«Әркім өз кездігімен өлшейді» немесе тағы да ҚАЗАҚТЫҢ БАЯН БАТЫРЫ туралы

Кейінгі жылдары Батыр Баян, Сары батыр, Жантай батыр төңірегіндегі

дау-дамайлар толастағанның орнына асқынып барады. Ниет түзу, әрине. Тарихтан өз орындарын алып бермекші. Алайда, біздің тарих айдағанға жүре беретін аяқты тарих емес. Сондықтан да, бірін-бірі теріске шығаратын қайшылықтардың болуы заңды деп білеміз. Тарихпен сен шұғылданбасаң, тарих сенімен шұғылданады. Сол кез келді, білем. Өйткені, тарихпен тарихшы еместер шұғылдана бастады. Менің де бұл жазбам – солардың бірі. Көлеңкелі тұстарымыз­ға бір сәуле түсірсем деген ниет.

Қалмақтардың Еділден бергі «Шаңды жорығынан» бір жылдан кейін орын алған, Абылайдың Ерейментауға орналастырған қалмақтарының Жоңғарияға қырғын соғыспен үдере көшкен тағы бір «Шаңды жорығы» болған көрінеді. Баян мен Жантай батырлар осы жорықтың соңында қазаға ұшыраған дейді «Жантай батыр» дастанында. Екінші «Шаңды жорық» Шоқан атамыздың жазбаларында да бар болып шықты, тек ол «Тылный поход», яғни, «Ішкі жорық» деп аталыпты.

Сонымен, 1772 жылғы қалмақтың Ерейментауда қазақ руларының арасында тұрып қалған 10000 түтін қалмақ, Үмбетей жыраудікі делінген «Жантай батыр» дастаны бойынша түйе, жылқы сияқты малдарын қысыр қалдырып, қой-ешкі, сиыр сияқты баяу жүретін малдарын қыстай азық етіп, даярланып сәуір айында қазақ жерінің үстімен қырғын соғыс салып, ежелгі атамекеніне, жоңғар жеріне жөңкіліп көшіп жөнеледі.

Осы дастанда қалмақтардың соңынан 500 жауынгермен іле қуып шыққан Жантай батыр алапат соғыста опат болып, Абылай әскер жинап, Баян батыр бастаған қол қалмақтарды Іленің маңында қуып жетіп, Қытай шекарасынан өтіп Құлжаға дейін қуалай соғысып барды дейді.

Шоқан атамыздың жазуы бойынша да, қазақтың ауызша шежіре тарихында да осы соғыстан қайтып келе жатқанда, қалмақтардың өліктерін тастап кеткен құдықтарынан су ішіп, Баян батыр көп жауынгерімен бірге уланып өлген. Қазақтың ауызша тарихында батырдың денесі шілденің ыстығында ата мекеніне жете алмайтын болғаннан соң, қазіргі Қарағанды облысының бір жерінде жерленген деген еміс-еміс естілер сөз бар еді.

«Қарағанды жұртының көне шежіре, тарихты білетін үлкендері осы мәліметті растап, батыр бабамыздың жатқан жерін көрсете алатыны болса, тарихтың бір үлкен ақтаңдағы жойылар еді» деп облыстық «Орталық Қазақстан» газеті арқылы үндеу салғанымызда «Қарағанды – Балқаш күре жолының бойындағы Ақшатау кенішіне тақау Қарабұлақ деген ауылдың тумасымыз, біздің ауылымыздың жанында «Сарыбаян жотасы» деген жота бар, бала кезімізде аталарымыз бен әкелеріміз «осы жотада Уақтың Баян батыры жерленген» деп айтатын еді» деген азаматтар, бір-бірінен тәуелсіз, Абай қаласы мен жол бойындағы Ақшатаудан кейін 20 шақырымдай жерде орналасқан Ақжал ауылының тұрғындары еді. Олар «Орталық Қазақстан» газетінің Бас редакторы Мағауия Сембаев пен осы жолдың авторына телефон соқты.

Солардың біреуі, Ақжал ауылының тұрғыны Серік Қамбарұлы деген азамат. «1981 жылы қайтыс болған Қарабұлақ ауылының тұрғыны Самат Мұсабеков деген айтыс ақынының жазбалары бар еді, егер, сол табылса көп нәрсенің бетін ашар еді» деген сөз айтты.

Көп ұзамай Самат Мұсабекұлының «Есей-Достың ерлігі» деген дастаны табылды. Дастан «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары, белгілі жазушы, этнограф Төрехан Майбастың қолында екен. 1991 жылы Қарағанды облысы Ақадыр аудандық газетінің бас редакторы болып тұрған кезінде дастанның толық нұсқасын газетке жариялаған көрінеді. Елге белгілі кейбір азаматтардың «Қазақтың мынандай аруақты, айбынды батырлары қара тышқақтан өлді деп қалай айтуға болады» деген сөзімен дастан жалпы көпшілікке ұсынылмай, белгілі болмай қалған екен.

Осы «Есей-Достың ерлігі» дас­­танында қалмақтарды қуған жауынгерлер қайтып келе жатқан жолында қалмақтардың өліктерін тастап кеткен судан су ішкендіктен, Қарабұлақтың жанындағы қарасуға келгенде үш жүз сарбаздың жүзі, ішінде Арғынның Итқара батыры, Уақ Сары Баян батыр бар, «сатқақ» деген іш аурудан өлген деп айтылған.

Баян батыр, кейін Сарыбаян жотасы деп аталып кеткен Қарабұлақ ауылының жанындағы жатаған жотаға сарбаздарымен бірге жерленген. Итқара батыр 40 жауынгерімен өзектің ар жағына Тұрсынның Ақтөбесі деген төбенің басына жерленген, екі жотаның арасы үш шақырым депті (ұрпақтары басына кесенесін де тұрғызған көрінеді).

Қорым ұзындығы 90 метрге тақау, бір қатар болып тізілген бесікше зираттардан тұрады. Ауылдың халқы қайтыс болған ата-аналарын, бұл қорымға араластырмай, аулақтау жерге жерлейді екен. Бізді қарсы алғандардың ішіндегі, Самат ақынның бел баласы Баянды деген азамат «ата-анам менің атымды Баян батырдың атына сәйкестеп қойған. Бала кезімізде үлкендер бұл жотаға бұзау, қой-ешкі жаймаңдар, жотаға шығып ойнамаңдар, бұл жерде аруақты батырлар жатыр, мазаламаңдар» деп айтатын деді. «Апырмай, Баян батырдың іздеушісі жоқ па, бұл қорым осылай жетімсіреп жата бере ме деп қиналып жүруші едік» деген сөздерді де айтты.

Мағжан атамыздың «Батыр Баян» поэмасында көрегендікпен айтқан, ең соңғы, түйінді сөзіндегі:

«…Арқаның селі, желі,

шөлі, белі,

Ерлерді ұмытпаса, ел де

ұмытпас!»

дегені шындық болып шықты.

242 жыл бойы елі, жері үшін шаһит болған ерлердің атын ұмытпай сақтап, мүрделері жатқан жотаның бұрынғы «Кіндіктөбе» деген атауын ауыстырып, «Сарыбаян» жотасы деп ат беріп, екі жарым ғасырға жуық уақыт бойы тас бесікшелер жер астына сіңіп кетпеуін қадағалап, «бұл жерде Уақ Баян батыр сарбаздарымен жатыр» деп ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп жеткізген Қаракесектің Керней еліне айтар алғысымыз шексіз.

Баян батырдың аты ұмытылмасын деп күні бүгінге дейін балаларының атын Баян деп атап келе жатқан жұрт бұл. Мәселен, жоғарыда айтылған Баянды және осы елдің тумасы, академик Баян Рақышев мысал бола алады. Бір-біріне ілесе туған екі баласының аттарын Баян, Ноян деп қойған жанұя да бар бұл елде. Қазақ деген халықтың бір тұтас ел екендігінің көп дәлелінің біреуі осы ғой деп ойлаймыз.

Баян аға Рақышев «менің атам Қоңыратбай Баян батырдың жасағында соғысқан, сондықтан Керней елі бүгінге дейін сыртымыздан Уақ деп айтады» деген сөз айтты маған.

Енді «Сары Баян» атауына келейік. Уақтың Сары батыры да қазақтың айтулы батыры болған. Аты Бұқар, Үмбетей, Тәтіқара, Шәді төре сияқты ұлы жыраулардың толғауларында, Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек тархан сияқты Абылайдың бас батырларымен, бауыры Баян екеуі, қатар аталған тұлға. Сары батыр – Баянның жақын аталас туыс ағасы, 1690 жылы дүниеге келіп,1771 жылғы Еділ бойындағы қалмақтармен соғыста жараланып, Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Тимирязев ауданының Докучаев ауылынан 4 шақырым жерде жерленген. Басында, қазақтың аяулы азаматы Бекет Тұрғараев ертеректе тұрғызған, граниттен жасалып, аты-жөні жазылған үлкен стелла бар. 2014 жылдың 30 тамызында Сары бабамыздың басына сәулетті кесене тұрғызылып, ашылу салтанатына ағайындардың шақыруымен барып қатынасып қайттым.

Ал, Қытай патшасының өкілі 1758 жылдың ақпан айында, Абылайдың өз аузынан айтқаны бойынша жазып алған дерек, Қытай мұрағатынан алынып, белгілі ғалым, журналист Зарқын Тайшыбайдың «Қазақтың ханы Абылай» атты екі томдық кітабында, Абылайға байланысты құжаттардың тізімінде, 215-ші болып жарияланған. Онда, Абылай «Орта жүзде: тарақты, арғын, найман, керей, уақ, төлеңгіт, қыпшақ қатарлы 7 тайпа бар»;

…«Уақ тайпасының 1000 отбасы Сары Баянның билігінде;

Уақ тайпасының 1000 отбасы Тілеу батырдың билігінде;

Уақ тайпасының Бармақ батыры 500 отбасын басқарады;

Ергенекті-Уақ руының 1000 отбасы Есенқұл батырдың билігінде;

Жаңа Уақтың 500 отбасы Сары батырдың билігінде»… деген сияқты, бүкіл Орта жүз бойынша мәліметтер беріп жазғызған.

Осы келтірілген тарихи мәліметтер бойынша Сары мен Сары Баян – екі бөлек кісілер және екеуі де Уақтың батырлары. 2014 жылы «Фолиант» баспасынан шыққан «Баян батыр» кітабындағы «Баян батыр туралы жазба деректер» деген мақаласында Зарқын Тайшыбай ағамыз «Баян батыр сары өңді кісі болған» деп жазды. Бұл тұжырымды біз де қолдаймыз, себебі, Баян батырдың алтыншы ұрпағы 87 жастағы Зейнолла Олжабаев, сол сияқты бабамыздың тағы бір ұрпағы академик Оразгелді Баймұратов аталарымыз да бидай өңді, сары кісілер. Астанадағы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетінде Мира Тұрсынбаева деген қарындасымыз жұмыс істейді. Баян батырдың Құлтерек деген баласынан тараған ұрпақ. Осы бала үйректің үш күндік балапаны сияқты, сары шашты, сары реңді.

Алғаш «Сары Баян жотасы» деген сөз тіркесі алдымыздан шыққанда абдырап қалдық, себебі, «осы Қарабұлақтың басында Сары батыр да жерленген бола ма сонда, қалай болды өзі?» деп таң қалдық. Осыған дейін Шоқан Уәлихановтың Сары мен Баян туралы «Халық аузында қос батырдың аттары біріктіріліп, Сары-Баян деп қосақталып айтыла береді» деп жазғаны есімізде. Шоқан бабамыз Баян батыр қайтыс болғаннан 63 жылдан кейін туған ұрпақ, ал, осы пікірді 20 мен 30 жастың аралығында жазған болуға тиісті, өзі 30 жасында о дүниелік болды. Сонда, кемі 83 жылдан кейін естіген ауызша мәліметте жаңсақтық неден кеткенін кейінірек айтамыз.

Үмбетей жыраудың шығармасы делінген «Жантай батыр» дастанында Баян батыр мен Жантай батыр бір лақатта жерленген деген сөз бар. Бірақ, Шет ауданының жұртшылығы Жантай батырдың атын «осы жерде жатыр» деп атаған жоқ және бұл маңайда Жантай батырға байланысты жер атауы да жоқ болып шықты. Ал, «Есей-Достың ерлігі» дастанында «Қара сойыл, қара күш Жантайбұлақ» деген сөз бар, бірақ, жергілікті халықтың айтуы бойынша бұл Жантай осы Кәрсөн-Керней елінің Жантайы. Ол кісі көп бері өмір сүрген. Екінші айтарымыз, Абылайдың замандасы Үмбетей жырау жоғарыда айтылған «Сары Баян» жөнін біледі ғой. Ал, «Сары Баян» атауының жөнін білмейтін кейінгі ақындар соғысқа Сарыны да, Баянды да қатынастырып, екеуін де опат қылып әуре болған.

Дастанда біресе Сары-Баян, біресе Сары, Баян деген түсініксіз мағынада қолданылған атаулар жүр.

«Хан сөзін уақ Баян ұнатпады,

Қасарып Сары оны қуаттады»;

«Басқарған шабуылды

Сары-Баян,

Айбыны-алапаты әлемге аян.

Қос аю шауып, шаншып

ақырғанда,

Құлжаға тоқтады кеп

кетпей аман»…

Осы жолдардың контекстінен екі кісі туралы айтылып тұрғаны аңғарылады.

«Жармасып Сары-Баянға

жетті ноян,

Желікті қашқын тағы

басынғандай».

Бұл жерде сөз бір кісі туралы айтылып және қазақтың қас батырын дұшпан басынатындай деңгейге жеткізіп тұр, ал, екі кісі туралы десеңіз онда жаңа ғана «алапаты асқан қос аюды» кім басынып қасына келе алады. Үмбетей жырау бұлай демесе керек.

Тағы бірде:

«Киімінің ақауын көріп қалып,

Сарыны жау мергені

атыпты дәл».

«Көз жұмып Сары-Баян

со бір түнде,

Қазақтың осы арадан қайтты бәрі» дейді.

Баян батыр өлгеннен кейін 70-80 жылдан кейінгі осы жүйесіздік Шоқан атамызды шатастырып, «Халық аузында қос батырдың аттары біріктіріліп, Сары-Баян деп қосақталып айтыла береді» деп жазуына себеп болды деп ойлаймыз.

Бұл дастанда он мың қалмақ бес жүз қазақпен үш күн соғысып ала алмайды. Соғыстың бар амалын білетін, әккі жау осыншама пұшайман болар ма?

Дастанда «Қайран ер-қайсар жанды дарға асып,

Кетті жау Балқаштың

қу даласынан»;

«Балқаштың қанды өңіріне

қайта барып,

Жантайды дар түбінен

тауып алып.

Шаһид ғой үйде туып,

түзде өлген,

Батырға тағзым еттік қайран қалып» деп айтады.

Қаны қарайып жауыққан қалмақтардың Жантайды ит-құсқа жем болмасын, қазақтар тауып алып арулап көмсін деген ниеті болмаған болар. Қазақ батыры Жантай түгілі, өздерінің әке-шешелеріне дейін ит-құсқа жем қылып тастап кететін қалмақ емес пе бұл. Сондықтан, Жантай батырдың мүрдесін ағашқа іліп емес, бір қарасуға тастап кетті десек, қалмақ жұртының болмысына сәйкес келеді.

Айтылған дастанда Құлжаның түбінде опат болды деген Баян мен Сарыны, шілденің ыстығында, Балқаштың жағасында ағашқа асулы тұрған Жантайдың мүрдесі жолыққанда:

«Арғындар Жантай, Баян,

Сарыларды,

Арулап кең лақатты көрге салды» дейді.

Қазақ мұсылман елі ғой, бір лақаттың ішіне бірнеше кісіні көмуші ме еді?

Жекпе-жекте қалмақтың батырының мұрны қанаған жер болса да мырза қазақ сол жерді қалмақтың атымен атағаны тарихтан белгілі ғой, мысал көп. Сол сияқты Жантайдай батырдың қаны тамып, о дүниелік болған жері де, мүрдесі жерленген жер де ел аузында атаусыз қалмаса керек қой? Бірақ, ондай жер атауы жоқ болып тұр ғой бүкіл қазақ даласында.

Бұл дастан Үмбетей жыраудың атынан, көп кейін шығарылған дастан және бір-біріне кереғар варианттары бар, себебі, күні кеше ғана – 8 шілде күні «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Екі дастан, бір оқиға» атты мақаланың сүйенген версиясының біздің қолымыздағы «Жантай батыр» дастанынан принципті өзгешеліктері бар. «Егемен Қазақстан» газетінде дастанның дәлелге келтірілген версиясында қайтсе «Жантай мен Баянды бірге өлді» деп дәлелдеуге тырысқан. Сенімдірек болуы үшін Жантай 500 де емес, тіпті, 80 жауынгермен жауды қуады. Былай шыға бергенде 80 жауынгерімен Баян батыр жолыға кетеді. Біздің қолымыздағы Үмбетейдікі деген дастанда:

«Майданға қайта кірсе

батыр Жантай,

Шуласып бүркіт көрген

шағаладай,

Он мың жан бес жүз ерге

жабылыпты,

Жау бекер соғыса ма

шамаламай».

Әрине, мұндай жағдайда екі батыр бірге өлуге тиісті, сонда ешбір қазақ о заманда да, бұл заманда да көрді ақтарып «бірге жатыр ма, жоқ па» деп тексермейді ғой. Кейіннен осы дастанды Үмбетей жыраудың атынан шығарушылардың негізгі есебі де осы болды деп ойлаймын. Егер де дастанды Үмбетей жырау жазса, онда куәгер ретінде, Жантай батырдың мүрдесі жерленген жердің атын дәл көрсетер еді. Ел де ұмытпас еді. Оған мысал, жоғарыда айтылған «Сары Баян» жотасы. Ағайын арасы мен жорықтас серіктерінің ортасында Сары Баян атанған Баян батырдың есімін Керней елі күні бүгінге дейін дәл сол қалпында жеткізіп тұр емес пе?!

Өздеріңізге белгілі, «Баян батыр» қоғамдық қоры Мақсұт Нәрікбаев пен Қайрат Тәйкеновтің басқаруымен 2014 жылдың 12 шілдесінде Павлодар қаласында Баян батырдың салт атты ескерткішін орнатты. Бұл күндері «Баян батыр» қоғамдық қорының президенті Қайрат Кәркенұлы осы істі ары қарай жалғастырып Қарабұлақтағы «Сарыбаян» жотасында кесене салып бітірді. Құрылысты тікелей жауапкершілігіне алып, жүзеге асырған Ғани Қансейітов бауырымыз екеуін атап өтіп, рахмет айту парызымыз. 30 шілде күні сағат 11-де облыс, Шет ауданының әкімшілігінің және жұртшылықтың қатынасуымен кесененің ашылу салтанаты өткізіліп, Ақжал кентінде Баян батыр мен сарбаздарына бағышталып ас беріледі.

Сөз соңында айтарым, Уақ деген ел – қазақ халқының негізін құрушы рулардың бірі. Бабамыздың салт атты мүсінін Павлодар қаласына орнатып, Қарабұлақтағы батырдың сарбаздарымен бірге жерленген Сарыбаян жотасында кесене тұрғызып жасап жатқан жұмыстар оқшаулануға арналған емес. Қайта, келер ұрпақ үшін, олардың түбін, негізін біліп ұлтжанды болып, Баян атасындай «елім деген ер» болып өссін деген мақсатпен жасалып жатқан жұмыс дегім келеді.

Есмұханбет Смаилов,

физика-математика ғылымдарының докторы, профессор;

БҒМ, Ғылым Комитетінің Қолданбалы математика институтының директоры

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.