Рухани жаңғырудағы жастар үлесі

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына ден қойып, соған сәйкес жаңғыруға көштік. Бұл орайда жаңғыруды өзімізден бастаған жөн. Жан мен тәннен тұратын адам ерекше жаратылыс, сол себепті де өз-өзімізді әлі зерттеп бітпеген сияқтымыз.

Адам бойындағы әлеуетін танып, оны жарыққа шығаруға әсер ететін адам – жақсы ұстаз. Өз жүріс-тұрысымен, іс-әрекетімен, мінез-құлығымен үлгі болған ұстаз сөзбен насихат айтқандардан артық. Жас маман болғандықтан оқушылар да саған басқаша көзбен қарап отырады. Сондықтан да біз, жас мамандар, өзіміздің халімізге мән беруіміз керек. Неге халімізге? Ғалым Омар Жалелұлы «Харекет» атты еңбегінде былай дейді: «Хал ілімі» және «қал ілімі» бар. Хал – адамның ішкі жан-дүниесінен хабар берсе, қал – сыртқы жағдайынан хабардар етеді. Пайдалы білім ұғымы – адам жанына пайда беретін, адамның ішкі жан-дүниесімен ұғылатын хал ілімі. Пайдасыз білім деп, адам жанына бір өзі тікелей пайда бермейтін қал ілімі, Абай бұл ұғымды 38 сөзінде «ғылым заһири» (сыртқы ғылым) деп атаса, пайдалы ішкі білімді «ғылым батини» дейді».

Шын ғалым оқып қана қоймайды, оқығанын бойына сіңіреді, көңіліне тоқиды. Оқығанынан жан-дүниесі жарылқанған білім иесі енді осы алған біліміне сай амал қылады. Ішкі жан-дүниесі қандай таза болса, сөйлеген сөзі хош, істеген ісі игілікке бағытталады. Жас мамандардың жаңғыру жолындағы басты бағыты осы болуы тиіс.

Бір елдің болашағын болжау үшін көріпкелділіктің қажеті жоқ. Ол үшін ел жастарының бойындағы күш-жігерін қайда жұмсап жатқандығын бағамдаса жеткілікті. Жастар күш-қайратын қайырымдылық, руханият пен көркем қасиеттер жолындағы қызметтерге бағыттаған болса, ол ұлттың болашағы жарқын деп үміт күтуге болады. Осы себепті әуелі өзімізді тәрбиелеп, алдымыздағы шәкірттерді дұрыс арнаға бағыттау – біздің міндетіміз.

Мағжан Жұмабаев атамыз айтқандай: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі». Осы төрдің қадірі кетіп бара жатқан заманда оның мәртебесін қайта көтеретін біздер, жас мамандар. Ахмет Байтұрсынұлының: «Әуелі біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек. Неге десек, болыстық та, билік те, халық та – оқумен түзеледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктер түзелгенде оқумен түзеледі. Оны түзететін – білім мен білікті ұстаз». Физик-математик Әзімхан Тоқтарұлының мынадай керемет сөзі бар: «Мұғалім – оқушы жанының хирургі іспетті. Себебі, хирург адам жанындағы дертті сақтықпен, аса дәлдікпен сылып тастайды. Сол сияқты мұғалімге де оқушы жанын тәрбиелеуде аса жауапкершілік керек». Мұғалімнің әлеуметтік жағдайы оңалмай өркениетті елдің санатына жете алмайтынымызды есте ұстаған жөн. Кез келген дамыған елде ұстаз мамандығы аса құрметті.

Жаңғыру жолындағы жас маман бойына имандылық, парасаттылық, тәрбие, ұлтжандылық және тағы басқа да рухани байлықтарды жинай білсе, әрі бұл қасиеттер шәкірттеріміздің де бойынан табылса, сол асқан бақыт болар еді. Егер бұл қасиеттер шәкірттерімізден көрінбесе, онда бар кінә өзімізден. Өзімізді сын тезіне салып түзеу ғана қалады. Өйткені, оқушылар бізге қарап түзеледі. Біреудің көзін бір нәрсеге жеткізу үшін ең алдымен өзіңнің көзің анық жетуі керек екені белгілі жайт.

«Адамды бір нәрсені қайталауға үйреткеннен гөрі, оған жаңалық ашуға көмектескен жөн» дейді Галилео Галилей. Оқушыларымыздың ғылыммен айналысуына, жаңалық ашуларына септігімізді тигізуіміз керек. Ол үшін өзіміз креативті ойлана алатындай жағдайға жетуіміз қажет. Олардың пікірлерін тыңдап, іске асыруға тырыссақ нұр үстіне нұр болар еді. Талмуд айтады: «Мен көп нәрсені ұстаздарымнан үйрендім бірақ, шәкірттерімнен үйренгенім одан да көп». Тағы да физик-математик атамыз Әзімхан Тоқтарұлының мына сөзіне тоқталмай кете алмаймын. «Біз оқушыны неге өмірге дайындамаймыз? Қарым-қатынас психологиясын неге үйретпейміз? Жаттанды, жалаң теорияны жаттап алатын ұрпақтар дивизиясын дайындап жатырмыз. Оқушыны өзіндік ойлауға, өзіндік пікірі мен көзқарасын айта білуге үйретпейміз», – дейді ол. Бұл орынды айтылған сын. Расында оқушылармен мәміле жасамаймыз. Олардың жанын ұғуға талпынбаймыз. Бос теориямен айналыстырып, оны өмірде мына жерлерде қолданамыз деп көп айта қоймаймыз. Яғни, функционалды оқу сауаттылығын көбіміз қолданбаймыз. Әрине, барлық мұғалімге топырақ шашудан аулақпын. Бірақ, сын түзелмей мін түзелмес. «Мұғалім оқушымен тең дәрежеде пікірлескені жөн. Оқушының өзіндік көзқарасын, пікірін еркін айта білетіндей жағдайда қатынас жасаңыз. Баланы «балам» десең – бала болады, «данам» десең – дана болмай ма? Бала жаны – жаңа көктеген тал шыбық сияқты, қалай исең де майысатын», – дейді Әзімхан атамыз. Баламызды «данам» деп айту үшін оған ғылымға деген махаббатын ашуымыз керек. Жалпы ғылым дегеніміз не? Ғылым ол – хикметке терең бойлай білу, жұмбақтың шешімін табу, барлық нәрсеге қарап, Хақ Тағаланың құдіретін тани білу. Тәрбиеге келер болсақ, ол – пайғамбардың кәсібі. Тәлім беріп тәрбиелей білу үшін аса сезімтал болу қажет. «Ғылымсыз адам – хайуан, не қылсаң да, ғылым біл» деген Абай атамыз.

Ұлан КЕРІМ,

Ақой орта мектебінің мұғалімі.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.