір бермейді» дегені –алпыс жас ағайынды жауға беріспейтін қайрат-күштің қайтпайтын кезі екен ғой.«Жетпіс торғай шырылдайды» дегені –жетпісте торғайдай ғана қуатым қалды дегені екен ғой. «Сексен балапан ұя басып жатыр» дегені – сексенде ұяда жатқан балапандай төсек тартып жаттым дегені екен ғой. «Тоқсан жұмыртқа қашан жарыларын білмеймін» дегені – тоқсаннан асқан жасым бар, бір аяғыммен қабірдемін,ажал қашан жетеді деп күтудемін» дегені екен ғой», – депті. Қараменде би қайтыс болғанда Жидебай батыр: «Қараменде Тобықтының көсемі, Орта жүздің байлығы»,– деп бабамызға баға берген екен.
Халқымыз қадірлі бабаның қасиетін бойтұмардай құрметтеп, жүректе сақтап,сана бесігіне бөлеп келеді. Ардақтымызды айтқызбай, ұлыларымызды ұлықтатпай ел рухын езген заман өтті. Ол құйын болып қуған, дауыл болып соққан Кеңес өкіметінің кезі болатын. Сол шақта қазақ халқын қалыптастырған жақсыларымыздың атын ататпады, тарихта таңбалатпады. Озбыр саясаттың оңтайына көнбеген халық ел қорғаған ерін, ұлттық тектілікті қалыптастырған дана билерін, көмекейі бүлкілдеген ақын-жырауларын өз жүректерінде сақтады. Отбасында отырып-ақ балаларына ата салтын, бабалар жолын үйретті. Біз – қазақ тарихын кітаптан емес,әкелер сөзіне естіп өскен ұрпақпыз.
Бүгінде Қараменде бабамызға деген ел ықыласы, құрметі ерекше. Бабаның мәңгілік мекені, бақилық орны – Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында. Мазары жаңартылды. Оған бастамашы болған,ұйытқы болған – Зияда Аманбаев, Ғалым Ыбыраев ағаларымыз, бабаның өз ұрпақтары. Бүгінде бабамыздың атында ауыл бар. Ол Қараменде би селолық округі деп аталады. Бабамыздың ұлы денесі жатқан өлкені басып ағатын өзеннің атауы – «Қараменде айрығы». Балқаш қаласында Қараменде би атына берілген даңғыл бар.Үлкен, сәулетті көше. Бабамыздың шаңырағын күтіп орнын таза ұстап отырған үй бар. Төрінде бабамыздың өз үйінің маңдайшасы ілулі тұр. Бұл шаңырақтың шырақшысы Ақжолтай әкеміздің ұрпақтары.
Шаңырақ сыйлаған қазақпыз. Үлкен үйіміз деп түсеміз, ізетпен шығамыз. Ендігі жерде халқымызға ата-бабамыз арамандаған мәңгілік ел, текті ұлт, бейбіт мемлекет болудың бақыты басымызға қонсын. Аталар жолы – адалдық жолы. Жеріміз кең. Асты кен. Шалқыған дала, шырайлы қала. Бабалар аманаты орындалып келеді.

Қасым ОРМАНБЕТТЕГІ,   

Қазақстан Журналистер одағынының 

  мүшесі, ардагер журналист.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.