Поэзия

Оянып кетсем…

Оянып кетсем..
Көзімді жұмып жүре
тұратын шығармын,
Жарықты анық көріп тұрмын
деп айқайласам да ұғар кім?

Оянып кетсем..
Алыстар еді, алыстар бәлкім,
қабір күн,
Жанды, жансызды
құшақтап алам,
құшақтай алам – сағындым.

Оянып кетсем…
Жылап аламын, жылау да
кейде жақсылық,
Меңіреу күйден
арылып алмай…
бола ма менде басқа үміт?

Оянып кетсем,
Жайқалып, жайнап,
жанданатындай бар ғалам,
Кейде сол сәтті елестетіп-ақ,
көмескі етіп-ақ таң қалам.

Оянып кетсем.
Ақыным өлең оқып тұрады күмәнсіз,
Мен үшін өлең – шынайы өмір,
түсіне-тұғын шығарсыз.

Оянып кетсем.
Гүлдері анық ақ мата жайып еденге,
Дұшпанымның да жүрегін езіп
жылы сөз айтып көрем бе?

Оянып кетсем.
Махаббат пенен мейірге шексіз бөленем,
Ұйықтап тудым ба,
Ұйықтап қалдым ба,
Ұйықтап қалғанмын неге мен?

Оянып кетсем.
Бөтен ойлардан болар едім ғой күнде есен,
Бес уақыт намаз,
Бала табудан басқа ештеңе білмес ем.

Оянып кетсем.
Ырзығым деймін, ысырап деймін таласам,
Ояну – қиын,
Әуелде дауыл тұратын болар орасан?

Оянып кетсем,

Обал бола ма?
Жолығам қандай елеске,
Қамқор болатын қалың қазағым
ұйықтап жатыр емес пе?

Адамды аяп,
Әсершіл әлем әдемі әдіс тауыпты,
Ырқына көнбей, 
Алғашқы болып оянып алу қауіпті…

Салтанат СМАҒҰЛТЕГІ

Басқа материалдар

Back to top button