Бас тақырып

Президент атынан мемлекеттік марапат табысталды

Бүгін Жезқазған қаласында браконьерлердің қолынан қаза тапқан қорықшы Қаныш Нұртазиновты соңғы сапарға шығарып салды. Қаралы жиынға Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов пен Экология министрі  Мағзұм Мырзағалиев арнайы барып қатысты. Қарақшылардың қолынан қаза тапқан табиғат қорғаушысымен қоштасуға марқұмның туыстары мен достары, әріптестері, жерлестері жиналды. Ақтық сапарға шығарып салу кезінде жиналған қауым Қаныштың әділеттілік пен заңды әрдайым алға қойған ержүрек жан болғанын атап айтты.

– Елбасы мен Президент атынан, барлық қазақстандықтардың атынан Қаныш Нұртазиновтың туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтамын. Мемлекет басшысы осы қайғылы оқиғаны білгеннен бетте қылмыстық істі тергеуді жеке бақылауға алып, Ішкі істер министріне тиісті тапсырмалар берді. Қаныш бізге Отанға деген батылдық пен адалдық, қызметтік борышын орындау кезіндегі жанқиярлық үлгісін көрсетті. Біз Экология министрі Мағзұм Мырзағалиевпен бірге осы қайғыға барлығыңызбен бірге ортақтасу үшін келдік, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов.
Мемлекет басшысының Жарлығымен Қаныш Нұртазинов қайтыс болғаннан кейін І дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Президент атынан облыс әкімі қаза болған қорықшының жұбайына мемлекеттік награданы табыс етті.
Қаза тапқан аңшы-инспектордың отбасы материалдық көмек алады. Ерлан Жақанұлы сондай-ақ, Президенттің тапсырмасы бойынша батырдың ерлігі мәңгі есте қалатынын айтты. Ұлытау ауданында Қаныш Нұртазиновтың есімі көшелердің біріне берілмек.
– Осыған орай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қайғыға ортақтасып, шынайы көңіл айтып жатыр. Осындай ермінезді азамат тәрбиелеген ата-ана, туған-туыс, отбасына шексіз алғыс айтамыз. Соңында қалған анасына, зайыбына, бес баласына Алла медет беріп, мейірімін төге көр деп дұға қыламыз. Қаныш Серікұлы қазақ даласының символы ақбөкендерді және көркем табиғатымызды қорғауда өзінің қызметтік міндетін адал орындап, нағыз ерлік көрсетті…. Өкінішке орай, мұның барлығын осындай жағдайда айтуға тура келіп тұр. Енді барлығына Алланың қалауы, – деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев.
Марқұм қорықшы 43 жаста еді. Әскерден кейін заңгерлік білім алып, өз өмірін тәртіпті қорғау саласымен байланыстырған. Бірнеше жыл туған ауылында учаскелік инспектор болып жұмыс істеді. Үш жыл бұрын ішкі істер органдарынан отставкаға шыққаннан кейін, табиғат қорғау қызметіне ауысқан.
Ақмола облысының Жарқайың ауданында  Қаныш Нұртазинов 
досымен бірге ақбөкен аулаған қаскүнемдерді құрықтамақшы болғанда, қайғылы оқиға орын алды. 

Жерлестерінің қаза болғаны туралы тараған қайғылы хабар әр қоскөлдіктің қабырғасын қайыстырды. Ауыл тұрғындары оны өзінің жеке қайғысы ретінде қабылдап, Қаныштың отбасын қолдау үшін бірігіп, көмектерін аямады.
– Біздің ауыл шағын. Бәріміз бір-бірімізді білеміз. Қаныш керемет, мейірімді және ақжарқын адам еді. Оны барлығымыз құрметтеуші едік, – дейді Қоскөл тұрғыны Хамзат Жаналинов.

– Біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қанышымыздың туғандары және ауылдастарымен бірге қайғымызға ортақтасып, көңіл айтқаны үшін алғысымызды білдіреміз. Марапаттау туралы шешім дұрыс және әділ деп санаймыз. Әрине, бұл – баллалар үшін әкесінің, әйеліне жұбайының орнын толтырмайды. Қорықшылық жұмыс өте қауіпті және мемлекет деңгейінде адам өмірін қорғау үшін шаралар қабылдау қажет.
Қоштасу рәсімінен кейін бақилық болған қорықшының денесі туған жеріне жеткізіліп жерленді.

Басқа материалдар

Back to top button