Бас тақырыпРесми

Президент жаңа әліпбиді жетілдіруді тапсырды

Латыннегізді әліпбиге көшу – Қазақстанның тарихи таңдауы. Әлемдегі ғылыми жаңалықтардың 90%-ға жуығы осы әліпбиде жарық көреді. Яғни, техника тілін игеруге бір табан жақындай түсеміз. Десек те, қазір жұрт талқысына ұсынылған әліпби әлі толық пісіп-жетілмеген. Кейбір әріптердің таңбалануында кемшіліктер бар. Сондықтан да, Мемлекет басшысы бұл олқылықтарды түзетуді тапсырды.

«Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға тиісті тапсырма бердім. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр», деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Твиттер» парақшасында.

Латын графикасына көшу туралы бастама тәуелсіздік алған сәттен бастап айтылып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында бұл мәселеге ерекше тоқталып, межелі уақытты белгілеген болатын. Қазір қызу дайындық жүріп жатыр. Әйтсе де, ұсынылған әліпби нұсқалары көпшіліктің көңілінен шықпай, дау туғызып тұрғаны тағы бар. Ең басты мәселе – қазақтың төл дыбыстарының таңбалануы. Бастапқыда төл дыбыстарды диграфтар арқылы жазу ұсынылды. Қоғамның сынынан соң бұл нұсқа өзгертіліп, акут белгісі бар қазіргі әліпби қабылданды. Әйтсе де, бұл әліпбидің де кемшін тұстары бар. Мәселен, «і» мен «и» әріптері сөйлем басында келгенде «І» болып бірдей таңбаланады. Акут пен диграфты қолдану кезінде кейбір сөздердің мағынасы өзгеріп кетіп жататын кездер де бар. Тіл мамандарының пайымдауынша, мұндай олқылықтардың соңы қазақтың төл дыбыстарының жойылуына алып келуі мүмкін.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button