Жаңалықтар

Рух табыстырған ұлы достық

 

ДЕРЕЧИН ЖЕРІНДЕ

Атағы жер жарған Деречиніміз шағын ғана деревня екен.

Бүгінде бар-жоғы 640 адам тұрады. Соған қарамастан автобусы жүріп тұр, ыс­тық-суық суы шүмектен ағып тұр. Балабақшасы, мектебі жабылмаған. Дәрігері де орнында. Тіпті, қаладағыдай маркеттері де істеп тұр.
Деревнядан қалаға көшу үрдісі бар екен. Соны тоқтату жағы қолға алынған сыңайлы. Соған орай, деревнялықтарға барынша жағдайлар жасалуда.
Оны осы Деречин деревнясынан көрдік.
Бүгінде деревня агроқалашық деп аталады. Өйтетін жөні бар екен. Мұнда үш-төрт үйлі қоныстар баршылық екен. Көбісі ауыл шаруашылығымен айналысады. Солардың басын біріктіріп отырған осы агроқалашық.
Деревняның тарихы тереңге кетеді екен. Он бесінші ғасырдан бері белгілі дейді а

 

йтушылар. Сол деревня үшін Ұлы Отан соғысында талай қан төгіліпті. Біздің бабамыздың да қаны осы жерде төгіліпті. Соған орай ат басымызды бірінші болып осы деревняға тірегенбіз.
Кәдімгі беларусь деревнясы. Алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Алайда мұнда да бір тазалық самалы еседі. Рухани тазалық…
Деревняның тап ортасында бауырластар зираты тұр. Сонда батыр бабамыз Қазыбек Нұржанов ескерткіші бой көтерген.
Алғаш бетте ағаштан көтеріпті…
Оны да түсінуге болады. Мұндағы құрылыс материалы негізінен – ағаш.
Сол ағаш ескерткішке батыр бабамыздың аты-жөнін және «Белгісіз 199 жауынгер жатыр» деп жазған.
Сол ескерткіш былтырға дейін келді. Былтыр шын мәнінде жаңару келді.
Тағы да Өмірзақ бауырымыз айтады:
– Өшкеніміз жанғандай болды…
Әйтеуір, бір соқыр түйсікпен сенген. Ес­керткішті жаңартатына. Оның ішінде мәрмермен… Оған қаражат қайдан табылады? Оны ойға да алмаған. Беларусь тапқан ақшаны бір қазақ таппай ма деп сенген. Сол сенімі алдамапты.
Мұны тағы бір қазақ та ойлап отырады. Қарағандыдағы белді кәсіпкеріміз, көптеген игілікті істерге ұйытқы болып жүрген бауырымыз Мұрат Жадай да бір ой ұшығынан шығады. Әрі-беріден кейін Қазыбек баба бөтені емес. Нағашысы.
Сол ескерткішке тапсырысты Қарағандыдан береді.
Мұрат Жадай бауырымыз айтады:
– Мен өзім құрылысшы болғандықтан, жұмысты Қарағандыда отырып қадағаладым. Бәрі де ойдағыдай болды. Беларусь ағайындар ұятына қараған жандар екен. Жерге қаратқан жоқ…
Көшпелі госпиталь қазіргі ескерткіш тұрған жерде орын теуіпті. Қайтыс болғандарды іргесінде жерлеген. Сондықтан да, бауырластар зиратын іздеп әуре болмаған. Ең алдымен Қазыбек Нұржанов бабамызды анықтаған. Алғаш бетте естілуі бойынша Казбек Муржаков болып жазылып кеткендіктен оны қайтып орнықтыру оңайға түспеген. Сонан кейін қалғандарын түгендеген. Бүгін сол белгісіздердің сексен бесінің есімі анықталған.
Тағы да Мұрат бауырымыз айтады:
– Бұлардың мәдениеті таңдай қақтырмай қоймайды. Әлгі сексен бес батырымыз­дың есімін ескерткіштің беттасына жазуға рұқсат сұрасын…
Әрине, рұқсат берген. Олар да біздің бабаларымыз. Бір ғана ескерткіштің қас бетіне жазылған тізімдерге қарасаңыз қазақы текесімдерді кездестірер едік. Қатардағы жауынгер И.Ашуров (Әшіров), сержант М.Бадилов (Бәділов), сержант А.Бакалов (Бақалов), қатардағы жауынгер А.Беляев (Біләлов), аға сержант Д.Джакунов (Жақынов), сержант Н.Жариков (Жарықов), сержант Ж.Кенжетаев.
Мұнда жыл сайын шеру өтеді екен. Ақпанның 21 күні. Қырық жылдан бері. Өйткені бұл күні Қазыбек Нұржанов атындағы жеңіл атлетикалық жарыс басталады. Ал 23 ақпан – бұл әскерилердің төл мерекесі. Байқап отырғанымыздай бәрі ойласт

 

ырылған. Еріксіз разы боласың.
Қырқыншы шеруге біздер де қатыстық. Облыс әкімдігінің атынан, Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы елшілігінің атынан, «Көкбөрі Керней баба» қоғамдық қайырымдылық қорының атынан, Ақтоғай және Шет аудандық әкімшіліктерінің атынан гүл дестелерін қойдық.
Бір минут үнсіздікпен батырларды еске алыстық.
Одан кейінгі сөзді Зельвенский аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары Валентин Михайлович Семеняк, Қазақстан Республикасының Беларусь Республикасындағы елшісінің орынбасары Қайрат Аманұлы Аман, Қазыбек Нұржановтың немересі Мұрат Манарбекұлы Нұржанов, «Матан» ЖШС бас директоры Мұрат Қайып­ханұлы Жадай алды.
Қаралы шеруден кейін батырдың жерлестері аруақты бабаларымыздың рухына бағыштап құран оқыдық.
Осы жерде мынаны да айта кетелік. Делегацияны бастап барған Есен бауырымыз намазхан еді. Жол бойы жамағат болып оқыдық. Деречинге барған күннің кешінде осы Марат бауырымыз да маңдайын сәждеге тигізді. Ал, жұма намазын Минскідегі Түрік басшысы Эрдоған салдырған мешітте оқыдық.

КӨКЖАЛДАР ЕЛІНДЕ

Волковыск – Беларусьтың көне қалаларының бірі. Ол жөніндегі жазба дерек Тур жылнамасында кездеседі. 1005 жылы ол бекініс қала болыпты.
Атауында тұрғандай бұл қала нағыз қасқыр тірлік кешіпті. Басынан талай соқталы оқиғаларды өткізіпті. Бірде немістер басып алған, бірде поляктар басып алған. 1920 жылы Қызыл Армия оны босатып алады. Алайда, сол жылы поляктар оны өзіне қайтып қаратады. Содан 1939 жылға дейін поляктарға қарап тұрады. 1939 жылдан БССР құрамында болады.
1940 жылдан аудан орталығы екен.
Қалада қырық мыңның үстінде адам тұрады. Мұндағы жұрт беларусь, поляк, литван тілдерінде сөйлесіп, ұғыныса береді екен. Оның ешқандай сөкеттігі жоқ көрінеді.
Жастар жағы негізінен орыс тілінде сөйлеседі. Тағы бір байқағанымыз орыс тілі беларусь тілінің алдынан жүреді екен. Жарнама тілі – орыс тілі.
Қытайдың бұл жаққа келгенін айттық. Бірлескен кәсіпорындар салып жатыр екен.Соған орай болса керек, Қытай иерелогивтері де оқта-текте болса да ұшырасып қалады. Ал әуежайда қытай тілінде кәдімгідей ақпараттар беріледі.

 

Мұнда біздер сынды көше атауларымен, толып жатқан ескерткіштермен алыспаған. Бәрі өз орындарында. Орталық алаңда қасқиып Ленин ескерткіші тұр.
Қаланың басты нышандық ескерткіші қасқырға қойылған ескерткіш. Мұндағы келген жұрт сол қасқыр ескерткішіне барып міндетті түрде суретке түседі екен.
Бұл жоралғыдан біздер де аттап өтпедік.
Біз келгенде қалада небәрі төрт градус салқын екен. Жаурауымызға соның өзі жетіп жатты. Өйткені, мұндағы ауа ылғалды. Сәл желемік тұрса сүйегіңе жетіп барады.
Қазыбек бабамыз осы Волковыскты азат етуге қатысқан. Осындағы қиян-кескі шайқаста ауыр жарақат алады. Сол жарақатынан Деречиндегі госпитальға түсіп, содан қайтыс болады.
Волковыскты спорт қалашығы десе болады. Жалпы, мұнда спорт ойындары көптеп өтеді дейді. Оның ішінде спорттың ойын түрлеріне, жеңіл атлетикаға, гимнастикаға жастар көптеп барады екен.
Жарысқа қатысушылар сап түзеген соң екі мемлекеттің туы көтерілді. Елұрандары ойналды. Бірінші рет. Қырық жылдан соң. Қарапайым беларусьтың жылағанын көріп өзіміз де босадық.
Волковыск топырағынан бес батыр шыққан екен. Солардың ішінде Қазыбек Нұржановқа деген жергілікті тұрғындардың құрметі атымен бөлек. Шаң жуытпайды. Қазақ беларусы дейді. Содан жанымыз семірсін.
Совет Одағының Батыры атағын алған 528 қазақстандық бар. Солардың бірде біреуінің құрметіне шетелде жарыс өткізілмейді.
Мұндай құрметке ие болған тек Қазыбек Нұржанов ғана!
Жарыстың ашылу салтанатында қала басшысының орынбасары Игорь Алексеевич Кашкеевич, Елшіміздің орынбасары Қ.Аман, батыр немересі М.Нұржанов, делегациямыз­дың басшысы Е.Төлтаев және басқалары құттықтап, жарыс жолында сәттілік тіледі.
Жасыратын ештеңесі жоқ, командамыздың құрамында екі қаракөзіміз ғана болды. Мұның өзі кәдімгідей ыңғайсыздық тудырады екен. Айтып айтпай не керек, сол екі қаракөзіміз мерейімізді аспандатты. 600 және 1000 метрге жүгіруден Мәдина Нұрғалиева бас бәйгені шаппай алды десек те болады. 400 спортшының ішінен!
Спорттың аты спорт ғой. Түрге, түске бөлінбейтінін осы жарыс көрсетті. Беларусьты

 

қтар Мәдинаға жанкүйер болды.
Мұндай құрметке тағы бір бауырымыз Рамазан Байдүйсен де ие болды. Ол 300 және 600 метрге жүгіруден жарыстың күміс жүлдегері атанды.
Сондай-ақ, Елизавета Федорук ұзындыққа секіруден бірінші орын, Валерия Ершова биіктікке секірудан, Ксения Агейченко 300/600 метрге, Валерия Сафонова 60 метрге жүгіруден екінші орындарды иеленді.
Сөйтіп, жас спортшыларымыз намысты қолдан бермеді.
Біздің елдің спортшыларының бұл жарысқа қатысуы айтарлықтай оқиға болды. Өйткені, қырық жылдан кейін аталмыш жарыстың мәртебесі өзгерді.
Жарыс бұл жолы халықаралық санатымен өтті.

Төрехан МАЙБАС.

Жалғасы бар.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button