Жаңалықтар

Әркімнің өз таңдауы бар

   Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің жыл сайынғы әрбір Жолдауында және кейінгі бағдарламалық құжаттарында жеке кәсіпкерлікті дамыту ісіне ерекше көңіл бөліп келеді. Соған орай, үстіміздегі жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында «Бастау Бизнес» жобасы іске қосылып, сол бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол дегеніміз жергілікті жерлерде курстар ашып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалдары арқылы өз кәсібін жүргізуге ынтасы бар адамдарды оқыту, оларға жол сілтеу деген сөз.

Оқыту кәсіпкерлік қызметті жүргізудің негіздерін үйретуге арналған. Онда жұмыссыз жүрген адамдардың, өзінің жеке кәсібі бар немесе жаңа бастаған, әлі тәжірибесі аз кәсіпкерлердің оқуына болады. Ол үшін оқуға талпынған адам өзі тұратын жердегі жергілікті әкімдікпен байланысып, тиісті құжаттарын тапсыруы қажет. Бұдан әрі еңбекпен қамту орталығы ол адамның қандай топқа жататындығын анықтайды. Топ жиналған сәттен бастап біз тестілеу жүргіземіз де, оқуды бастап кетеміз. Бұл «Бастау Бизнес» бойынша курстардың басқаларынан ерекшелігі – оның қолжетімділігі, ұзақтығы және алған мақсатқа жетуде нақты нәтижеге ие болатындығы. Мұнда ең маңыздысы – тыңдаушы материалды игеріп, өзінің жобасын сауатты қорғай білсе болды.

Мен қазір Ақтоғай ауданында осы бағдарлама бойынша бизнес-тренер болып қызмет атқарып жатырмын. Біздің оқыту бағдарламамыз екі бөлімнен тұрады. Оның біріншісі – теориялық оқу болса, екіншісі – практикалық бөлім. Оқу курсын аяқтап біткен соң аудандық комиссия бизнес жоспардың алдын ала тыңдауын өткізеді. Одан соң жобаны кәсіпкерлердің облыстағы өңірлік палатасындағы комиссияның алдында сараптан өткізуіне тура келеді. Бұл біздің тыңдаушыларымыздың алдағы уақытта кәсіпкерлік қызметпен айналысуы үшін ірі қаржыландыруға ие болуы үшін қажет. Өйткені, банкілердің дайындығы жоқ адамнан гөрі белгілі бір дәрежеде дайындығы барларға бүйрегінің көбірек бұратындығы белгілі.

Ақтоғай ауданында алғашқы екі кезеңмен оқу өткізу кезінде 33 адам дайындықтан өтіп, оның ішінде 20 адам несиеге ие болды. Олардың барлығы өзінің жеке кәсіптерін ашты. Ал, үшінші кезеңде оқығандар тіпті, белсенді болып шықты. Дайындықтан өткен 14 адамның 13-і өздерінің жобаларын қорғап шығып, ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының қаржыландыруына құжат тапсырған еді, 3 тамыз күні тиісті сертификаттарына ие болды. Тек бір жас келіншектің баласы ауырып, сабаққа қатыса алмай қалғандықтан, сертификатқа қолы жетпеді. Ол дайындыққа қайтадан келуді жоспарлап отыр. Өйткені, оны Психологиялық бизнес-ойлау жүйесі, Маркетинг және өткізу нарығын іздестіру тақырыптары қатты қызықтырады.

Сол сияқты біз өзінің тұтынушысын табуды, ұзақ мерзімдік қызметтестікті қалай реттеу керктігін, сату жұмысын табыспен жүзеге асыру жолын үйретеміз. Оң шешім табуды ойластырудың және келіссіз жүргізе білудің маңызы зор. Тұтастай алғанда біздің жоба Синергии принципі бойынша жұмыс істейді. Бұл дегеніңіз – әрбір жеке кәсіпкердің өз бетімен даму жолына түсуі қажет деген сөз. Сонда ғана ол аудан экономикасының дамуына өзінің септігін тигізері сөзсіз. Егер әрбір аудан өз бетімен дами беретін болса, онда ол облыстың және тұтастай республикамыздың экономикасының дамуына лайықты үлес қосар еді. Сондықтан да әркімнің өзінің таңдауы бар. Сол таңдау бойынша өзіне қажет жолға түседі. Біз сол жолдағы қиындықтарды жеңуге көмек жасаймыз. Қазіргі кезде «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы Ақтоғай аудандық филиалының директоры Серікбол Дәкәрім, үйлестіруші Ақ­жол Метжанов жұмыстың нәтижелі жүзеге асуына ерекше үлестерін қосуда.

Негізінен алғанда, түпкі мақсат – тек сертификат алу ғана емес, сонымен қоса өзінің жеке ісін ашу, ол үшін несие алу. «Бастау Бизнес» бағдарламасының аясында оқыту ережесінің жобасына сәйкес курсқа қатысушылар ең төменгі пайызбен ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының және «Агронесие» корпорациясының, шағын несиелендіру қаржылық ұйымдары мен серіктестіктерінің ақшалай қолдауына ие бола алады. Ал, кәсіпкерлік палатасы болса, әрбір жобаның жүзеге асырылуын толықтай қолдап отырады.

Қазіргі кезде келесі кезеңге тың­даушылар жинақталуда.

Ләззат ЖАНЫСБАЕВА,

бизнес-тренер.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button