Қарқаралы

Перзенттік парызымыз

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы туған жерін бағалайтын әр азаматты бей-жай қалдырмайды. Менің де туған жерімнің қазіргі тыныс-тіршілігі әрқашан ойымды мазалап жүреді. Қолыма қалам алып, ауылдастарымды пікірлесуге шақырғым келді.

Менің туған жерім, кіндік қаным тамған жер – Қарқаралы ауданы, Томар ауылы. Өткен ғасырдың 40-50 жылдары Қарқаралы ауданындағы 45 колхоздың алдында көрінген. Томар колхозының төрағасы, менің әкем, Социалистік еңбек ері – Мұздыбай Рысқұлұлы болған. Осы ауылдан тағы да үш Социалистік еңбек ері шыққан: Жайсаңбай Құлкин, Байбосын Бекбаев, Жақсылық Бәсімбеков әкелеріміз.

–  Басқа колхозда өгіз мініп жүргенде, біз атпен жүрдік, қарнымыз аш болған жоқ. Әр отбасына деген колхоздың қамқорлығын көріп өстік, – деп еске алады соғыстан қайтпаған солдаттың баласы, тыл ардагері, дербес зейнеткер Мекең Қағазбаев аға. Бұл – ауылымыздың өткені.

«Өткеніңді ұмытсаң – өшкеніңнің белгісі, өткеніңді еске алсаң – өскеніңнің белгісі» (Ж.Молдағалиев).

ХХ ғасырдың 90 жылдарындағы тоқырау, қайта құру, жекешелендіру үрдістерінің тауқыметін біздің ауыл да тартты. Жұмыссыздық, қалаға көшу – туған жердің еңсесін түсіріп-ақ тастады. Бұзылған ғимараттар, үйлер ауыл сәніне көлеңкесін түсірді. Көшу әлі де тоқтамай отыр. Әрине, бұл жағдайды бәріңіз де білесіздер.

«Қалада жүрсемдағы ауылдың баласымын» дегендей, туған топырағымызды ұмытпайық, ауылымыздың еңсесін көтеріп, ұлағатты істер атқарайық. Туған жердің қадір-қасиетін бағалайық, ата-баба алдындағы перзенттік парызымызды лайықты өтейік.

«Өзің үшін ғана қызмет істесең, өзі үшін оттаған хайуанның бірі болғаның» (Абай).

Жан-жақтағы Томар ауылының тумалары бас қосып, пікірлесейік.

 

Болат МҰЗДЫБАЙ,

Томар ауылының тумасы, КСРО, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button