Жаңалықтар

Рух табыстырған ұлы достық

«Соғыс ұмытылғанда жаңасы басталады.

Жад – соғыстың басты жауы».

АРИСТОТЕЛЬ.

Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ әрбір сөзінде кешегісі жоқ елдің ертеңі жоқ екендігін үнемі еске салып отырады. Әрбір қазақ баласының санасында жүрер осы сөзді пайымдасақ, кешегіңнен сабақ ал дейді, сол алғаныңды ертеңіңе жарат дейді. Бұған қарасақ, бабаларымыз кейінгі ұрпағына жер байлығын ғана тастап кетпей рух байлығын да молынан қалдырған болып шығады. Қазақ баласы бүгінде сол байлықты игеруге кірісті.

Мынау Ақтоғай ауданының тумасы, Совет Одағының Батыры Қазыбек НҰРЖАНОВ есімі аталғанда, есіңе еріксіз Елбасымыз айтқан қағидаттар түседі. Сол батыр бабамыз Беларусь топырағында дамылдап жатыр. Бауырластар зиратында. Бірақ, батыр рухы Бауырластар зиратынан Беларусь халқының жүрегіне көшіп алған. Сол бабамыз басына біздің елден кәдімгідей делегация барады екен дегенде жарау аттай елең ете қалғанымыз рас. Өйткені, осылай жыл сайын қоржын-қопақ күй кешіп келдік. Әне барамыз, міне барамыз дейтінбіз. Алайда, түрлі себептермен жол шықпай жүрді. Сол жол қырық жылдан кейін шықты.

Нағыз отансүйгіш азаматтарымыздың бірі, Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы кеден өкілдігінің басшысы, Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы елшісінің кеңесшісі Өмірзақ Бейісбеков биыл да Қазақстан Республикасына, оның ішінде Қарағанды басшылығына Беларусь топырағында батыр бабамыз Қазыбек НҰРЖАНОВ атындағы мерекелік – қырқыншы рет өтетін жеңіл атлетикалық жарысқа команда жіберуді сұрайды. Құлағына тиген бұл хабарды облыс басшысы Ерлан ҚОШАНОВ жерге тигізбей іс басында отырған азаматтарға жеткізеді. Жеткізіп қана қоймай, өз бақылауына алады. Өңір спорты  саласының ардагері Нұрғазы ЖАРЫЛҒАПОВ, «Матан» фирмасының бас директоры Мұрат ЖАДАЕВ, Ақжал кенішінің бас директоры Сүйіндік АСАН, Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат ӘБЕУОВА, басқа да ел азаматтары қолдаған делегация Шығыс Еуропаны бетке алған еді. Делегацияны Қарағанды облыстық балалар және жасөспірімдер олимпиадалық резерв мектебінің директоры Есен ТӨЛТАЕВ бастап барды.

ТАНЫС ТА, БЕЙТАНЫС ҚАЗЫБЕК НҰРЖАНОВ

 

Беларус баласын түн ішінде түртіп оятып:

– Қазыбек Нұржанов кім? – деп сұрасаң…

– Совет Одағының Батыры! – деп таңдайы тақ ете қалады.

Соны өзіміздің қарадомалағымыздан сұрасаң:

– Ол кісі кім еді? – деп өзіңнен сұрайды.

Бетіңнің оты шығатын-ақ жайт.

Алайда, етіміз үйреніп кеткен. Бетіміз түсін бермейді.

Батыр бабамызға көрсетіп жатқан құрметіміз қаншалықты? Санамды әрі-бері осқылаймын. Бала кезімде Ақшатау орта мектебінде Қазыбек Нұржанов атындағы пионерлер дружинасы болатын. Кейіндеу, атақты әншіміз Гүлбаршын Ақпанова осы кенттің поссоветі болғанында бір көшесіне батыр бабамыздың есімі берілді. Ақтоғайда ескерткіші, Қоңырат ауылында мектебі бар екендігін білеміз. Бар-жоғы осы-ау деймін.

Ертеректе Қарағанды қаласының сыртқарысында Қазыбек бабамыз атында көше бар болатын. Бүгінде соның орны да жоқ.

Есесінде Беларус жерінде бар. Волковыск қаласының әсем де көрікті бір көшесі Қазыбек Нұржанов есімімен аталады. Біз барған мектептердің барлығында мұражайлары бар екен. Солардың барлығында да батыр бабамызға арналған бұрыш бар.

Кетерімізде деречиндіктер бауырластар зиратынан топырақ алып түйіп берген:

– Мәңгілік алауларыңызға апарып қосыңыздаршы …– деп.

Мәңгілік алауында болғам. Бұрын да осы мәселемен қала басшылығына шыққанбыз. Орын жоқ деген жауап алғанбыз.

Бұл жолы арнайы барғам. Жоқ, бар екен. Тура тағы бір батыр бабамыз Мартбек Мамыраев қатарында… орын бар екен.

Енді не істесек екен? Әлде тағы да Ерлан Жақанұлына шығуымыз керек пе?!

Қол қусырып отырған ешкім жоқ, әрине. Іздеушілер, жоқшылар қашанда болған.

Әрине, олардың алғы легінде батырдың бауыры Өзбек Нұржанов та болған.

Өзбек ағамыз да ағасының жолын қуып, ауылының, қалаберді ауданның белді ұстазы атанады. Ұзақ жылдар бойы Қазыбек Нұржанов атындағы мектепке жетекшілік жасайды. Сол заманның өзінде батыр ағасын іздеуге талпыныс жасайды. Соның реті сонау сексенінші жылдардың бел ортасында түседі. Аудандық әскери комиссариат арқылы құрамында он төрт адам бар делегация Беларус топырағын басады. Одан кейін де іздеушілер легі толастамаған. Қазақтың белгілі балалар ақыны Жеңіс Қашқынов ағамыз да батыр бабасының аяғы тиген жерді басыпты. Жергілікті мектептерде болып, жалындап жыр оқыпты. Өлең де арнаған, дастан да жазған. Батыр бабамыз жөнінде арнайы кітап та шығарыпты.

Осы таныс та, бейтаныс Қазыбек Нұржанов кім? Қазыбек Нұржанов Ақтоғай ауданының Қоңырат шаруашылығының Үшарал деген жерінде туған. Шаруа жастар мектебінде, Қарқаралы педтехникумында оқып, кейіннен ауыл мұғалімі болады. 1939 жылы әскер қатарына ауылдық мектепте жүргенде алынады.

Соғысқа 1942 жылдың сәуірінен кіреді.1944 жылдың жазында Кеңес әскерлері Балтық теңізінен Қара теңізге дейінгі екі жарым шақырымды алып жатқан алапта қарсы шабуылға шығады. Батыр бабамыз құрамасы Батыс Беларусь жерлерін жау қолынан азат етіп жатады. Осы аралықта ол Дубровка, Городище, Красно-Сергеевск, Орел қалалары үшін болған қанды шайқасқа қатысады. Зуш, Десна, Сож, Днепр, Друть, Березина өзендерін кесіп өтуде ерлік көрсетеді. Осы ерліктері үшін «Ерлігі үшін» медалімен, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз және «ІІІ дәрежелі Даңқ» орденімен наградталып үлгереді.

Сол жылдың 22 маусымында 61-танкке қарсы атқыштар дивизиясының командирі, майор Михеев Қазыбек Нұржановты Совет Одағының Батыры атағына ұсыну парақшасына қол қояды.

Қазыбек Бейсенұлы Волковыск қаласын алу кезінде 1944 жылғы 14 шілдеде көзсіз ерлікпен қаза болады. 1945 жылғы 24 наурызда СССР Жоғарғы Советі Президиумының Жарлығымен Совет Одағының Батыры атағы беріледі. Бұл жерде есте тұтатын нәрсе Совет Одағының Батыры атағының бабамызға қаза болғаннан кейін берілгені.

Жарлықтың түпнұсқасы батыр бабамыздың кенжесі Манарбек Нұржановтың үйінде сақтаулы тұр. Ол ағамыз да бүгінде бақилыққа озған. Қара шаңыраққа қазір Мәкеңнің ұлы Марат ініміз ие болып отыр. Сол үйдің төрінде осы Жарлық ілулі тұр.

Беларусь сапары алдында Есен бауырымыз бастап Ақтоғай жеріне барғанбыз. Батырдың келіні, жүз жасап отырған Зәзия әжемізге, батырдың қарындасы Қуаныш апамызға сәлем бере барғанбыз. Аудандық әкімшіліктің ұйымдастыруымен батыр атындағы мектепте, мұражайда болып бейнефильм түсірген едік. Оны Волковыск қаласында өткен жарыс алдында жиналғандар назарына ұсындық.

Әжеміз де, апайымыз да әлі тың екен. Бірқатар есті естеліктер айтып берген.

Сол Жарлықтың бес дана көшірмесін Марат ініміз ала шыққан екен. Жергілікті мұражайлар таласа-тармаса алды. Аз жасағанымызға өкініп қалдық.

 

БҰЛ СОҒЫСТЫ БЕЛАРУС ЖҰРТЫ ҰМЫТА АЛМАЙДЫ

 

Екінші жаһан соғысынан зардап шекпеген жұрт некен-саяқ болар. Солардың арасында беларусь жұртындай жапа шеккен ел бар ма екен?! Әй, қайдам…

Екінші Жаһан соғысында Беларусь әрбір үшінші тұрғынынан айырылды. Ұлы Отан соғысына қатысқан 34,4 миллион кеңес жауынгерлерінің 1,3 миллионы беларустықтар мен Беларусь тұрғындары екен.

Ұлы Отан соғысы Беларусь жерінде үш жыл, бір ай, алты күнге созылған. Мұндағы соғыс қимылдары 1944 жылғы 28 шілдеде тоқтаған. Бұл жерде есте ұстайтын жайт Қазыбек бабамыз 24 шілдеде оққа ұшқан.

Жау қолында қалған Беларусь партизандық соғысты бастайды. Оған 374 мың адам тартылады. Бұл Еуропадағы ең үлкен құрамалар болатын.

Соғыс алдында ақ орыстардың саны он миллионнан асып тұрған. Содан берменде жетпіс бес жылдай уақыт өтті. Әлі күнге дейін сол – соғыс алдындағы санына жете алмай келеді.

Жетер де ме еді, егер әрбір ақ орыс киімшең балаларындай соғысса. Жо-жоқ, беларусь халқын ешкім де қорқақ деп айта алмайды. Әрі-беріден кейін осы халықтың батыр екеніне сеніңіз. Басқа жұрт болғанда жер бетінен көшіп тынар еді…

Сол ақ орыс жұрты Қазыбек Нұржанов есімі аталған жерде қалт тұра қалады. Өйткені, ол нағыз беларусьша майдан даласында көз жұмды.

Беларусь жерінде ақ орыстың өзінің қолынан келе бермейтін ерлікке барды. Тілі, түрі, ділі басқа бола тұрып, ол жүздеген немісті жер жастандырды!

Сөйтіп, ол мыңдаған ақ орысты ажал оғынан аман алып қалды!

Сол қазақ ұланын беларустар қазақ деп білмейді.

Беларусь деп біледі!

Қазыбектің арғы атасы Керней батыр Еңсегей бойлы ер Есімнің бас сардары болған. Атақты Ақтамберді жырау жырға қосқан ардақты есім, ардақты тұлға.

Сол Керней батыр дүниеге келерде анасы қасқырдың өтіне жерік болыпты. Содан да бұл ата Көкбөрі Керней аталады. Сол бөрілік қайсарлық Қазыбекке де жұғысты болыпты.

Ол нағыз қасқыр болып туған еді. Нағыз қасқырша шейіт болды. Беларустың қасқырға толы орманды даласында. Қаланың Қасқыр (Волковыск) аталуы тегіннен болмаса керек.

Батыр сүйегінің ақсөңке тартатынындай уақыт өтті. Араға жетпіс жыл уақыт түссе де ақ орыс жұрты Қазыбек Нұржанов есімін ұмытар емес. Жетпіс жыл бойы батырға қатысты дерек жинап келеді.

Ол аз десеңіз, жыл сайын жеңіл атлетикадан оқушылар арасында жарыс өткізіп тұрады. Қырқыншы рет өткізілген сол додаға бірде-бір рет қатыспаппыз. Айтары жоқ, жергілікті қызыл ізшілер көп жұмыс атқарыпты. Батырдың қалай қаза болғанын анықтаған. Бұған дейін 1944 жылғы 14 шілдеде қайтыс болды делінген болатын. Қаза болған жері де белгісіз еді.

Кейінгі одақтық құпия мұрағаттардың ашы­луымен батырдың қаза болған уақыты нақтыланады. 1944 жылғы 24 шілде… Ал 28 шілде күні Беларуста соғыс қимылдары тоқтайды…

Гвардия аға сержантының осы Волковыск үшін соғыста көзсіз ерлік көрсетіп, ауыр жараланып, госпитальға түскені айтылады. Одан арғы деректердің бәрі күмәнді еді.

Беларус ағайындар осы жарақаттан батыр­дың қаза болғанына сенімді. Госпиталь құжаттарын зерттей жүріп, олар Қазыбек Нұржановтың Деречин селосында Казбек Муржаков болып жерленгенін дәлелдеп шығады.

Өзіміздің «Индустриальная Караганда» газетінің 1985 жылғы 27 сәуірдегі санында бесінші Орел атқыштар дивизиясы минометшілер ротасының командирі, майор А. Васильевтің «Батырлар өлмейді» деген естелігі шықты. Бұл мақалада батырдың ерлігі жақсы баяндалған. Награда парақшасының еркін көшірмесі іспетті әсер қалдырады. Совет Одағының Маршалы, кезінде Екінші Беларусь майданының қолбасшысы болған К.Рокоссовский естелігінде «Қазақ халқының таңдаулы ұлдары Отан үшін майданда аянбай соғысты. 3-Белорус майданының жауынгерлері өздерінің қарулас бауырлары батыр қазақстандықтардың: Есқалиевтің, Мусиннің, Мамытовтың, Нұржановтың ерлік істерін мақтан етеді. Отанымыз олардың ерліктерін ұмытпайды» деп жазады. Белгілі қалам қайраткері Т.Кәкішев «Жол үстінде 80 күн» атты очеркінде де белгілі жайттарды қайталап шығады. Батырдың жерлесі, белгілі қазақ ақыны Жеңіс Қашқынов 1987 жылы шығармашылық іс сапармен Беларусь жерінде болып, батыр басына барып тәу етіп, жергілікті мектепте кездесу өткізгенін айттық. 1971 жылы ақынның «Қазыбек Нұржанов» деген очерк кітабы жарық көрді.1978 жылы «Батырдың анасы» деген дастанын жазды. Алайда, ақын ағамыз осы Беларусь сапарынан «Нар тұлға биіктен көрінеді» деген мақаламен ғана шектелді. Оның өзінде мақала Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай жазылған еді. Осыған дейін Батырдың жалғыз іздеушісі болып жүрген ағамыз неге үндемей қалды?

Басқа деректерде Қазыбек Нұржановтың Берлинге дейін барғаны көрсетіледі. Жоқшы жалғыз Жеңіс ағамыз емес еді.

Қасымхан Қаленов ағамызды біреу білсе, біреу білмейді. Қаламын кеш сілтеген азаматтардың бірі. Елді тыңдай білетін, сөзін өткізе алатын көшелі ағаларымыздың бірегейі еді. Заманында хатшы болып істеген, білім беру саласында да бір адамдай тер төкті, кейінде «Жезқазған туы» газетінің Ақтоғай ауданы бойынша меншікті тілшісі болды.

Мен өзім осы екі ағаммен жақсы сыйлас болдым. Қаскең Жеңіс ағамнан бұрын Беларусь жұртына Батырды арнайы іздеп барған азамат. Ел сенген ақпарға осы Қасымхан ағам сенбеді. Бір кездескенімізде осының жөнін сұрағам.

– Тарих ғылымының кандидаты Калистратовтың «Қазақстан мектебі» журналында «Ұлы Отан соғысы» тақырыбын мектепте өту туралы» деген зерттеу мақаласы басылды. Сол мақалада «Берлиндегі ерлік қимылдары үшін Нұржановқа Совет Одағының Батыры атағы берілді» делінген. «Қазақстан мектебі» жай журнал емес, партиялық журнал, ол бөстекі әңгіме баспайды. «Қазақ ССР тарихы» оқулығының ІІ томында да Қазыбек Нұржановтың Берлинге дейін барғаны айтылады, оны жазып отырған анау-мынау емес, академик А.Нүсіпбеков болатын, ал оқулыққа әбден зерттелген, сұрыпталған деректердің енетінін өзің де білесің, бұл – бас кететін жұмыс, – деген.

Жеңіс ағамды тоқтатқан осы деректер еді.

– Осының абыройын Қаскеңе берейік, – деген ақын ағамыз.

Қаскең Совет Одағында болған кейінгі сілкіністерге байланысты зертеулерін аяқтап үлгермеді, қол қысқалығынан тоқтап қалды.

– Біз әлі өз сөзімізді айтамыз!.. – дейтін Жеңіс ағамыз.

Бұған қарағанда Жеңіс ағамыз да біраз дүние жинап, зерттесе керек. Бүгінде Қасымхан ағамыз да, Жеңіс ағамыз да ортамызда жоқ.

Бәлкім, ол кісілердің кейінге қалдырған жазбалары бар болар?

Бір анығы Жеңіс ағам бабамыздың есімін Қазбек емес, Қазыбек деп орнықтырды.

Ал Қаскеңнің ойы, ниеті алыста жатыр еді.

– Біздің бабамыз туған топырағына екі мәрте Совет Одағының Батыры болып оралады, – деуші еді жақсы ағамыз.

Ойланатын жайт.

Бүгінде Беларусь елімен қарым-қатынасымыз жақсарды, оның ішінде Қарағанды мен Минск арасы жақындай түсті. Олардан бізге, бізден оларға іскерлік делегациялары барып қайтып жатыр.

Сондай бір кездесуде Қазыбек Нұржанов бабамыз есімі де айтылыпты. Сол делегация құрамында болған Ниқан Омарханов бауырымыз Ақтоғай ауданына әкім болып келеді. Беларусьтағы Қазақ елшілігіне жерлесіміз, бауырымыз Өмірзақ Бейісбеков барады. Еліміздің Беларусь Республикасындағы кеден өкілдігінің басшысы болып. Қазіргі байланысымыз осы бауырымыз арқылы жүріп жатыр.

Қасымхан, Жеңіс ағаларымыздан қалған аманат әлі күнге дейін жанымызға тыншу бермей келеді. Олар ойлағандай Қазыбек Нұржанов Совет Одағының Батыры атағына екінші мәрте ұсынылған ба?

Басқа басқа, СССР ЖСП Жарлығында батырдың өлгендігі жөнінде айтылмаған…

Алайда, беларустық қызыл ізшілер Н.Дудин, Я.Осипенко, С.Варяница және басқалары табанды түрде ізденістерін жалғастыруда. Олар бауырластар зиратындағы 199 белгісіз жауынгердің сексен бесінің есімін анықтаған екен. Бұл айтарға ғана оңай. Білген адамға бұл қыруар жұмыс.

Ең бастысы олар жергілікті жұрт жадындағы материалдарды бір орталыққа жинастыра алған. Одан кейін әлгі айғақтарын мұрағат материалдарымен бекітіп отырған. Сондай айғақ орталығы бұрынғы Ленинград қаласында орын тепкен. Онда Деречиндегі бауырластар зиратындағы әрбір жауынгердің қозғалысы (біріншісінен екіншісіне ауыстырылуы, қаза болуы, жерленуі) тасқа түскен. Көптеген зерттеушілер мұны ақиқат құжат деп қабылдайды. Олай болса беларустық қызыл ізшілер барша жұмысты тындырған болып шығады.

Өмірзақ Көбегенұлы айтады:

– Бабамыздың ізіне шам алып түсіп жүрген бір ғана сіздер емессіздер. Мұндағы тұрғындардың екінің бірін қызыл ізші десе болады. Өйткені, олар – мұрағаттық дүниелерге өте ұқыпты. Осында Ұлы Отан соғысының орталық мұражайы бар. Сондағы жәдігерлердің барлығы да түпнұсқасы. Бұл жақ көшірмелерге жолай бермейді. Сонысымен де ұтады. Айтып отырған мұражайға әрбір беларус барады. Жыл сайын, ай сайын, мүмкіндігі болып жатса күн сайын… Келіп жатқан қонақтар да осы мұражайдан шықпай жатады. Олай болса, беларустық қызыл ізшілердің, өлке танушылардың тұжырымдарына тоқтағанымыз жөн…

Жөн сөзге арсыз ғана тоқтамайды. Құжаттар сөйлеп тұр. Сонымен, мен де бастапқы ойларымнан бас тартайын. Алда Алғыс күні келе жатыр. Соған орай, Беларусь жұртына, батыр бабамызға жоқшы болған барша беларустықтарға басымызды иіп, алғысымызды білдіреміз.

Астанадан ұшқан ұшағымыз Минск әуежайына төрт сағаттан кейін қонды. Үш сағат уақыт айырмашылығы бар екен. Соған кетер-кеткенше көндіге алмай кеттік.

Минск әуежайы көзімізге оттай басылды. Өзіміздің Қарағандыны еске салсын.

– Минск, Ереван, Қарағанды әуежайлары бір жобамен салынған. Сондықтан да, Қарағанды әуежайын еске салады. Мұнда үлкен күрделі жөндеулер өтті, – дейді Өмірзақ бауырымыз.

Айтары жоқ, Минск көп жайтты қайта екшеуге жетелейді екен. Ең алдымен, алдыңнан айнадай тазалық шығады. Біздегідей сыпырғыш ұстап, көз алдыңда тұрып алмайды. Соған қарағанда беларус халқы жинақы халық па деп қалдық.

Екіншіден көзге түсетіні табан жолдарының оқтай түзулігі, тақтайдай кедір-бұдырсыздығы. Соған қарамастан, ел жылдамдықтарын жүз шақырымнан асырмайды. Өйткені, мұндағылар тәртіпке бой ұрған.

Көшелерінен Батькаларының бірде-бір суретін көрмедік. Газет-журналдарынан да сол кісінің суретін ұшырастыра алмадық. Ол кісінің айтқан сөзін де еш жерден оқи алмадық. Ал, Батькаларына сөз жуытпайды.

Совет Одағының тірлігі осы елде қалып қойғандай. Бірде-бір совхоз-колхоз тарамаған. Фермалары жұмыс істеп жатыр, тракторлары шығып жатыр. Қытайдың көр-жерлерін көре алмадық. Бәрі – өздерінікі. Бәрі – табиғи, бәрі  – таза. Экологиялық тазалық қайда барсаң да көрініп тұрады.

Біздің айтып жүрген сабырлылығымыз осында екен. Беларус – айтары жоқ, көп ұлтты мемлекет. Соған қарамастан, ешқандай бөлінушілікті көре алмадық. Бірінің дініне бірі құрметпен қарайды. Мұндағы поляк беларустық полякпыз дейді. Енді біреуі беларустық литвалықпыз дейді.

Мұнда қазақтар да баршылық екен. Мың жарымнан асады дейді. Өздерінің мәдени орталығы бар екен. Айтуларынша, сол қазақтар белді қызметтерде отыр екен. Бұл отбасыларының екінші сыңарлары беларустар дейді. Көбі оқу іздеп қалып қойған. Наурыз тойларын, басқа да қазақ мерекелерін кең көлемде атап өтеді екен.

Деревнялардағы мектеп, балабақша, аурухана, клуб үйлері жұмыс істеп тұр. Біздегідей жабылып жатқан ешқайсы жоқ. Бір сыныпта төрт-бес бала оқып жатқанын көзіміз көрді.

Жөн сұрай қалсаң жетектеп жүріп көрсетіп жібереді.

Ұлы Отан соғысы мұражайында болдық. Бір күніміз соған кетті. Соғыстың бар шындығы осы мұражайға көшірілген екен. Алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Беларусь жұрты осы мұражайдан шықпайтындай көрінді.

Беларусь елінің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тарихы осы мұражайда тұрғандай болып көрінді.

Аты-шулы «Сталин желісінде» де болдық. Тарихи қайшылықтарға қарамастан мұнда Сталинге де үлкен құрметпен қарайды екен. Оны, әрине, түсінуге ұмтылдық.

Беларусь жерінде қанның аз төгілмегенін айттық. Еш жазығы жоқ сәби қаны төгілген жерлер де баршылық екен.

Волковыск сапарында «Шауличи» мемориалында болдық.

Жергілікті жұрт оны «Хатынь сіңілісі» дейді екен. Шауличи – отқа оранған деревнялардың бірі. Немістер оны жер бетінен жойып жіберген. 1943 жылғы 7 шілдеде мұнда 366 адамды атып тастаған, оның 120-сы бала екен. 77 үйді отқа ораған.

Қазір бұл жерде «Шауличи» мемориалы орын тепкен. Қарағандыдан барған делегация осы жерде де болдық. Әсіресе, балалардың алған әсері ерекше болды-ау деймін. Өйткені, олардың көз жанарлары жасқа толы болды. Атылған балалардың ішінде төрт күндік сәби де болған екен…

Жалпы, беларус жұрты зердеге қатты қарайды екен. Оның ішінде Ұлы Отан соғысына… Өйткені, сол соғыс қайтып қайталанбасын деген адамгершілік ниет жатыр. Соған орай әскери мұражайлар мұнда баршылық екен. Соның қайсысына барсаң тіреп тұрған шіретті көресің. Көбісі, әрине, балалар…

Мұндай елдің ертеңіне қалай сенбейсің?!

Төрехан МАЙБАС.

( Жалғасы бар).

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button