Руханият

Рух шырақшылары

«Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастаса, сықырлаған қару мен сыңғырлаған тиындар ғана қалады» деген екен орыс жазушысы Андрей БИТОВ. Әдебиетті мәдениет пен өнерден бөліп қарауға болмайды. Олар тоқтаған жерден хайуандық, қырып-жою (терроризм) мен арамдық атқа мінеді деген сөз. Әл- Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас  жауы» дегені де, Ұлы Абайдың «Ақылға сәуле қонбаса, Хайуанша жүріп күнелтпегі де» – осы жерден қылаң береді.

Олар кітапхана, театр, мұражай, мұрағат, сияқты киелі жерлерде сіз бен бізге қызмет етіп жүр. Сіз бен бізді тәрбиелеуші немесе байытушы данышпан, кемеңгерлер мен халықтың  арасында алтын көпір қызметін атқарып жүр мәдениет ошақтарында. Жетістік те шығар, бірақ, онысы – өздерінің тағдырлары дер едім. Тастап кетейін десе, адамзат ақыл-ойының інжу-маржаны тұтасқан кітапхана, театр, мұражайдан қадірлі жер бар ма? Тастамайын десе, рухани байлығына айлығы сәйкеспейді. Одан ауылда ақысына мал баққан, болмаса, лауазымды қызмет иесінің көлік тізгіншісі табысты. Затында, журналистерге айтылатын «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» сөзін бұларға да қаратып айтуға болады.

Өткенде облыстық музейдің бөлім басшысымен сөйлестім. «Жалақым – 70 мың теңге» дейді. Сонда оның қоластындағы қанша алады, тәйірі?! Бөлім басшысы біраз жыл жұмыс істеп, тәп-тәуір тәжірибе жинап қалған іргелі маман емес пе? Мен білетін кітапханаларда да сондай болуы керек. Бір бөлімде бірен-саран ғана қызметкер. Бір-біріне соғылып, таңертеңнен кешке дейін мұрындарына су жетпей, ескі газеттер мен журналдардың тігіндісін парақтап, тізімдейді де жатады. Екі, үш адамның жұмысын бір маман атқарады. Сонысына қарай   қомақты айлық төленсе, жақсы. Қайда-а, естісеңіз құлап түсесіз. Ауыз тұшымайды да. Алла несібесіз, нәпәқасыз қалдырмаған соң, аман жүр бәрі. Ал, шындап келгенде, ақылбілім,
ар-ізгілік тарататын осылар.

Бірді айтып, бірге кетті дерсіз? Қылмыс қайдан туындап, парақорлық қайдан шығады? Қоғамда орын алған әр келеңсіздіктің астарында әлеуметтік мәселе бұғып жатары тағы аян. Оның үстіне, ұрпақты адамгершілікке тәрбиелейтін біздің рухани жетістіктердің бәрін қазір цифрлы, электронды, арзан, келеңсіз дүниелер шаң қаптырып кетті. Оларды тыйып болмағанымен, рухани игіліктерді насихаттауда солармен бәсекеге түсе алмасақ, тағы болмайды. Ғаламтордан жарнамаға құрылған жағымсыз ақпарат қалай көп сығаласа, кітапхана, мұражайда бұғып жатқан кемелдік те соншалықты көрініс беруі тиіс қой? Және алғашқы шыққан жазба күйінде емес, заманауи әртүрлі фарматта. Бұл – мәдениет, өнер қызметкерлері бас қатырар дүние болмағанмен, айтарлық мәселе.

Өз басым мәдениет пен өнерге, жалпы, рухани игілікке қызмет ету – қастерлі іс деп білемін. Есі дұрыс адамның бәрі солай ойласа керек. Әйтпесе, адам қайда, ар-ізгілік қайда? Ендеше, еңбектеріңіз жемісті, өмірлеріңіз келісті болсын, рух шырақшылары!

Жәнібек ӘЛИМАН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button