Басты тақырыпҚарқаралы

Пайданың көзі – кооперативте

    Пайданың көзі – кооперативте. Бүгінде мемлекет тарапынан жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру мақсатында нақты шаралар жүзеге асырылуда. Қарағанды облысында да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынмен қолға алынуда. Нәтиже – баршылық. Мәселен, өткен жылдың соңында Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылында аймақтағы алғашқы кооперативтердің бірі заңды түрде тіркелді. Сәрсенбі күні аталған ауданға іссапармен барған облыс әкімінің орынбасары Шагурашид МАМАЛИНОВ осы кооперативті үлгі ете отырып, жаңашыл бастаманың қыр-сырын талқылады.

«Балқантау» өнімдері – бұқара сұранысы

     Егіндібұлақ ауылына ат басын тіреген жұмыс тобы алдымен осындағы «Балқантау» ЖШС-нің өндірістік базасымен танысты. Кәсіпорын ет және нан өнімдерін шығаруға маманданған.

    Серіктестік директоры Өмірзақ Қабсаттаров бұл кәсіпті 2014 жылы қолына алған екен. Мектептің бұрынғы кір жууға арналған ғимаратын өндіріске бейімдеген. Арнайы құрал-жабдықтар жеткізіп, заманауи технология желісін іске қосқан.

    Бүгінде кәсіпорын «Адал» тауар сертификаты бойынша 15 түрлі ет және нан өнімдерін өндіреді. Бұл тауарларды өткізу механизмі ырғақпен жолға қойылған. Қарқаралы мен Қарағайлыдағы дүкендерден бөлек, Қарағандыдағы 200 дүкенді тауарларымен қамтып келеді.

     Облыс орталығында арнайы өкілеттілігі жұмыс істейді. «Көгілдір тоғандар» шағын ауданында сауда павильоны бар. Директордың айтуынша, шұжық, ет консервілері, тұшпара, котлет сынды өнімдеріне қалалықтардың сұранысы зор. Өндірістің жылдық қуаты – 150-200 тонна. Қазіргі таңда серіктестікте 25 адам еңбек етеді. Орташа еңбекақылары – 50 мың теңге көлемінде.

     Өмірзақ Қабсаттаров келешекте кәсіпорын аясын кеңейтуді ойластыруда. Бұрын қажетті шикізатпен жергілікті шаруашылықтар қамтып келген еді. Биылдан бастап жер алып, қожалық құрды. Сөйтіп, шикізатқа тәуелділіктен құтылмақ. Сәйкесінше, кәсіпорындағы еңбеккерлер саны артып, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі біршама шешіле түспек.

Қарқаралыдағы қарымды істер

    Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында сүт және сүт өнімдері өндірісін өркендетіп, ет шикізат базасын дамыту, ет өнімдері экспорты әлеуетін көтеру туралы тапсырма берді. Бұл міндетті Қазақстан Үкіметі екі-үш жылдың мұғдарында орындап шығуы тиіс. Сол мақсатта былтырдан бастап ауылдық жерлерде өндірістік кооперативтер құруға күш салынуда.

    Жиында Шагурашид Қалиұлы айтып өткендей, былтырғы жыл соңында республикадағы облыстар арасында алғашқы болып Қарағанды аймағында 5 кооператив ашылды. 230 шағын бордақылау алаңдарының тұсауы кесілді. 5 кооперативтің құрамында 115 отбасылық мал бордақылау алаңдары жұмысын бастады. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 1 млрд. 600 млн. теңге қарастырылды.

    Биыл бұл сома еселене түсті. 3,5 млрд. теңге қаржы бөлінді. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасына сәйкес, бұл қаражатқа облыс көлемінде 740 шағын мал бордақылау алаңы мен 37 кооператив ашу керек.

    Министрлік талабы негізіндегі жұмыстар Қарқаралы ауданында ойдағыдай жүзеге асып келеді. Аудан әкімі Халел Мақсұтовтың мәлімдеуінше, өткен жылы басталған іс тауық жылында да табыспен жалғасын таппақ.

    Былтырғы ауыз толтырып айтарлық жетістіктердің бірі – Егіндібұлақтағы «Балқантау-Агро» мал бордақылау кооперативі. Селодағы 26 тұрғын мүшелікке енген кооперативтің жетекшісі жоғарыда айтып өткен Өмірзақ Қабсаттаров.

      Кооперативке «50 ауыл» тұжырымы негізінде 68 млн. теңге несие берілді. Енді, кооператив өңірдегі ет өндірісін дамытуға күш салмақ.

   Сондай-ақ, «50 ел» концепциясы негізінде 20 отбасылық мал бордақылау алаңы ашылды. Мұнда кәсіпкерлер 49,5 млн. теңге несие алды.

  Бұдан өзге, 1 сәуірге дейін ауданда екі кооператив құрылады. Яғни, Бесоба мен Угар селолық округтерінде сүтті бағыттағы «Асыл жер» және «Ақтілек» кооперативтері ашылмақ. 35 отбасылық мал бордақылау алаңы, 2 сүт қабылдайтын пункт, 2 мал азығын дайындайтын цех жұмысын бастап, 1 сүт таситын автокөлік, 2 рефрижератор және 3 мал сою пункттерінің жабдықтары сатып алынады.

   Ал, сәуір айынан жыл соңына дейін тағы 2 ауыл шаруашылық кооперативін іске қосу жоспарлануда. Және 90 отбасылық мал бордақылау алаңы, 1 сүт қабылдайтын пункт, екі мал азығын дайындайтын цех, 1 мал сою пункті қосымша ашылып, 2 рефрижератор пайдалануға беріледі.

Кооператив құру қиын емес

    Егіндібұлақ ауылындағы жиында жұмыс тобы кооператив ашу механизмін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Бұл орайда, жүктің ауыры – ауыл әкімдерінің еншісінде. Яғни, ауыл басшыларының іскерлік қабілеттері сыналатын шақ.

    Әкімдер алдымен ауыл тұрғындары арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Кооперативке енуге құлықты кемінде 20 адамды анықтап, тізімін нақтылайды.

    Бұдан кейін кооператив мүшелері жергілікті кәсіпкерлік палатасындағы қызметкерлер кеңесіне жүгінеді. Аудандық жұмыспен қамту орталығы оларға еңбекпен қамтылу статусына қарай анықтама береді. Осыдан соң, аймақтық кәсіпкерлік палатасы кооператив мүшелерін кәсіпкерлік ісіне бір ай оқытады. Егер, азамат кейінгі екі жылда мұндай курстарда тәлім алса, бұл оқуларға қатыспаса да болады. Палата қызметкерлері кооператив мүшелеріне бизнес жоспар құруға жәрдемдесіп, қолдаухат береді. Бизнес-жоспардың құны бағаланып, қорытынды шешімі жасалады. Кепілге қояр мүлкі есепке қойылады. Бұл тұста айта кетері, егер, кепілдікке алынар мүліктің бағасы тиісті сомаға жетпесе, «ҚазАгроГарант» АҚ 85 пайызға дейін кепілдік бере алады.

       Кооперативтерге екі бағдарлама бойынша қолдау көрсетіледі. «Береке» бағдарламасы ет өндірістік кооперативтеріне арналса, «Ырыс» – сүт өндірістік кооперативтеріне бағытталған.

     «Береке» бағдарламасы арқылы ірі қара мал мен жем-шөпке 6 пайызбен 4,5 жылға дейін несие беріледі. Ең жоғарғы сомасы – 4 млн. теңге.

      Әр малдың құны 150 мың теңгеден аспай, жасы – 9-24 ай аралығында болуы қажет. Арнайы құжаты, сырғасы бар мал ғана сатып алынады.

     «Ырыс» бағдарламасында сауынды сиыр мен жем-шөп, сүт сауу аппараттарын алуға несие бөлінеді. Сомасы – 5 млн. теңгеге дейін. Бұл несие де 6 пайызбен 7 жылға дейін беріледі. Оның ішінде, несиенің 15 пайызы – мал азығына қарастырылған қаржыны өтеу мерзімі 3 жылға дейін.

    Сауынды сиыр алуға берілген несиенің жеңілдетілген мерзімі – 2 жыл, мал азығына – 1 жыл.

    Мал жасы – 15-36 ай болып, құны –195 мың теңгеден аспауы тиіс. Және әр 30 сиырға бір сүтті тұқымды бұқа немесе қолдан ұрықтандыратын мекемелермен келісім-шарт болуы керек. Сондай-ақ, несие мерзімі аяқталғанша сауын сиырдың санын төмендетпеу қажет. Бұл малдарға субсидия төленеді.

    Несие алушыларға қойылатын маңызды талаптардың бірі – несие тарихы. Яғни, салық органдарына, банктерге мерзімі өткен қарызы болмауы қажет. Тиісті қорасымен қатар, ауылдың ветеринарлық-санитарлық ахуалының дұрыстығына назар аударылады.

    Айта кетері, қос бағдарламаның да төлем жүйесі ыңғайлы. Несие алушы кестеге сәйкес, қарызын айына, тоқсанында немесе жарты жылда бір өтей алады.

Берекелі істің бастауы

       Былтыр Қарқаралыда 6 қыстақ, 30 шаруашылық жаңадан ашылып, шаруаларға 76 жер телімі пайдалануға берілген. Сапар барысында Шагурашид Мамалинов бірқатар қожалықтарға арнайы барды.

      Кәсібін ырғақпен бастап кеткен «Атамұра-Табыс» шаруа қожалығы герефорд тұқымды сиырларды өсіруге күш салуда. Тұрғын үй, техника мен жем-шөпке арналған баздарын тұрғызып, мал сою пункттерін салып тастаған қожалық басшысы Серікбол Жұмадиев, бұйыртса, биыл асыл тұқымды сиырларды жеткізбек. Барлық жұмыстарды өз қаржысына жүргізген фермер 80 млн. теңге жұмсапты. Жылқы ұстап, оның басын 150-ден асырған жайы бар. Енді, сиыр санын көбейтіп, ет экспорттауға бекініп отыр.

        Мәди селолық округіне қарасты «Оралбек» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат Шайқыұлы қазақтың ақбас сиырын өсіруде. Былтыр «Сыбаға» бағдарламасымен 56 млн. теңгеге Павлодар облысындағы «Галицкий» шаруашылығынан 101 торпақ әкелген. Бүгінде бұл торпақтары ет алып келеді. Фермер биыл да бағдарлама жәрдеміне жүгінбек.

         Мәди округіне қарасты аумақтан қыстақ ашқан тағы бір фермер – Арман Мырзамбеков. «Абылай» шаруа қожалығын құрған Арман да қазақтың ақбас сиырын көбейтуге күш салуда.

        Жас кәсіпкерге мемлекет тарапынан қолдау қомақты. «Сыбаға» бағдарламасымен 19 млн. теңгеге сиыр сатып алған. Бүгінде мал қарасы 300-ді еңсерді.

       Сонымен қатар, Арман өңірдегі сиыр түлігін асылдандыруға көмегін тигізуде. Мемлекеттік бағдарлама негізінде 2014 жылы – 12 ангус, 8 герефорд бұқаларын, 2015-2016 жылдары – 72 қазақтың ақбас сиыры тұқымды бұқаларын Мәди және Тәттімбет ауылдарының табынына қосқан. Биыл тағы да 40 ақбас бұқа әкелінбек. Әзірге, қай ауылдың табынына апарылары белгісіз.

        Арман шаруашылықтағы мал санын көбейте түспек. 100 бас қазақтың ақбас сиырын әкеліп, ол үшін арнайы бордақылау алаңын тұрғызбақ.

       Шаруалармен кездескен Шагурашид Қалиұлы шаруашылықтарды қолдау бағдарламаларының тетіктері туралы айтып өтті. Еңбек етуге ниетті жан болса, қолдан келер көмекті аямайтындығын жеткізді.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Суреттерді түсірген автор.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button