Қарқаралы

Озық жетістіктерге негізделген

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық кодекс қолданысқа енген.

Жаңа қылмыстық заңнаманы ізгілендіру Елбасы Жарлығымен бекітілген 2020 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасында көзделген.

Қылмыстық кодекс екі бөлімнен, 467 баптан тұрады, жалпы, бөлім 98 баптан құралса, ерекше бөлімге 369 бап енгізілген.

Қылмыстық кодекстегі жаңа өзгерістің бірі екі буынды қылмыстық жазаға тартылатын әрекет жөнінде түсінік енгізілген.

Бұрын қылмыс пен қылмыстық әрекет жалпы ортақ түсінікпен айқындалатын, Қылмыс пен қылмыстық теріс қылық екі топқа бөліп қарау бүгінгі күні Германия, Испания, Австрия, Голландия, Норвегия, Чехия сияқты батыс елдерінде тиімді пайдаланып келеді.

Қылмыстық теріс қылық – бұл әлі қылмыс емес, дегенмен, мұндай әрекеттің қоғам, адам үшін залалы бар.

Ол әкімшілік заң бұзушылық пен қылмыстық заң бұзушылықтың арасындағы буын іспетті.

Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін жауапкершілік қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен өзгеше болуы тиіс. Қылмыстық теріс қылық ұсақ залал келтіру болып табылады. Ескі қылмыстық кодексте ұсақ залал келтіруге нақты түсінік берілмеген. Жаңа кодексте бұл мәселе жан-жақты қарастырылып, кең түсінік берілген.

Қылмыстық теріс қылық үшін кодексте 4 (төрт) түрлі жаза қарастырылған: айыппұл, түзеу жұмысқа тарту, қоғамдық жұмысқа тарту, қамаққа алу.

Ал, қылмыс бойынша 5 (бес) түрлі: айыппұл, түзеу жұмысы, бостандығын шектеу, бостандығынан айыру, өлім жазасы.

Көріп отырғанымыздай, қылмыстық теріс қылық пен қылмыс жасаған адамның жазаларының арасында үлкен айырмашылық бар.

Сондай-ақ, қылмыс теріс қылық пен қылмыс үшін төленетін айыппұл мөлшеріде әртүрлі.

Мәселен, қылмыстық теріс қылық үшін айыппұл мөлшері 25-500 айлық есептік көрсеткіш денгейінде болса, қылмысы үшін төленетін айыппұл мөлшері 500-10000 айлық есептік көрсеткіш.

Қылмыстық теріс қылық үшін бостандығынан айыру жазасы қолданылмайды.

Жаңа кодексте, қылмыс үшін қосымша 4 түрлі жаза қолдану енгізілген, атап айтқанда; мүлкін тәркілеу, атағынан, шенінен, марапаттарынан айыру, белгілі бір қызметпен айналысуын шектеу.

Бұрын бұл жазалар негізгі жазалар ретінде қолданып келген.

Кодексте айыппұл төлеуден жалтаратындарды заң тезіне салу үшін бас бостандығынан айыру жазасын қолдану қарастырылған.

Бұл жағдайда абақтыда отырған 1 күн 4 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл көлемімен теңестіріледі.

Жаңа кодексте айыппұлды қасақана төлемеу айғағын дәлелдеу қажеті жоқ.

Жаңа Заңда қылмыс саласын ізгілендіру кеңінен қамтылған.

Сонымен бірге, қылмыс түрлеріне қатысты жаза бұрынғыға қарағанда біршама қатаңдатылған.

Ескі кодексте әйелдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылмаған. Жаңа кодексте мұндай жазаға, тек, 18 жасқа толмағандар мен 63 жастан асқан әйелдер ер адамдар тартылмайды деген, яғни, аса ауыр қылмыс жасаған 63 жасқа толған әйелдер осындай жазаға тартылуы мүмкін.

Мемлекеттік қызметкерлер жемқорлығы үшін жазаға тартылса өмір бойы мемлекеттік қызметпен айналыспайтын болады.

Сондай-ақ, жаңа кодексте жемқорлығы үшін жазаға тартылған адамның тек сондай заңсыз жолмен тапқан мүлкін тәркілеу қарастырылған. Бұрын жемқор болған адамның барлық мүлкі тәркіленетін.

Жаңа Заңда кәмелетке толмағандарды зорлағаны үшін 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырумен қатар, өмір бойы түрмеде отыру жазасын тағайындау қарастырылған.

Бүгінде әлем елдерінің тәжірибелерінен өткен қылмыстық заң саласындағы озық жетістіктерге негізділген еліміздің жаңа қылмыстық кодексі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда жаңа сапалық сатыға көтереді деген сенім бар.

М.ҚАСЫМБЕКОВ,

Қарқаралы аудандық

сотының төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button