Басты тақырыпЖезқазған

Өрелi өнер мерекесi

    Көңілі көркем көрерменмен әр жыл сайын қауышуы дәстүрге айналған халық шығармашылығы мен өнерінің аймақтық «Ұлытау үні» фестивалінің кезекті ХХVII маусымы металлургтер мекені – Жезқазған қаласын үш күн бойы үзіліссіз дүбірлі думанға бөледі. Әдебиет пен мәдениет саласындағы дарын иелерін дәріптеп, өнерлі жас буынның қанатын қатайту мен тынысын кеңейтуді мұрат тұтатын кешенді іс-шаралар бағдарламасы, әдеттегідей, мағыналы мазмұнға биылғы жылы да аса бай болды.

Кіріспе –

ірі істердің іргетасы

Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы-драма театрында өткізілген өнер мерекесінің ашылу рәсімінде қала басшысы Батырлан Ахметов пен Ұлытау ауданының әкімі Әнуар Омар фестиваль аясындағы байқауларға қатысушылар мен шығармашылық кешін өткізушілерге сәттілік тілеп, қала тұрғындары мен қонақтарын өнегелі өнер додасының шымылдығы түрілуімен ақжарыла құттықтады.

Фестиваль жалауын театрдың көрермендер залына салтанатты жағдайда енгізу құрметіне Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Ғалым Мұхамедин, «Кітапхана ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Қайыркүл Елубекова және облыстық «Жас қанат» конкурсының лауреаты, жас әнші Асхат Сағындықов ие болды.

Сәні мен салтанаты келіскен басқосуда Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Береке Көшенов ақын Сайлаухан Нәкеновтің сөзіне жазылған композитор Жақсыкелді Сейіловтің «Ұлытау» әнін әуелете шырқады. Бейресми түрде фестиваль гимніне айналып кеткен әдемі әннің әсерінен айықпаған күйі көрермен қауым Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Сара Смағұлдың сиясы кеуіп үлгермеген «Ұлытау үні» атты арнау жырына құлақ түрді.

Өнер мерекесінің ашылу салтанатын жүргізушілер ХХVII «Ұлытау үні» фестивалі ұлт тарихындағы тағылымды оқиғалар – «Алаш» партиясы мен «Алашорда» Үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуы және Елорда төрінде байрағын көтеретін «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесіне орай ұйымдастырылып отырғанын айрықша атап өтті.

«Шындықты айтып, найзағайдай жарқылда!»

Өнер мейрамы шеңберіндегі іргелі іс-шаралардың тізбегі Сәтбаев қаласының өнерпаздары ел назарына ұсынған «Шындықты айтып, найзағайдай жарқылда!» атты айтыс аламанында ортаға сан мәрте олжа салған кенші-ақын, жыршы-термеші Шынболат Ділдебаевты еске алу кешімен басталды.

Кеш барысында өзі өмірден ертерек озып кетсе де, есімі ел жадында жатталып қалған біртуар дарын иесінің өнегелі өмір жолы мен өнердегі дара жетістіктері мейлінше жете сипатталды. Өз заманында қоғамды меңдеген кеселдер хақында ой толғап, шындықты жеріне жеткізе жырлаған Шынболаттың жүрекжарды туындылары тыңдарман көңілінің төрінен берік орын алғаны белгілі. Әсіресе, оның «Шындық» атты ақиқатты ақтарыла айтқан толғауы қазақтың салқар даласына кеңінен тарап, авторды абырой биігіне шығарған болатын. Осы толғауды тебірене орындаған термеші Райхан Оразбекова көрерменнің шексіз ықыласына бөленді.

Ата мен немере арасындағы диалогты қойылымда Шынкеңнің өз елі мен туған жеріне сіңірген салмақты еңбегі, соңында қалған ел-жұрттың аяулы ақын есімін ерекше ардақ тұтатыны сәтті көрініс тапты. Бұдан кейін саналы ғұмырында жасындай жарқылдаған тұлғаның әріптес інісі, кенші-ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мұса Тілеуов естелік сырларымен бөлісті, арнау өлеңін оқыды.

Ақынның жан-жүрегі әманда қайшылықтар мен қақтығыстарға толы болары анық. Міне, осы ерекшелік – Шынболаттың жан-дүниесіндегі күйзеліс пен азапты арпалыстың жалқы бір сәтін С.Қожамқұлов атындағы театрдың артистері өте әсерлі бейнелей білді. Олар өздері ойнаған терең мағыналы қысқа қойылымда шеберліктің шынайы үлгісін танытты. Сол арқылы ақын әлеміндегі әлем-тапырық құбылыстардың қыры мен сырын ашып көрсетті.

Көрермен қауым Шынкең шығармашы­лығының қажымас насихатшылары – жас әнші Рысбек Тақашев пен алдаспан ақынның үзеңгілес серігі, жыршы-термеші Мұханбет Қожахметовтің орындауындағы толғауларды да қызыға тыңдады.

Еске алу кешінің түйінінде Жезқазған қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева сәтбаевтық өнерпаздарға қала әкімінің ықылас гүлі мен Алғыс хатын тапсырды. Ақынның жары Гүлсара Жиенәлиева ұйымдастырушы тарапқа шынайы ризашылығын білдірді.

Қолөнер – баба мұрасы

Фестиваль аясында «Ел назары – ЭКСПО-да» тақырыбымен қолөнер шеберлерінің қалалық конкурс-көрмесі өткізілді. Оның ашылуына қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова қатысып, бағын сынаушы шеберлерге сәттілік тіледі.

Өзіндік мәнері өзгешелеу көрмеге қатысушылар арасында Т.Әубәкіров атындағы оқушылар сарайы, өнер мектебі, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, №8 қазақ гимназиясы мен №1 орта мектебі белсенділік танытты. Алуан түрлі бағалы бұйымдар мен қолөнершілердің қиялынан туындап, керемет көзтартарлық дүниеге айналған басқа да туындылар тамашалаушы қауымның таңданысын тудырды. Таңдай қақтырып, тамсантқан жәдігерлердің жасалу ерекшеліктері мен оған қолданылған материалдардың тым қарапайымдылығы да қалың қауымды еріксіз тәнті етті.

Бір ғана жарқын мысал – Жезқазған университетінің студенті Қасқырбай Нұрмағанбетовтің қолынан шыққан заманауи киіз үйі. Идея авторы оны күн шуағы мен желдің қуаты арқылы жарықтандырудың тиімді тәсілін ұсынады. Қазақстанда өткелі отырған «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесінің басты ұстанымымен үйлесімді түрде үндесетін жағымды жаңалықтың авторы өз бастамасының лайықты бағаланып, қолданысқа енгізілерінен үмітті. Міне, көрмеде дәл осындай, уақыт талабына жауап бере алатын тың туындылар көптеп қойылды. Сондықтан, құзырлы қазылар алқасының жеңімпаз бен жүлдегерлерді тап басып анықтауы да оңайға түсе қоймағаны күмәнсіз шындық.

Дәстүрлі әндер –

дала пәлсапасы

Иә, дәстүрлі әндер – бабалардың бағзы күндердегі рухты үндерін бүгінгі ұрпаққа шып-шырғасын шығармай жеткізген қазына-байлығымыз. Өнердің осынау баға жетпес бағыты – аталарымыздың арман-мұраттарын айшықтайтын дала пәлсапасы. Өткен дәуірдегі Ақан сері, Біржан сал, Иманжүсіп, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Естай, Мұхит, Балуан Шолақ, Шашубай, Болман, Тайжан, Мәди, Кенен секілді дара дарындардан қалған асыл мұра.

Дәстүрлі әндерді орындаушылар байқауы басталар сәтте қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева құттықтау лебізін білдірді. Іс-шараның ішкі иірім-ұстанымдары ұлттық өнерді насихаттау мен дамыту екендігін атап өтіп, қатысушыларға толайым табыс тіледі.

Байқау барысында қоржынға қол салып алған реттік номерлеріне сәйкес, халық алдында тоғыз үміткер бағын сынады. Ел ықыласына бөленуге, сол арқылы бәсекелестерінен ат оздыруға мүдделі әншілер, әрине, аянып қалған жоқ. Олардың әуелеткен әуезді әндері өрелі өнерге құштар көрерменнің құлақ құрышын қандырды.

Дәстүрлі ән байқауына Т.Қалмағамбетов атындағы филармонияның артисі, дәстүрлі әнші Қайрат Әбеуов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Хамзин және Сәтбаев қаласындағы музыка мектебінің оқытушысы, әнші-термеші Райхан Оразбекова қазылық етті.

Биі және әні – өмірінің мәні

Фестиваль бағдарламасында Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі, биші, тәлімгер ұстаз Нүрия Нигматуллинаның «Ризамын халқыма» атты шығармашылық кешін өткізу де қамтылды. Биыл асқаралы 60 жастың асуын бағындырған өнер иесі мағыналы ғұмырының 40 жылын киелі сахнада өткерген екен. Зейнет жасында болса да, мәдени ортадан шеткері қалмаған, дүйім елдің сүйіктісіне айналған майталманның есепті концерті Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде берілді. Қазақ тілінде майын тамыза сөйлеген татар ұлтының талантты қызы қазақ, орыс, татар және өзге де тілдерде тамылжыта ән шырқады. Биі мен әні – өмірінің мәні іспетті жанның орындаушылық шеберлігі, өзін сахна төрінде ұстау мәнері, жұртшылыққа арнаған ізетке толы ілтипатты сөзі тыңдарманды толығымен баурап алды десек, қателескеніміз емес.

Ән – жүректерді жүректерге жалғайтын сиқыры мол құдірет. Қарағандыда туып, жалынды жастық шағынан басталған өнер жолын күні бүгінге дейін тұтастай Жезқазғанда өткерген әншіге деген ыстық ықыласын көрсетуден жерлестері де аянып қалмады. Көрерменнің тұнық ниетін олардың қошеметі – үздіксіз соғылған қол шапалағы айғақтап берді.

Келісті кештің ажарын шағын да болса – шымыр, қысқа да болса – нұсқа сахналық көрсетілім одан әрі айшықты ете түсті. Әріптеске құрмет жоралғысымен Береке Көшенов, Ғалым Мұхамедин және Берік Арыстанов ән-шашуларын тарту етті. Жезқазған музыка колледжінің «Шалқыма» би ансамблі өнер көрсетті.

Өнерлі өрендер –

жасампаз жетістік

Думанға толы мереке аясындағы тағы бір көңілге қонымды шара – дәстүрлі әндерді орындаушы балғын өнерпаздардың аймақтық байқауы балалардың өнер мектебінде өткізілді. Өнерлі өрендер сынындағы өзінің кіріспе сөзінде қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева дәстүрлі әндерді дәріптеу, бабалар мұрасын бағалау мен оны келер күндерге жеткізу жолына ден қойған жас буынға қолдау көрсету – басты қажеттілік болып қала берерін атап өтті.

Байқауда Жезқазған, Сәтбаев қалалары және Жаңаарқа, Ұлытау аудандарынан қатысқан тоғыз жас әнші бақтарын сынады. Әр өңірдің үкілі үміттері Үкілі Ыбырай, Ақан сері, Балуан Шолақ, Абай, Шашубай, Тайжан, Тұрмағамбет және өзге де дала дарындарының әндерін нәшіне келтіре шырқады.

Балғындар талпынысы – өркендеу өлшемі

Фестивальдің үшінші күні өнерсүйер қауым тартымды қос шара – «Күміс қоңырау» және «Әнші балапан» байқауларын тамашалау мүмкіндігін иеленді.

«Күміс қоңырау» сынына Жезқазған, Сәтбаев қалалары, сондай-ақ, Ұлытау ауданынан 13 үміткер қатысса, «Әнші балапан» байқауында өздерінің қарымы мен қабілетін 17 бала сарапқа салды.

Аталған іс-шаралар нәтижесінде жас буын өкілдерін шығармашылық әрекеттерге бейімдеу, дарынды балаларды анықтау, оларға сахна сырын меңгерту талаптарына белгілі бір деңгейде қол жеткізілді деуге толық негіз бар.

Марапат –

ынталандыру тәсілі

Халық шығармашылығы мен өнерін әспеттеуді мақсат тұтқан фестиваль Гала-концерт және соның қорытындысы бойынша үздіктерді марапаттау рәсімімен түйінделді.

«Күміс қоңырау» байқауында Бас жүлде №31 балалар бақшасына (Сәтбаев қаласы) бұйырса, «Әнші балапанға» қатысушылар арасында Жезқазғандағы №7 мектеп-лицейінің оқушысы Нұрдәулет Серкетайдың бағы жанды. Құзырлы қазылар алқасының ұйғарымы бойынша халық шығармашылығы жанры бойынша өнері елді елең еткізген Барақбай Бексұлтан Бас жүлдеге лайықты деп танылды. Қолөнер шеберлері конкурс-көрмесінде оқушылар арасынан Балым Қоңырова мен Дана Сағындықова озық шығып, мерейлері тасыды. Ал, аталған сынға қатысушы студент жастардың ішінен Қасқырбай Нұрмағанбетов дараланды.

Байқаулар қорытындысында ІІ және ІІІ орындарды иеленген жүлдегерлер де лайықты сый-сияпаттарды қанжығаларына бөктерді. Бұдан тысқары, есімдері түрлі аталымдар иегерлері ретінде жария етілген қатысушылардың еңбектері де еленіп, арнайы дипломдарды еншіледі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Суреттерді түсірген Ғ.ӘБДІҒАППАРОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button