Бас тақырыпПрезидент

Президент: «Үш миллионға жуық азаматқа қолдау көрсетіледі»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телеарналар арқылы жасаған мәлімдемесінде елдегі жағдайдың ушыға түскенін ескере отырып, азаматтарға және бизнеске қолдау көрсету жөнінде қосымша шешімдер қабылдағанын жеткізді. Осының нәтижесінде, әлеуметтік төлем алатын азаматтардың санаты кеңейді. Сонымен қатар, зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек 10 пайызға индексацияланады.

«Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым. Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінеді. Табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде қолдау көрсеттік. Енді 42500 теңге көлеміндегі осы көмекті алатын азаматтардың санатын кеңейтуді тапсырамын. Соған орай, бұл қолдауға өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де ие болады. Бұл көмек белгіленген тәртіп бойынша шын мәнінде мұқтаж адамдарға ғана беріледі. Жалпы 3 миллионға жуық азаматымызға қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбейеді. Атап айтқанда, мұндай көмекті мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да иеленеді. Тегін азық-түлік 800 мыңнан астам азаматтарға беріледі. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырамын. Соған байланысты медициналық көмек азаматтарға бұрынғыдай қолжетімді болып қала береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Басқа материалдар

Back to top button