Қожа-Ахмет Яссауидің «Даналық жолы»

Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында тағылымы терең тарихымызды зерделеп, санамызда қайта жаңғырту жайы атап көрсетілді. Сонда Ұлы Даланың даңқты тұлғалары туралы айта келіп, ғұлама ғалым, әулие, ақын – Қожа Ахмет Яссауиге де тоқталған еді.


Бүгіннен бастап бабамыздың айтулы «Даналық жолы» («Диуани-Хикмет») шығармасынан үзінділерді газетімізде жариялағанды жөн көріп отырмыз. Бұл шығарманың жолма-жол аудармасын Сыраш Битенов атты абыз ақсақал тоқсаныншы жылдары алмағайып заманда алғаш қағазға түсірген. Ақсақалмен сұхбаттасып, аударманы көркемдеп басуға дайындаған – ақын Оңайгүл Тұржан. Сол аударманың алғашқы беташары сұхбатымен қоса Арқадағы казақ баспасөзінің қарашаңырағы «Орталық Қазақстан» газетінде 1990 жылы 25 ақпанда тұңғыш рет жарияланған. Басылымның сол кездегі Бас редакторы – Нұрмұхан Оразбеков. Аударманың алғашқы жарияланымының кезекші редакторы – Өтен Ахметов, корректоры – Мейраш Мұқашева.
Жалпы газетіміз мұндай тарихи, құнды дүниелерді алғашқы болып жариялауда өте белсенділік танытып келеді. Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы да біздің газетте басқа басылымдардан бұрын шыққан. 
Туындының «Орталық Қазақстанда» жарық көрген нұсқасын араға 29 жыл салып қайта жарияланып отыр. Қожа Ахмет Яссауидің «Даналық жолын»  газетіміздің 24.01.2019 жылғы №8 (22 604) санынан оқи аласыздар.