Жаңалықтар

Полиция жұмысы оңтайландырылады

Тұрмыстық жемқорлықты жоюға бағытталған «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы аясында облыстың құқық қорғау органдарында цифрлық технология мүмкіндіктері пайдаланылатын болады. Жоба табысты жүзеге асса, полиция қызметкерлерінің автокөлік иелерімен және тұрғындармен тікелей қарым-қатынасы азайып, жемқорлықтың жолы кесіледі. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

«Перспектива» ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС ұсынған әзірлемелер қолданысқа енгізілсе, жол күзеті қысқарады, патрульдік машиналар саны азаяды. Есесіне, жоба бойынша көшелердегі бейнебақылау камераларының саны ұлғаяды. Камераларға бақылауды Полиция басқармасының Өзіндік қауіпсіздік қызметі, болмаса – кадр қызметі жүзеге асыруы мүмкін.

Сондай-ақ, бұған дейін облыстың денсаулық сақтау басқармасы табысты жүзеге асырған «Сенім дүңгіршектері» де қолданысқа енгізіледі. Пилоттық жоба аясында бейнебайланыс дүңгіршектері ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында және полиция депатаментінің бірқатар бөліністерінде орнатылады.

– Сапасыз қызмет көрсетілген жағдайда тұрғындар ҚР Ішкі істер министрлігімен немесе полиция департаментімен тікелей бейнебайланысқа шыға алады. Бұл тұрғындармен кері байланыс орнатып, ішкі істер органдарының қызметіне бақылауды күйшейтеді. Жоба биылғы мамыр айына дейін жүзеге асырылмақ, – дейді «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасының басшысы Малика Күсенбаева.

– «OpenSpaсe» ұстанымы бойынша полиция департаментінің бөлімшелері жанынан фронт-офистер ашу да жоспарда. Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде тұрғындармен жұмыстың ашықтығын көрсету және жұмыс сапасын арттыру мақсатындағы фронт-офистерде кез-келген қызмет түрлеріне жүгінуге болады. Аталмыш кеңсе әзірше Полиция Департаменті ғимараты жанынан ашылмақ. Табысты деп танылса, басқа бөлімшелер жанынан да ашу көзделіп отыр, – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің Қарағанды облысы бойынша іс-қимыл агенттінің басқарма басшысы Бауыржан Құсайынов.

Басқа материалдар

Back to top button