Құрбандық амал ма, алаң ба?

Құрбан айт қарсаңында мал базарындағылардың саудасы қызып, табысқа кенеліп-ақ қалады. Діни ғұрыпты орындауға ниет қылған жұрт олардың айтқанына көніп, сұрағанын береді. Сәйкесінше, саудагерлер де бағаны қалауынша өсіріп жатады. Жылда қайталанатын көрініс. Ал, биыл өзгеріс бар ма? Мал базарындағы бағаның нарқы қалай болып жатыр? Анықтап көрсек…

Биыл Қарағанды қаласында құрбандық шартына сай келетін ұсақ малдың бағасы 25-50 мың теңге аралығында екен. Саудагерлердің айтуынша, бағаның өзгеруіне қойдың жасы, семіздігі және түрі айтарлықтай ықпал етеді.

– Әзірге малды үйде сатып жатырмын. Әлеуметтік желіге, интернетке жарнама берген едім. Қазір тапсырыс беріп, алдын ала сатып алып қойғандар бар. Құрбан айт басталған күні мал соятын орындарға барамыз. Ол жерде тұрып, сауда жүргізу ақылы. Сондықтан да, айт күндері бағаның қалай өзгеретінін нақты айта алмаймын. Базар нарқына қарай көре жатармыз, – дейді Иса есімді сатушы.

Ал, Қарқаралы ауданынан келген Айболат есімді сатушы семіз марқа мен тоқтыны – 30 мың, ал, қошқарды – 50 мың теңгеге бағалап отыр екен. Бағаны жол шығыны мен базардағы орынның жалға алу құнына байланысты белгілегенін айтқан азамат саудасы жақсы жүрсе, жекелеген адамдарға жеңілдік жасаудан қашпайтынын жеткізді.

Дәл осы мәселе бойынша, «Әнет» баба атындағы орталық мешітке хабарласқан болатынбыз. Мешіт қызметкерлерінің айтуынша, олар мал бағасына ықпал ете алмайды. Бағаны сатушының өзі белгілейді. Жұрт олардың айтқан бағасына көнедінемесе саудаласып көруіне болады. Дінде саудаласуға тыйым салынбайды, қайта бұл – сүннет амалдардың санатында. Сондықтан, саудаласқан абзал.

Құрбан айт қарсаңында мал базарында алушылармен қатар сатушылар да көбейеді. Олардың бәрі адал жолмен кәсіп қылып жүр деп айта алмаймыз. Сондықтан да, алданып қалмау үшін де қам қылу керек. Құрбандық шалуға кез келген мал жарай бермейді. Оның өз шарты бар. Ең басты шарты – малдың ауру-сырқаудан ада болуы. Сондықтан, саудагерден малдың ветеринарлық құжатын көрсетуді талап етіңіз. Малдың қашан туғаны, союға жарайтын немесе жарамайтындығы туралы ақпарат осы ветеринарлық паспортта көрсетіледі. Егер, ондай құжаты болмаса, мұндай малды алмағаныңыз дұрыс.

Айта кетейік, елімізде құрбандық шалуға қойылатын талап жылдан жылға күшейіп келеді. Яғни, бұрынғыдай мешіт ауласында, далада мал бауыздауға қатаң тыйым салынған. Бұл үшін әкімдік санитарлық нормаларға сай келетін арнайы орын белгілеген. Оларда арнайы дайындықтан өтіп, мешіт имамдарының рұқсатын алған білікті қасапшылар қызмет көрсетеді.