Руханият

Ресейден жеңіспен оралды

Ресейдің «Берега надежды» шығармашылық-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен Омбы қаласында өткен 98-ші халықаралық жас өнерпаздар конкурсына қатысқан Қаражал қаласындағы балалар өнер мектебінің «Сырлы саз» ұлт аспаптары ансамблі I орынды жеңіп алып, арнайы кубоктың иегері атанды. Бұдан бөлек, жас ерекшеліктеріне қарай ұйымдастырылған жеке сындарда дара шапқан төрт өнерпаздың әрқайсысы, тиісінше, I орындарды еншіледі.

Конкурсқа Ресейдің түпкір-түпкірінен келген үміткерлерді айтпағанда, сыртқары елдерден ат сабылтып жеткен талапкерлердің мол болғандығын ескерсек, байқаудың бәсі аса биік болғаны айқын аңғарылады.

Талабы қатаң сында кіл дарыннан құралған ансамбль К.Күмісбековтің «Өмір жолы» күйі мен Құрманғазының «Адай» күйін орындап, тыңдарманды тәнті етті. Сонымен қоса, жеке орындаушылар – Айжан Асанова Құрманғазының «Ақсақ киік», Әлия Әбдісовет Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым», Олжас Төлегенов С.Тұрысбековтың «Көңіл толқыны» және Айсұлу Ермекова Дәулеткерейдің «Түркімен» күйін өте тартымды ойнап, жұртшылық ықыласына бөленді.

Әбдірәсіл РАҚЫМ, балалар өнер мектебінің директоры, «Сырлы саз» ансамблінің жетекшісі:

Қаланың, облыстың ғана емес, Қазақстанның абыройын арттырғанымыз – мерей. Үміт артып, қапысыз қолдау көрсеткен Қаражал қаласының әкімі Тілектес Досаев пен тілеуімізді тілеген жұртшылықты жерге қаратпағанымыз – қуаныш. Гала-концертті Құрманғазының «Адай» күйімен ашу құқына ие болғанымыз – мақтаныш.

Омбыдағы «Казахи Омска» қоғамдық ұйымының жетекшісі Торғын есімді ұлтжанды қарындасымыз бен осы бірлестік мүшелерінің қамқор пейілін қатты сезіндік. Интернет арқылы алдын ала хабарласқан едім, пойыздан күтіп алып, зыр жүгіріп қызмет көрсетті. Конкурс өтетін күні Қазақстанның туын алып келді. Елден сыртқары жерде Қазақстанның Көк байрағын көтерудің қаншалықты жүрек тебірентерлік жайт екенін тілмен айтып жеткізу тым қиын…

ҚАРАЖАЛ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button