Баған

Піспеген пікір, өспеген өре…

Біреуді әулие көріп, пір тұтпақ ойым жоқ. Өткенде астаналық жерлес ағамыз, майталман журналист Нұрхан ХАМЗЕҰЛЫ facebook парақшасында Садық ШЕРІМБЕК есімді әлеуметтік желі қолданушының постын (жарияланым) бөлісті. Ел елең етісті. Елеңдескені сол, оны Алаштың ардақты ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ ағамызға дейін бөлісіпті. Ақын ағамыз, тіпті, «ұлт үшін ұят жағдай» деген сыңайда пікір білдіре отыра жариялады. Демек, мән берерлік жағдай деген сөз. Бұрын біз есімін естіп-білмеген Садықтың сондағы жарияланымы мынау:

«Мен 2015 жылы Кореяда болдым. Күнде Самсунгтың орталығында, Кореяның ЭКСПО орталығында болдым.

Ана жақта ғылымның жасап жатқан небір игіліктерін көресіз. Бір күні білім саласындағы инновациялар, бір күні агросаладағы инновациялар, көлік тасымалдау саласы, смарт қалалар… енді қоғам ретінде сұмдық дамып кеткен. Шкала 100-ге кетіп қалған.

Мен сол Кореяда жүрем де, Қазақстанда не боп жатыр деп әлеуметтік желідегі, facebook-тегі жазбаларды оқимын.

Қарасам, “Шыңғыс хан қазақ па?”, “Намазды қалай оқу керек?”, “Салафиттер пәлен, анау анандай” деген сияқты он жылдан бері әлі талқыланып келе жатқан тақырыптар сөз болып жатады» депті әлеуметтік желі қолданушысы.

Аталған мәселені бір кездері Ұлттық арнадағы Дархан Әбдіктің «Парасат майданы» бағдарламасында атақты математик Асқар Жұмаділдаев ағамыз да көтеріп еді. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген қазақ ұлтының бүгінгі бет-бейнесі, жеткен жері – осы: ас пен той, бабасын түгендеу, руласын көтеру. Асқар Жұмаділдаев ағамыз осы мәселені қатты күйінішпен айтатын. «Ал, жарайды, Шыңғысхан біздің бабамыз екен, сол мұратқа жеткізе ме бізді?!» деп күйінгенін талай естіп, ойландық. Қазір қарап отырсақ, әлі күнге бабаларымыз еншілеп кеткен ен байлықты шашып-төгіп, көштен қалып отырғанымыз байқалады. Және ол күннен күнге айқындалып келеді.

Мұның артында «ұлтпыз ба, жоқ па?» деген үлкен сауал тұр. Қазақ деген ұлт бары анық, алайда, өсіп-жетіліп, толысып кете алды ма? Көрінбейді. Әлі күнге дейін Абай айтқан «алысып-жұлысқан қазақ!». Бірінші Қара сөзінде хакім өзіне ғана қарата сөйлемеген екен-ау. «Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз?» дегені – күллі ұлтының басындағы сол кездегі сауал. Басымызда әлі тұр. «Адасып алаңдама жол таба алмай, Берірек түзу жолға шық қамалмай. Не ғылым жоқ немесе еңбек те жоқ, Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай» деді кемеңгер.

Әлгіндей посттар бүгіндері қаптап кетті. Соған қарағанда, біздің ойымыз ескі әңгіме, есті әңгіменің айналасында қалып қойған. Бүгінге дейін «мына техниканың мына тетігіне әлгіндей сайман салғаннан басқа түрін бұраған әлдеқайда тиімді көрінеді» деген бірде-бір пост, бірдебір бейне көрсетілім көргенім жоқ. Тіс шұқитын шидің өзін Қытайдан аламыз да, шіренеміз. Өзбекстан өз пойызын жасап шығарып жатыр. Мағжан айтпақшы, «Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр, Кілтін өнер-білім ашып жатыр» болса, «Ойламай біздің қазақ текке жатыр, Бір іске жанаса алмай, шетте жатыр. Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң, Қазекең таң қаларлық кепте жатыр».

Тіптен түңіліп кетуге болмайды, әрине. Бетбұрыс пен ниет керек-ақ. Бір кездері «қазаққа ақын емес, технократ керек» деген пікірі үшін Асқар Жұмаділдаев сынға ұшырағаны есімде. Сол сияқты, басқаша жол нұсқап, заман тілімен сөйлегенді, халықтың ойын өзгертуге тырысқан адамды сынап ешқандай мұратқа жетпесіміз анық. Асқар аға дұрысын айтты, соған сай ниет етіп, қарекет қылу керек.

Басқа елдерге ұқсап, ғылыммен, одан туған техника игіліктерімен мидай араласып кетпей, жарық сәуле туа қоюы да неғайбыл-ау…

 

Жәнібек ӘЛИМАН,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі

Басқа материалдар

Back to top button