ӘРІПТЕСТІКТІҢ АЛТЫН КӨПІРІ

Сәрсенбі күні «ЭКСПО – 2017»  көрмесі аясында Корея Республикасының Ұлттық күні өтті. Іс-шараға Корея Сауда, өндіріс және энергетика министрлігінің тұрақты комиссары Ким Енг САМ, Кореяның сауда және инвестицияларды ықпалдастыру агенттігінің бас директоры Ким Дже ХОНГ, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан ХАИРОВ, Корей павильонының комиссары Ким Дэ СИК және Корея павильонының Құрметті Елшісі, танымал актер Сон Кан ДЖУН қатысты.

Корея Сауда, өндіріс және энергетика министрлігінің тұрақты комиссары Ким Енг Самның айтуынша, Оңтүстік Корея жаңартылмалы энергия көздері арқылы елдегі энергия өндірісін 2030 жылға қарай 20 пайызға арттыруды жоспарлап отыр. Комиссар мырза өз сөзінде Корея павильонын тамашалағандар саны 150 мыңнан асқанын да тілге тиек етті. Сондай-ақ, екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынасқа да тоқталып өтті.

Қазақстан – Корея Республикасынан Орталық Азияға ең ауқымды инвестиция тартқан мемлекет болып отыр. 1992 жылы Корея Республикасының Қазақстанға салған инвестиция көлемі 21 млн. АҚШ долларын құраса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 3,78 млрд. долларға жетті. Айта кетерлігі, соңғы уақытта Корея Республикасына саяхаттайтын қазақстандықтардың саны 30 пайызға артты, – деді Ким Енг Сам.

Өз кезегінде ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров Қазақстан және Корея мемлекеттері тығыз экономикалық және достық  қарым-қатынаста екенін айтты. Ол Қазақстанда көп жылдардан бері «KIA» және «Hyundai» сияқты корей компанияларының өнімдері үлкен сұранысқа ие екенін сөз етті.

Қазақстанда 100 мыңнан аса этникалық корей тұрады. Сондықтан, екі ұлт арасындағы қалыптасқан бауырмалдық пен достық қасиет тарихтан келе жатқан құбылыс деуге болады. Қазақстан Кореяның тәжірибесін белсенді түрде қолданып келеді. Қазіргі таңда түрлі білім беру бағдарламаларының арқасында көптеген студенттер сапалы жоғарғы білім алып келуде. Бүгінгі таңда  «таңғы шық елі» әлемдегі ең энерготиімді елдердің бірі болып табылады, – деп атап өтті Ерлан Хаиров.

Ұлттық күнді мерекелеу бағдарламасының ресми бөлігінен кейін, көрмеге келушілерді танымал корейлік «B-Boy» тобының бишілері, «К-pop» және «Sorea Band» тобының қыздары өз өнерлерімен қуантты. Сонымен қатар, сахнада корей дәстүрлі жекпе-жек өнері – таэквондодан шоу көрсетілді. Айта кетейік, қонақтар мен журналистер үшін танымал корей актері Со Кан Джунның қатысуымен фан-митинг ұйымдастырылды.

Нұрқанат ҚАНАФИН

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.