Тарих

Ұрпақ үшін ұран көтерген

Қазақ халқының монолиттік тұтастығын іріту үшін ХІХ ғасырдың орта шенінен бастап патша үкіметі миссионерлік саясат ұстағаны баршаңызға аян. Осы саясаттың түпкілікті мақсат-мұраты – отарлауды тезірек және толық мәнінде жүзеге асыру еді. Ол екі түрлі бағыт ұстанды. Алғашқысы – зорлықшыл, басқыншылық саясаты еді. Солтүстік, орталық аймақтарға салына бастаған бекеттер, почта жолдары барлау мақсатында жүргізілді. Біраз жылдар шамасында қара мұжықтарды қазақ жеріне көшіріп, жергілікті елдің атамекені, туып-өскен ортасынан ығыстырып шығарды. Шұрайлы жерлер қара мұжықтар мен патша үкіметіне қорғаныс мақсатында қызмет жасайтын казак атамандарының иелігіне өтті. Жаңа да айттық, бұл алғашқы зорлықшыл іс-қимылдың жемісі еді.

Енді, шарасыздықтан бағыныштылыққа бас иген тұрғылықты халықтың санасын жаулап алу бағдарламаларын жасап, оны жүзеге асыру жолдары қарастырыла бастады. Сананы өзгерту арқылы бұрынғы ұстанып келген нанымсенімдердің әлсіз тұстары мен әлеуметтік саладағы орны үңірейіп, етек алып кеткен қараңғылық пен кәсіпсіздікке қамқорлық жасамақ болып, өздері ат қойып, айдар таққан «Діни ағартушылық» бағытты желеу етті. Осындай діни мақсат ұстанып келген алғашқы миссионерлерді біздің қауымның кейбір өлкелері ағартушылар есебінде қабылдады. Оларға оң көзқараспен қарады. Өйткені, далалық мектептер ашу іске аса бастады. Осындай мектептердің ашылып қалыптасуына бастамашыл болған Ильминскийді егемендік алғанымызша ағартушы, қазақ даласына білім нұрын таратушылар санатына қостық. Бұл бір жағынан түпкі негізіне бойлай алмаған қауымға сол кезеңде дұрыс та сияқты болып көрінді. Өйткені, сырт көзге ағартушылық іс болып көрінгенімен, оның артында діни мақсаттағы іс-әрекет жатты. Оны сол шамада даламызды мекендеген жалпақ жұрт аңғара қоймады.

Шын мәнінде оны діни мақсатта емес, ағартушылық бағытта жүзеге асырған ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсарин болды. Оның еңбектерін бұрын да, бүгін де зор мақтанышпен айта аламыз. Өйткені, ол осы астарлы саясаттың түпкі мән-мағынасын терең түсінді. Осы сәтті пайдаланып, сауатсыздықтың тұманын серпілту мақсатында көп ізденістер жасады. Алғашқыда бастауыш білім негіздерін қалауға арналған мектептер, кейін сала арнасын ұлғайтып, ер және қыз балаларға арналған орталау мектеп дәрежесіне көтерілді. Шәкірттерін кәсіпке бейімдей бастады. «Жасасын патша» деп басталатын әр сабақ алдында шәкірттердің хормен айтатын жаттанды сөздеріне тежеу сала алмағанымен, оған қарсылығын – оқу құралдары мен педагогикалық еңбектерінде халық ұғымындағы тұрмыс-салттық, қазақ халқына ғана тән ертегі-аңыздарды, кәсіптік деректер мен олардың атауларын орынды да өтімді пайдаланумен дәлелдей алды. Ол алдындағы шәкірттерін ұлттық бағытта тәрбиеледі. Осы мектептен сауат ашқан жастар өсіп-жетіле келе халықтың айтулы қызметшілері бола алды. Оған бір ғана Ахмет Байтұрсыновты мысалға алсақ жеткілікті болар.

Осындай діни ағартушылық мақсатпен ашылған аймақтық мектептер тіл үйретіп, сауаттылықты көтеріп, түрлі мамандық игеруге жол сілтегенімен патшалықтың негізгі – ішкі әлемді жаулайтын миссионерлік әрекеті баяулай берді. Әр жерде ішінара болса да қарсылық туындады. Өйткені, адам санасын өзгертудің қилы да қиын жолдарынан еш кедергісіз өту мүмкін де емес еді. Сондықтан да, патшалық осы зымиян саясатын миссионерлер арқылы бейбіт, кей жайларда күштеп шоқындыру, тіпті, болмаса ақша шашу арқылы жүзеге асыру бағытына ойысты. 1880-1890 жылдары нақтылы әрекетке кірісті. Қолдарына крест, қолтықтарына православтық жинақтарын қыстыра келген миссионерпоптар әр аймақты аралап, сирек болса да шоқындыру әрекетін бастап кетті. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың алғашқы кезеңдерінде осы саланы сөз еткен тарихи-жазба деректерге және кейіннен қолға түскен қосымшаларға көз салсақ, нақтылы да толық мәліметтерге кезігеді екенбіз.

Нарекеңнің миссионерлік саясатқа қарсылығы жайлы ой толғауыма себепкер болған осы деректі дүниелер еді. Ол менің қолыма кейіннен іліккен, абайтануға талпыныс жасап жүрген шәкіртім ақтоғайлық Сұлтан Ыбырайдың «Айқын» газетіне 10 тамызда жария етілген «Абай мен миссионер Сергей» атты мақаласы еді. Мақала 1828 жылы Синдон (дін басшыларының жиыны) қабылдаған қаулыны сөз етуден басталып, осы саладағы көптеген дерек-айғақтарды қамтиды. Еліміздің әр аймағындағы мұсылман дін басшыларының миссионерлік саясатқа қарсы ұйымдастырылған жасырын әрекеті болғаны айтылады. Сұлтан: «Олардың құрамында Науан қазірет (Наурызбай Таласов), Мұхамеджан Бекішов, Шаймерден Қосшығұлов, Смағұл Балжановтардың болғаны. Осылардың Сәдуақас Шорманов пен Абайға жазған хаты тарихымызда белгілі» дейді. Осы жасырын әрекетте шоқындыруға қарсы Абайдың қандай ой-тұжырымдары болғанын 25-інші қара сөзінен аңғарғандай боламыз.

Мысалы: «25-інші қара сөз: «… және де кейбір қазақтар ағайындарымен араздасқанда «Сенің қорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетсем бе?» – деуші еді. Бұл – 1894 жылғы жазба. «Бұдан ке­йін 1897 жылы Семейге келген миссионер Сергей кім?» деген сұраққа мақала авторы толықтай мәлімет келтірген. Ол діни мақсаттағы теріс саясат ұстанған «Қазақ миссиясының» негізін қалаған оның басшысы Архмаминдирд, кейін епископ Сергей Петров еді. Ол Көкбайдың жазбасында: «Семейге миссионер Сергей деген кісі келіп, мұсылман дінін қорғаушы молда-имамдар болса сөйлесемін» – дегенін келтіреді. Сұрағына толық жауап алмаса, Семейдегі 12 мешітті жаптырмақ болады. Тек қана, Абаймен кездесіп, сұрақ-жауап есебіндегі тілдесуден соң Абайдың білімдарлығын мойындап, алғашқы ұстанымынан қайтады. Бұл жай Сәдуақас қажы Ғылманидің «Құран туралы өтіріктер мен жалғандарға қарсы» деген кітабы арқылы да беки түседі.

Ал, осыдан бір жыл бұрын осы миссионерлік саясатқа қарсы Нарманбет «Патшаның тағы бір политикасы» деген ұзақ өлеңін арнады. Ол өлең төмендегідей:

Қырғыз, қазақ әр тапты

Дінге салды шатақты.

Қалмақтан үлгі алыпсың,

Дін жоқ сенде атақты.

Айтасың, атың мұсылман,

Дінің жоқ мойын ұсынған.

Ұрлық-зорлық сенде көп,

Не айтасың осыған?

Айтпаймыз сенде дін бар деп,

Біріңді-бірің жамап жеп.

Құдайдан, сірә, қорықпайсың,

Орыстан қорқып жүрсің тек.

Үлгі алыпсың қалмақтан,

Табындың отқа май жаққан.

Өлікке ат қоюды,

Дін деп алдың қай жақтан?

«Әулие тас» деп үңгірге,

Түнейсің барып бір түнде,

Жартастан бала сұрайсың –

Мұсылман болсаң, бұл жөн бе?

Ағашқа байлап әлемді,

Байқалады осыдан,

Келіннің істер сәлемді.

Ниеттерің сәлеңді.

Қалмақтан жаман талайың

Діннің көрмес маңайын.

Сендерге таза дін таптық,

 Боласың, бізбен ағайын,»

Үлгі қылып қалмақты,

 Салды дінге салмақты.

Ақырда Алла болысты,

Салып еді қармақты.

Шығарды елге миссионер,

«Қазаққа барып дін білдір,

Наданы көп қой қазақтың,

Кейбіреуін еліктір».

Елге шығып екі-үш поп,

Айнытам деп әуре боп.

Ақшаны көп берсе де,

Ешкім тілін алған жоқ.

Үкімет сөзін бұзбайды,

Бұзған соң үміт үзбейді.

Елу сом беріп айнытып,

Тауып алды Дүзбайды.

Ендігі жолға лағынат,

Ағайына қойып жаман ат

– Іріп-шіріп босқа өлді,

Білгенге осы ғибрат.

1897 жыл.

Өздеріңіз пайымдағандай қазақ халқының ұстанған діні ғана емес, ұрпақтанұрпаққа ауысып, қалыптасып кеткен ұлттық ерекшеліктеріміз саналатын дәстүрсалтымызда кездесетін отқа май құю, өлікке ат қойып келу, әулие тұтқан ағаш пен үңгірге әлем байлау, ата-баба басына барып тәу ету, түнеу, яғни, әруақты қадірлеу, келіннің сәлем салуы және тағы басқаларын мәнсіз-мағынасыз құр әурешілік деген миссионерлердің православ дініне үгіттегені айқын көрініс берген.

Осыған орай, осыдан 75 жыл бұрын Тұрғанбек Ахметов не деген екен? Соған зейін қояйық:

«… Жер саясаты жүзеге асқан соң, оны мекендеген халықтың есеп-қисабын жүргізді. «Басқа ұрса өлдік, көтке ұрса, көндіктің» кебін кигізді. Енді нәсілшіл ғалымдардың ұйғарымымен жоғарыда айтқанымыздай, адамның ішкі дүниесіне, өзіндік ұлттық ерекшеліктерінің ең басты адастырмайтын «Құбылнамасы» есептелінетін мұсылман дініне бұғау салуды көздеді. Жоғарыдағы өлең 1897 жылы Қарқаралы төңірегіне миссионерлік мақсатпен келген бір-екі поптың әрекетін келемеж етуге арналады. Аямай төгілген ақшаның салдарынан өз дінінен ауып, христиандықты қабылдаған Дүзбай деген азаматтың іріп-шіріп өлгенін мысалға ала отырып: «Бұл жолға енді лағынет» дейді. Соның өлімі арқылы халықты теріс жолдан сақтандырып, оның миссионерлік саясатқа қарсы шығуы еді» дей келіп: «…Өз тұстарына қарағанда едәуір ілгерілеген адамның көрсететін ісі ғой. Қазақ әдебиетінде тағы да жалғыз және бірінші миссионерлік қарсылығын білдірген Нарманбет ақын. Сондықтан, оның мұнысын жаңашылдық емес дей алмаймыз» деп, ұлы ақынның мыңнан озып, ұлттық наным-сенімдерімізді қорғауда тағы да алға шыққанын түйіп айтады.

Тұрғанбек ақынның миссионерлік саясатқа қарсылығымен қабат, жеке өз басының дін жолын қалай ұстағанына да барлау жасағандай болады. «Бұлай болуының себебі дін жөніндегі мағлұматтарының зор болғандығы. Артық тақуа, сопы адам болмағанымен де, ораза ұстап, намаз оқыған» – дейді. Ақынның өзі «Жаратқан бір ие бар» деген өлеңінде:

«Жаратқан бір ие бар,

 Одан үлкен Алла жоқ.

Өзі күшті, заты пәк,

Ортақ әнда онда жоқ.

Иллаһим сенде серік жоқ,

Пәндәһім менде ерік жоқ.

Хайлі білдім біріңді» – дейді.

Бұл өлеңнен ақынның «Құдай – бір,

Пайғамдар – хақ, дінім – ислам» – деген құдайшыл, санашылдық пікірі айқын көрінеді. Құдайды танудағы пікірлері Құранмен сарындас. Қайта шариғат жолын жақсы меңгерген болып шығады. Тек қана:

«Лауқыл, мақпуз – бір тақтай,

әуре болым, мен таппай?!

Тағдырым сонда деп қойдың,

кім біледі, сырыңды?» – деп, Құдайдың сырына көзі жетпей, әуре болдым» деп налиды. Өзін шектегендей болады. Елге, жұртқа өсиет айтқанда құдайға, Құранға сүйеніп айтады. «Мен бір аңқау пендемін» дейтін өлеңінде:

«Інжіл, Құран оқыдым,

көңіліме тоқыдым.

Жолы мынау шындаған,

Өтірік, ұрлық, зинадан,

Ғайбат, шағым, күнәдан.

Жаман екен тынбаған.

Жақсылық істе адамға,

түзу жол көрсет наданға,

Тағаттан артық болмаған.

Жәбір қылма еш жанға,

Барша мақұлық хайуанға,

десеңіз жұртым, маған біл» – дейді.

Имандылық бағытты ұстанған ұстанымы, шариғат жолын жұртшылыққа қалай үндегені осы өлеңнің өзінен-ақ айқындалып тұр. Ақынның дін жолын ашық насихаттаған бұдан басқа да көптеген өлеңдері бар. Кейіннен табылған «Әзел» атты күрделі туындысы оның діни білімдарлығын танытып, дінді екі дүниеде де серік ету керектігіне меңзейтін туынды. Шығарманың күрделілігі мен көлемінің молдығына орай, бүгінгі күні оны сөз етпекші емеспіз.

Мен осыдан 5-6 ай бұрын Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы «Әдебиет және өнер» институтының қорындағы «Нарманбет папасынан» жаңа деректер алғыздым. Олардың ішінде бұрын еш жерде жарияланбаған «Екі мұжық, бір қазақ» деп аталатын өлеңі бар екен. Бұл өлең жоғарыда сөз еткен «Патшаның тағы бір политикасы» деп аталатын туындысынан да терең мағынада жазылған. «Бір діннен екінші дінге ауысатын екі ұлт өкілдерінің санасына 180 градустық өзгеріс енгізіп, қыз алысып, қыз берісетін заман туып қалса, не болмақ?» деген сұрақ ақынды қатты мазалайды.

Екі мұжық, бір қазақ,

Күніне тартып, мың азап.

Бес-он жылдың ішінде,

Табар едің тым аз-ақ,

Мұжықты қосып екі есе,

жүрер еді егесі.

Араласып ауыл боп,

дінді сүйтіп жемесе.

Қызын да беріп жалдыға,

дұшпандық салып араға,

қызынан туған жиенін,

мұсылманға санама.

Қарайтып жүрсе қазақты,

 салар еді тозақты.

Өз жағына аударып,

 қылар еді мазақты.

 Жазбасын Алла бұл істі,

болама, дұрысты?

Қор қылмаққа ақ дінді,

 ақырын Алла болысты

Соңында халқымыздың ата дініне беріктігі ме, әлде ішкі монолиттік тұтастығы ма, әйтеуір миссионерлік саясаттың аяқсыз қалғанына тәуба келтіреді.

Осы өлеңді Тұрғанбек 1934 жылғы жинағына кіргізбеген. Өйткені, кеңестік саясатқа сай келмейтін ұлт пен ұлттың жақындасуына қарсылық танытатын туынды саналуы мүмкін деп сақтық жасаған болуы тиіс. Бірақ, кеңестік кезеңдегі қатаң тәртіп автордың қауіптенген миссионерлік саясатынан да қауіпті жүргізілді.

«Қолағашы мықты болса, киіз қазық жерге кірерге» тап болып, жүзеге асқаны шындық. Одан соң, кеңестік кезеңнен бастау алған аралас неке көбейді. Оған кейіннен «Интерноционалдық отбасы» деген құрметті атау да берілді. Дінге де «Апиын» делініп, тыйым салынғанын бастан кешірдік. Бұның бәрі кеңестік идеология қалыптастырған коммунистік тәрбиенің жемісі болғаны анық.

 Ал, «интернационалдық отбасы» деп ат қойып, айдар тағып жүрген осы атаудың қалыпты жағдайға айналып, бұның қазіргі кезеңде оғаш саналмайтынын бастан кешіріп отырмыз. Бірақ, ұлттық наным-сенім тұрғысынан бүгінгі кейпіміз Алаш жұртына қолайсыздау болатынын Нарекең осыдан 122 жыл бұрын қалай жобалап, болжай алған деп таңдай қақпасқа бола ма?

Бұл – миссионерлікпен сабақтаса жалғасқан кеңестік саясаттың ана тілімізді шұбарлап, рухани құндылықтарымызды бағаламау, өте бай ұлттық қазынамызды жойып, іштей ірітудің басы еді. Бір сөзбен айтқанда біртін-біртін мысықтабандап жылжып қазақсыздандыруды іске асырудың көзге аса елене бермейтін ерекшеліктері болатын.

Қорыта айтқанда Абай мен Нарманбеттік миссионерлік саясатқа жоғарыдағы қарсылығынан екеуінің де ұстанған бағыттары бір рухани үндестігін танимыз. Екеуі екі жерде болса да, ішкі әлемдерінің ажырата алмас бірлігіне, беріктігіне таңқаламыз. Нарманбеттің ойшыл өлеңдері, философиялық тебіреністері, ағартушылық бағыттағы шақырту өлеңдері мен отарлауға қарсы «Жалпы жер мәселесі», саяси бағыттағы тағы басқа да еңбектері арқылы Абайдың нағыз шәкірті деп танысақ, енді бұрын сөз етіле қоймаған діни салада мұсылман қауымның қорғанышы болуға жасаған талпынысы арқылы тағы бір қырын аңдағандай боламыз.

 P.S: Осы Нарекең шығармашылығы жайлы тағы да бір көптен бері көкейде жүрген көлеңкелі ойдан құлағдар етпекпін. Түрлі салиқалы басқосуларда түйінді іс саналатын негізгі тақырыпты түптеу үшін жақсы тілек айтылып, іске асуға тиісті шараларға көңіл аударылатыны шындық. Сондай жақсы лепестер 2010 жылғы ақынның 150 жылдық мерейтойына арналған конференция қарарына іліккен еді. Таратып айтсақ, ақынды насихаттау шараларының ауқымын кеңейту, аудан мектептерінде қысқа мерзімді курстар ашу, ақын күніне арналған кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізу, оқушылар мен студенттерге шәкіртақы тағайындау, ірі қалалардағы көшелерге ақын есімін беру болатын. Бірақ, қағаз бетіне түскен аталған іс-шаралардан не біткені, не бары менің көзіме іліге қоймады. Сөз сөз күйінде қалғанын мойындауға тиіспіз. Сондай-ақ, ақынның академиялық жинағының ІІІ томының жарық көруіне қаржы тапшылығының қолбайлау болғанын айтуға тиіспін. Бесалты жыл бұрын Қарағанды «Болашақ» академиясы мен Ақтоғай ауданындағы К.Байсейітова атындағы орта мектебінде арнаулы бағдарлама бойынша «Нарманбеттану» курсы ашылған еді. Қандай себептер екені белгісіз үштөрт жыл болды, олар да жұмысын тоқтатты. Бір сөзбен айтқанда, Нарманбетті ұмытуға айналдық.

Тек қана, өз ізденісіміз арқылы сәтті аяқталған бір-екі іс болды. Ол – академик Диқан Хамзабектің септестігімен академиялық 2 томдық жарық көріп, ақын мазарына 2014 жылы күрделі жөндеу жасалды. Сырты қоршалып, ескерткіш тасы жаңарды. Бұған тәуба келтіремін.

Амангелді Туғанбай,

 нарманбеттанушы.

Басқа материалдар

Back to top button