Қонақ кітабы

 

«Газетөмір айнасы»

        Әлихан Бөкейханов  айтқан төрт қағида бар.

  Бірінші: газет — халықтың көзі, құлағы, тілі; екінші: газет — жұртқа қызмет ететін нәрсе; үшінші: газет — халыққа білім таратушы; төртінші: газет — халықтың жоқтаушысы.Мен бұл қағидаларды қолдаймын. Өйткені, газет болмаса біз көптеген қажетті мәліметтерді, әлемде болып жатқан жаңалықтарды білмес едік. Қазіргі заманда интернетдамыған заман болса да, газет оқу өте пайдалы деп ойлаймын. Әсіресе өз ана тілімізде, өз облысымызда шығатын «Орталық Қазақстан» газетін неге жазылып, оқымасқа.

   «Орталық Қазақстан» газетіндегі «Балбөбек» айдарын мен 1-ші сыныптан бастап өз мұғалімім әріптерді үйретіп, оқуды үйреткеннен кейін әжемнің үйіне барғанда оқып тұрамын. Сол үшін Торғай апайыма мың алғыс айтамын.

Бұл газетке биыл 85 жыл толады. Осыншама көп жыл бойы қызмет атқарып келе жатқанына қарағанда, біздің облысымыздан шығатын бұл газеттің мәртебесі жоғары деп санаймын. 1963 жылдан бастап «Орталық Қазақстан» деген атқа ие болып, 1981 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен, 2007 жылы Қазақстан журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығымен марапатталуы үлкен жетістік. Бұл жетістік әрине бұл ұжымда әр жылдарда еңбек еткен редакторлар мен тілшілер еңбегі деп білемін. Елмен, халықпен қол ұстасып, осындай марапаттауларға ие болды.

Кітапханашыдан осы газет туралы сұрағанымда, газеттің негізін қалаған атақты ақын-жазушылар Саттар Ерубаев, Ғабиден Мұстафин екенін білдім. Сол уақытта жазушы Сабит Мұқанов пен Бейімбет Майлиндер Қарағанды қаласына келіп, газетке шахтерлер туралы шығармалар жызыпты. Бұнын өзі үлкен жетістік қой.

Өкінішке орай, мен барлық редакторлар мен тілшілердің аты-жөндерін білмеймін. Тек қазіргі уақытта жұмыс атқарып жүрген тілшілер туралы газет бетінен оқып білдім. Қазіргі уақытта еңбек етіп жүрген тілшілер де мықты деген ойдамын. Олар да газеттің атағын тағы бір мәрте көтеріп, халықтың алғысына ие болары сөзсіз.

Шындығында, газет те адам секілді. Дүниеге кeлeді, өсeді, eр жeтеді. Бірaқ қaртаймaйды. Себебі oл тaбиғат зaңына сай ұрпақтан ұрпаққа ауысып, жалғасып, жaңарып, жaсарып отырaды. Біздің «Орталық Қазақстан» да солай. Өйткені, бұл газеттің атауы алғашқыда «Қарағанды пролетариаты», одан кейін «Советтік Қарағанды» деп аталғанын әкем айтқан. Бұл атаулардың өзгеруі заманның өзгеруіне байланысты, бірақ біздің тәуелсіз елімізде қазақ тілінде шығатын осындай газеттер көп болса, тіл мәртебесі жоғарылайды деген ойдамын. Менің анам орыс ұлтынан болса да мен қазақ сыныбында оқып, қазіргі уақытта мемлекеттік тілде еркін сөйлей алатынымды мақтан етемін.

Газет те адам сияқты қолдауды, қолпаштауды күтеді. Газеттер жойылмай, үнемі сұранысқа ие болып, оны халық үзбей жылда жазылып отырса, ол жойылмай, әрі қарай халық үшін қызмет етіп, адам өміріне бір қажетін табады.

Бүгiнгi таңда тілімізді сақтап қалудың бірден бір жолы ана тiлімiзде шығатын газет-журнaлдaрдың бұқаралық беделін көтеру, кеңінен насихаттау, сонымен қатар, әр қазақ отбасына жаздырып алу. Біздің ауылымыздың тұрғындарының 60% -ы бұл газетке жазылып тұрады екен. Бұл әрине көп емес, бірақ болашақта одан да көп оқырман болар деп үміттенейік.

«Газет-өмір айнасы» дегендей, газет бетіне мазмұнды, құнды мақалалар жазып, ел жаңалықтарымен бөлісіп отырса, қоғамның дамуына үлкен үлес қосар еді.

Газет дүниеге келген сәттен бастап cексен бес жыл бойы елдің сөзін сөйлеп, жоғын жоқтап, мұңын мұңдап келеді. «Орталық Қазақстан» газетінің мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр екен, осы газетіміз мәртебесін жоғалтпай, табыстан табысқа жетіп, өсе берсін. Халық жыл сайын газетке жазылып, жағымды, пайдалы жаңалықтарды оқып, көңілдерінен шыға берсін, газеттің ұжымына шығармашылық табыс, жетістік пен көп оқырман тілер едім.

Дильназ ҚҰСАЙНОВА

Абдолла Асылбеков атындағы мектептің 5-ші сынып оқушысы.

НҰРА ауданы

 

8 thoughts on “Қонақ кітабы

  1. Ұстазым, «Орталық Қазақстан»!

    Талмастай қанат берген сұңқарқиям,
    Ұшырған ұмтылдырып алтын ұям,
    Келесің үні болып кеншілердің,
    Келесің жыры болып өршіл ердің!
    Талайға тіл ұстартып енші бердің,
    Жалықпас асыл ұстазым, —
    «Орталық Қазақстаным»!
    Жақсы үнің жетсін әлемге,
    Жалының жетсін бар елге!

  2. Жолдас «Орталық Қазақстан»!

    Сенің мерекең, менің де мерекем. Өйткені, заманыма сай азамат болып қалыптасуыма ең алғаш жол ашқан Қарағандының жұмысшы табы болса, қаламыма қанат байлап, әлем аспанына ұшырған саялы да миуалы қасиетті ұям сенсің, «Орталық Қазақстан»! Сондықтан да өзім қанша алыстап қияға кетсем де, жарты ғасырдың ішінде сенің саяңнан бір шыққан емеспін. Сондықтан да сенің мерекеңді өз мерекемдей көремін.
    Қарағандының даңқына сай қазіргіңдей жайнай бер, жасай бер, жасарған сайын жасара бер!

  3. Өткен күндер, газет бетінде жазылған мәселелер көңілге оралады. Әсіресе ел басына қиыншылық түскен отты жылдарда газет өзінің айбынды үнімен, жалынды сөзімен зұлым жаумен айқаса білді. Мен газетті шыға бастағаннан бері оқимын. Соғыс жылдары қан майданда жүріп елге, семья мүшелеріне хат жазғанда, осы сүйікті газеттің сандарын жіберіп тұруды өтінетін едім. Оның беттерінен алыстағы ел өмірін оқып, Отан үшін жауды жеңу үшін еңбекшілердің атқарып жатқан қажырлы ісімен танысатын едім.
    Отты жылдардағы газет бетінде жарық көрген материалдар, отты жолдар соғыс ардагерлерінің есінде мәңгі сақталады. Бейбіт өмірде бақытты заманның игілігін көре жүріп, бұдан былай соғыс атаулы болмаса екен, аспанды бұлт шалмаса екен дейсің. Ашық аспан аясында бейбіт еңбектің көрігін қыздырып, сәулетті болашағымыздың іргесін көтере берейік.

    Мартбек МАМЫРАЕВ,
    Совет Одағының Батыры.
    «Орталық Қазақстан», 25 қазан, 1981 жыл

  4. Газет атына лайық қызмет жасады. Яғни, қазақ мүддесін, ұлттық мұратты бірінші орынға қойып келеді. Тіпті, тоталитарлық заманның өзінде қыспақ жағдайға қарамастан, халыққа қажетті сөзді өткізіп жүрді. Үлкен әдебиеттің , жаңа әдебиеттің жақсы төрешісі болды. Маған айрықша ыстық болатын бір себебі бар. 1969 жылы менің қаламгерлік, жазушылық алғашқы кезеңімде жазып, «Жұлдызға» жарияға шыққан «Тазының өлімі» деген хиқаятым туралы бір етек көлемді мақала берді. Менің болашақ биіктеріме сенім білдірді.Хикаятта көтерілген ұлттық идея тұрғысындағы байламдарды нақты аңдап, жұртшылыққа насихаттап жеткізді. Яғни, бұдан 37 жыл бұрын айтылған осы сөздің мән-мағынасын біздің әдебиетші қауым тәуелсіздіктен кейін ғана байыптап жатыр. Мұндай мысалдарды газет көтерген бар тараптан молынан кездестіруге болады. «Орталық Қазақстан» осы алған бетінен қайтпасын.Еліміздің тәуелсіздігіне, игілігіне қызмет ете берсін!

    Мұхтар МАҒАУИН
    2006 ж.

  5. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» деген қазақта сөз бар. Сол тәрізді мені өзімнің туған жерім Қарағандыға тұңғыш таныстырған «Орталық Қазақстан» газеті маған әрдайым жақын. Мен Батырдың Жұлдызын тағып 1989 жылы елге келгенде суретімді басып, үлкен сұхбат жариялаған осы газет еді. Одан бері де мен туралы талай мақала басылды. Әсіресе ғарышқа ұшқан кезімде «Орталықтың» бетінен түскен жоқпын. Сондықтан бұл газетті ерекше құрметтеймін.

    Тоқтар ӘУБӘКІРОВ,
    ғарышкер, Халық қаһарманы,
    Кеңестер Одағының Батыры.
    2001 ж.

  6. Советтік Қарағандыны жасауға жұмылған жұрттың бәрінен бұрын барушылардың бірі болғанмын, «Қарағанды пролетариаты» газетінің алғашқы номерлерін шығарушылардың да бірі едім. Бүгін сол Қарағанды Советтер Одағының үшінші көмір алыбы, бүгін сол «Қарағанды пролетариаты» «Орталық Қазақстан» атанып, жарты ғасыр жасап отыр.
    Басқалар бұған бір қуанса, мен екі қуанамын, жанған, гүлденген еңбектің қуанышынан қызықты қуаныш жоқ.
    Құтты болсын мейрамдарың, мерейлерің үстем болсын, «Орталық Қазақстан» оқушылары, редакция коллективі!

  7. Облыстық “Орталық қазақстан” газетінің
    Директор-Бас редакторы
    Мағауия СланбекұлыСембаевқа
    Қарағанды тұрғыны
    Жәнібек көшесі 130 үй Битуова Айтбала

    Ризашылығымды білдіре келе, сізді және барша журналистер қауымын, баспахана қызметкерлерін төл мерекелеріңізбен құттықтап, дендеріңіз сау, жауапты қызметтеріңіз жемісті болсын. Отбасы, жан ұяларыңыз аман,сау,бақытты,ата,баба, әкелер рухтары жебеп жатсын демекпін.

  8. Ұжым бар, қаламсапты, қағілез тым
    Қалың түп, қарағанды жарып өстің.
    Сіздердей жұрттың жайын тарқатпайды ау
    Көңілдің түкпіріне барып ешкім!..

Comments are closed.