Өрелі өнеге өлшемі

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында ел мүддесі жолындағы еңбегі ерен тұлғаларды ұрпаққа үлгі ету жайына ерекше мән берілгені белгілі. Осы тұрғыдан қарастырғанда ұзақ жылдар бұрынғы Егіндібұлақ ауданын басқарып, елдің өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан Шалабай Қуанышев туралы жуырда ғана баспа бетін көрген «Жауапкершілік шегі» жинағы – жас буын үшін өрелі өнеге өлшемі іспетті.

 

Қайраткер азаматтың немересі Арғынғазы Бейбітұлы архив құжаттары мен атасының замандастарының естеліктері негізінде құрастырған кітап мазмұн сапасының салмақтылығымен ерекшеленеді. Туған елі мен жеріне қалтқысыз қызмет етудің үлгісі, тұлға ретіндегі қырлары мен азаматтық ұстанымдары жинақтың «Партиялық архивтегі құжаттар», «Жеке архив құжаттары», «Баяндамалары», «Ресми хаттар», «Мақалалары», «Замандастардың естеліктері» және «Ш.Қуанышев туралы жарияланымдар» атты тарауларында жан-жақты көрініс береді.

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі, танымал мемлекет және қоғам қайраткері Төлеутай Сүлейменов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. КСРО оқу ісінің үздігі Төлеген Арконов, ҚР Заң ғылымдары академиясының вице-президенті, профессор Бақтыбай Жүнісов және басқаларының жүрекжарды жазбаларында кейіпкердің кейінгі буынға келісті мұра қалдырғаны айшықты сипатталады.

Мазмұны мағыналы кітап Ш.Қуанышевтің ғибратты ғұмырының бедерлі белестерінен ақпарат беретін суреттермен тартымды безендірілген.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.