Бас тақырыпЖаңалықтар

Педагог мәртебесі

Облыс ұстаздары Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын қалай қабылдады? Білімнің биік белесін бағындырып жүрген сала қызметкерлерінің «Педагог мәртебесі туралы» заңға көзқарасы қалай? Білім сапасын бағалау жүйесін халықаралық стандарттарға негіздеуді неден бастаған дұрыс? Білім саласы бойынша Жолдау аясында облыста жүзеге асырыла бастаған жұмыстар төңірегінде бізге облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы ИМАНҒАЛИЕВ айтып берді.

– Есенғазы Нұртөлеуұлы, Елбасының «Қазақстандықтардың әлауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы аясында облыс ұстаздарының пікірі қандай?

– Президенттің жыл сайынғы халыққа Жолдауы – республиканың əрбір тұрғыны үшін маңызды оқиға. Əркім Жолдаудан өзі үшін маңызды бағытты табады. Биылғы Жолдауы мемлекеттің əлеуметтік экономикалық дамуының өзекті мəселелері мен қазақстандықтардың əл-ауқатын əрі қарай арттыру бойынша міндеттерге арналған. Ұстаздар қауымы білімге бағытталған бөліммен толықтай танысты деп ойлаймын.

Жалпы, Жолдауда халықтың өміріне керек нəрселердің барлығы сөз болды. Енді баршамыздың алдымызда ел болып жұмылып, бұған дейін жасалып келген жұмысты одан əрі жалғастырып, айтылған мəселелердің бəріне жіті мəн беру мен жүзеге асыру міндеті тұр.

– Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеуді тапсырды. Құжат қабылданған шақта мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан толықтай арылуы мүмкін бе?

– Ұстаз атаулы Жолдаудағы жағымды жаңалыққа қуануда. Жалпы Қазақстандағы мұғалімдердің мəртебесін көтеру күн тəртібіндегі мəселе деп ойлаймын. Мұғалімнің абырой беделінің төмендеп бара жатқаны жөнінде айтылып, жазылып та жүр. Сондықтан, бұл құжат мұғалімдер қауымы үшін өте маңызды. Бұл заңның аясында ұстаздардың лайықты еңбек ақыларын алуына жағдай жасау, мұғалімдерді көлденең қоғамдық жұмыстардан босату, мұғалімдерді жаппай тексеру сынды мәселелер қамтылады. Бәрі заңмен бекітілсе, мұғалімге айтар айып, тағылар кінә тыйылар деп сенемін

– Бүгінде білім алудың қолжетімділігін арттыру мақсатымен оқушыларға орын жетіспеушілігі, мектептерді үш ауысымда оқыту және апат жағдайының алдын алу проблемалары қай деңгейде? Осы бағытта қандай жұмыстар жүзеге асты?

– Елбасымыз көтерген үш ауысымды оқыту мәселесі біздің облысымызда да кездеседі. Жыл соңына дейін Теміртау қаласында, Ұлытау аудандарына мектеп салу арқылы апатты жағдайдағы мектептер мәселесін шешеміз деп жоспарлап отырмыз.

 Облысымызда мектеп ғимараттарының 72%-ы 1980 жылға дейін салынған. Апаттың алдын алу үшін олардың күрделі жөндеуден өтуіне жыл сайын қаражат бөлінеді. Осы жылы бұл мақсатқа бюджеттен 6,3 миллард теңге қаржы бөлінді. Өткен жылмен салыстырғанда 2 миллиардқа артық.

Сол арқылы оқу жылының басына дейін 207 білім беру ұйымында жөндеу жұмыстары жасалды. Соның ішінде, үй жағдайларына барынша шамалас жағдайлар жасалатын мектепішілік интернаттар да қамтылған болатын. Бұл 9 ай бойы өз отбасынан алыс болатын балалар үшін аса маңызды мәселе.

Үш ауысымды оқыту мәселелерін шешу бойынша жұмыс жүргізілуде. Биыл Қарағандыда екі мектеп салынып жатыр. Олардың біреуі жыл аяғына дейін тапсырылады, екіншісі – келесі жылы. Сол арқылы бұл мәселе толығымен шешіледі.

– Өңірдегі орта мектептердің өзінде балаларды мейлінше сұранысқа ие мамандықтарға бейімдеп, кәсіби диагностика жүргізудің алғышарттары қандай? Бұл оқытудың жеке бағдарын жасауға және оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азайтуға қаншалықты мүмкіндік беруі мүмкін?

– Мектепке дейінгі білім беретін тəрбиешілердің біліктілігін арттыру жəне бірыңғай біліктілік талаптарын енгізуді қамтитын «Жол картасын» әзірлеу керек деп айтты Елбасы. Педагогтардың біліктілігін арттыру ешқашан назардан тыс қалған емес. Себебі, оқу, білім алу, үнемі ізденісте жүру, өзін-өзі жетілдіру әр тұлға үшін қажет деп ойлаймын. Білім беру саласында жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша педагогтарымыз жыл сайын біліктіліктерін арттыруда. Біліктілікті арттыру курстары, оқыту семинарлары, тренингтер, күзгі, жазғы, көктемгі мектеп оқыту курстары педагогтар қауымының өзара тәжірибе алмасып, кәсіби шыңдалуына септігін тигізіп келеді. Бұл жұмысты әлі де жалғастыра беретін боламыз.

 – Білім сапасын бағалау жүйесін халықаралық стандарттарға негіздеуді неден бастаған дұрыс?

– Қазіргі білім беру жүйесі – өздеріңіз білетіндей, жаңартылған білім беру мазмұны. Мұнда оқыту мазмұнынан бастап, бағалау жүйесіне дейін өзгерістер енгізілген. Жаңа заманның көшінен қалыс қалмаған дұрыс. Білім беру саласы кесте бойынша халықаралық стандарттарға көшіп жатыр.

Биыл 20 білім ордасында 392 ұстаз мектептегі білім беру ортасын бағалауға бағытталған TALIS зерттеуіне алғаш рет қатысқан болатын.

Мектептердегі білім беру сапасын бағалау мақсатында мыңнан астам 15 жасар оқушы мен 37 білім беру ұйымдарының басшысы сәуір айында өткен PISA-2018 халықаралық зерттеуіне қатысты.

 «Педагогикалық кадрлардың электронды аттестациясы» жобасы арқылы ұстаздар электронды портфолиоға сүйеніп, сарапшылар комиссиясына материалдар жібере алады. Бұл жобаны жүзеге асыру балабақшалардан бастап барлық облыстың білім беру ұйымдарына бірыңғай ақпараттық кеңістікте жұмыс жасауға мүмкіндік береді, ал, әлеуметтік желілер арқылы белсенді ақпарат алмасу арқасында ұстаз уақыт ағымынан қалыс қалмайды.

– Мемлекет басшысы «Назарбаев зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесі мен әдістемесі мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт болуға тиіс. Бұл мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі болады» деп атап өтті. Облыста бұл жүйе қаншалықты сәтті жүзеге асады деп ойлайсыз?

– Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту жүйесіне көшу өз нәтижесін беруде. Қазірдің өзінде Қарағанды облысында Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім беру бағдарламаларын жалпы білім беру мектептеріне енгізу жүріп жатыр. Олардың əдістемесін, бағдарламаларын, соның ішінде білім мазмұнын енгізуде біраз жұмыстар атқарылды. Бүгінде Назарбаев Зияткерлік мектептері іс-тәжірибесін тарату жобасы бойынша облыс мектептері жұмыс атқаруда. Қарағанды облысы әкімдігі мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы арасында өзара ынтымақтас тық туралы меморандумға қол қойылған. Бірлескен жұмыстың алғашқы нәтижесі – Жезқазған қаласында өткен «Ұлы дала мұрагерлері» форумы. Форум педагогикалық қауымдастық пен қала тұрғындарының жоғары бағасына ие болды. Сондықтан, бұл жүйе облыс мектептері үшін қиындық тудырмайды.

– Мұндай білім орталықтары және ЖОО арқылы қандай нәтижеге қол жеткізе аламыз?

– Елбасы оқу орнының сапасы туралы өте жақсы айтты. Жоғары оқу орнын бітірген маман, ол – ертеңгі ұрпақты тәрбиелейтін ұстаз атанады. Сондықтан, ең бастысы жоғары оқу орны түлектерінің білікті маман иесі атануы қоғам үшін өте маңызды деп ойлаймын. Маман даярлауда байыппен қарап, талап күшейтілгені жөн болар. Болашағымыз жастардың қолында. Елбасы да келер жылды “Жастар жылы” деп жариялап отыр. Сол себепті, маман даярлауда, оның ішінде, жастардың білімді дұрыс бағытта алуының маңызы зор.

– Кәсіби бағдар беру жұмысының сапасын қалай арттыруға болады?

 – Кез келген білікті маманды дайындау, ең алдымен жаңа әдіс-тәсілдерді қамтитын, жүйелі жолға қойылған түрлі механизмдер нысаны арқылы сапалы кәсіби бағдар беруден басталуы тиіс. Осыған байланысты кәсіби бағдар беру мен кәсіптік оқытудың бірыңғай жүйесін құру жобасын әзірлеуді бастадық. Ол дәстүрлі және инновациялық формаларды біріктіреді. Жоба шеңберінде еріктілер орталығы құрылады, мұнда медициналық және педагогикалық колледждермен бірлесіп мүгедек жандарды оқыту, бұқаралық және жазғы демалыстарды ұйымдастыру іс-шаралары жоспарланады.

Облыста онлайн режимде оқушыларға ата-аналарымен бірге кәсіби бағдар диагностикасынан өтіп, сол арқылы кәсіби білім алу үшін оқу орнын таңдауға ықпалын тигізетін «Кім боламын?» мобильді қосымшасы іске қосылды. Қосымшада бюджеттік орындар саны, ЖОО гранттары мен облыстың алдыңғы қатарлы кәсіпорындары туралы ақпараттар берілген. Кәсіби бағдар беру жұмысының сапасын арттыру мақсатында 2015 жылдан бастап Қарағанды облысында білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығында «Кәсіби бағдар берушілер мектебі» жұмыс жасап келеді. Демалыс кездерінде Қарағанды облысының колледждері мектеп оқушыларына арнап кәсіби сынамалар өткізеді.

– Ал, кәсіби бағдар беруде қандай жұмыстар қолға алынған?

– Жұмыс барысы әртүрлі мүдделі тараптардың жобалық қызметі мен ынтымақтастығына негізделеді. Еңбек әрекеті алуан түрлі болады және ол бизнестегі жалпыға ортақ көзқарасқа айналатын жобаларды басқару дағдыларының негізі болып саналады. Бүгінде кез келген деңгейдегі маман оның кәсіби мамандандығына қатысы жоқ болса да, жобаға жауап беретін адамның орнын алмастырады.

ТжКББ жүйесін жаңғырту колледждерге білім беру үдерісін әртүрлі етіп, оны кәсіпорынның талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде «WorldSkills» халықаралық қозғалысы неміс өндірушілерінің стандарттары кәсіби модульдері ретінде енгізілуде. Дуальды оқытуды дамытуда оқыту мен тәжірибе тығыз біріктірілген. Бүгінгі таңда облыста дуальды оқытуды жүзеге асыратын 42 колледж бар. Өткен жылдан бастап колледждер базасында еңбек нарығының қазіргі талаптарына сәйкес 8 құзыреттілік орталығы құрылды. Аймақтық және ұлттық WorldSkills чемпионаттарының жеңімпаздарының басым көпшілігі осы колледждердің студенттері екенін атап өткен жөн.

Қоғам мен еңбек нарығының сұраныстарына сәйкес, ТжКББ жүйесінің мобильді және тиімді жұмыс жасауы үшін 45 колледж тәжірибесіне ең танымал мамандықтар бойынша 50 модульдік білім беру бағдарламасы енгізілді. Бұл түлектерге бір мамандықпен қоса 3-4 маманның біліктілігін алуға мүмкіндік береді. Алдағы оқу жылында барлық колледждерге жаңа бағдарламаларға көшу міндетін қойдық.

 Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button