Жаңалықтар

“Овертон терезесі”

Адамның ақылына симайтын азғындықты қоғам үшін қалыпты дүниеге айналдыруға болады. Қажет десеңіз арнайы технологиясы да бар. Оны 1990 жылы америкалық әлеуметтанушы Джозеф Овертон ашқан.

ХХ ғасырдың бас кезінде Америка билігі қоғамның азғындалуына қарсы күрес бастады. Әйелдің ар-намысы – ұлттың ұяты. 1914 жылы билік әйелдердің жағажайда жалаңаштануына тыйым салды. Жаңа заңның орындалуын қадағалау мақсатында суға түсетін киімдердің тізеден жоғары болмауын қадағалайтын арнайы полиция қызметі құрылды. Заң бұзғандар қатаң жазаланатын. Киімдері талапқа сай келмеген келіншектер бірден тұтқындалып, айыппұл төлеуге мәжбүрленді, кейбірі абақтыға қамалды. Әйтсе де, сөйткен Америка арада жүз жыл өткенде, азғындықтың шыңы болып табылатын бір жыныстылардың некесіне заң жүзінде рұқсат берді, әрі оларды қорғауға алды. Неге? Осынша қысқа уақыттың ішінде күрт өзгеруіне не себеп? Міне, әлеуметтану ғылымындағы «Овертон терезесі» теориясы осы сауалдың нақты жауабын береді.

Бірінші терезе – «Ақылға қонымсыз» кезең

Егер бір жыныстылардың некесін заңдастыру мәселесі бірден көтерілгенде не болар еді? Әйелдердің қысқа киім кигеніне үрке қарайтын қоғам ондайларды сол сәтте-ақ жоқ қылар еді. Сондықтан да бұл кезеңге «ақылға қонымсыз» деп ат берілді. Қоғам бір жыныстылардың барын білсе де, оларды түсінуге тырыспады. Қайта шошына қарап, бойларын аулақ салуға тырысты.

Екінші терезе – Радикалды кезең

Бұл кезеңде азғындықты ту етушілер ашық шабуылға көше бастайды. Олар қасақана халықтың ашуына тиюді, сөйтіп, бір жыныстылар мәселесіне көңіл аударып, талқылауын қалайды. Өзгеше адамдар туралы ақпаратты бұқараға күшпен тықпалап, жұрт назарын аударады. Тіпті ғылыми симпозиумдар ұйымдастырып жіберуі де мүмкін. Мәселен, «Садом мен Гаморада бір жынысты некеге рұқсат болған, Рим императоры ер балаларды ұнатқан, бір жыныстылар адамзатпен бірге пайда болған» деген тәрізді дүниелер айтылады. Мұны қарапайым адамдар емес, беделді ғалымдардың аузымен айтқызады. Діни аңыздарды да мысалға келтіріп жіберуі мүмкін. Мақсат – халыққа мұндай дүниенің енді ғана пайда болған нәрсе емес, бұрыннан бар екенін жеткізу.

Үшінші терезе – Түсінуге ұмтылу кезеңі

Қоғам бір жыныстылар мәселесін қызу талқылау үстінде. Жұрт бұл мәселеге бұрынғыдай тосырқап қарамайды. Елең ете қалатын жаңалық емес. Қалыпты дүние. Енді «Бұл да табиғи жаратылыс қой. Түсініп көрсек қайтеді?» деген сөз айтыла бастайды. Бір жыныстылар туралы мақалалар жазылып, олардың тағдыры кинода көрініс тауып қалуы мүмкін. Азғындарға қарсы өткір сын айтып, қабылдай алмайтындарға күй жағылады. Ондай жандар адамгершіліктен жұрдай, дүбәра ретінде суреттеледі. Ал оларды жақтау модаға айналады. Өздерінің бір жынысты досы барын мақтан көретін жандар да пайда болады.

Төртінші терезе – Ақылға қонымды кезең

Алдыңғы үш кезең көздеген мақсатына жетті. Бұл кезеңде «гомосексуализм – қалыпты дүние» деген пікір үстемдік құрады. Бір жыныстыларға аяушылықпен қарап, олардың құқығын қорғайтын ынталы топ пайда болады. Әрине, дәстүрлі құндылықтарды бойына сіңірген, азғындыққа қарсы шығушылар да табылады. Осылайша, қос тараптың арасында бітпейтін дау басталады. Ал қоғам екі жақтың қайсын таңдарын білмей, бейтарап күйін сақтап қалады.

Бесінші кезең – Танымал ету кезеңі

 Қауіпті кезеңнің бірі. Әу баста азғындықты насихаттауды қолға алған топ енді өз жақтарына танымал тұлғаларды тарта бастайды. Әсіресе, жас буын сөзін тыңдап, соңынан еретін әншілер, әртістер мен спортшылардың бір жынысты екені белгілі болады. Олар қалың көпшіліктің алдында «құпиясын» жариялайды. Бұл сары басылымдар мен рейтинг қуған ток-шоулардың сүйікті тақырыбына айналып шыға келеді. Елдің бәрі гомосексуализм туралы айтып жатыр, жазып жатыр. Енді шошына қарау мүмкін емес.

Алтыншы терезе – Азғындар саясатта

Бір жыныстылар туралы еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін біледі. Олар туралы мақала жазылып, кино түсірілген. Бұрынғындай жасырынбай, көшеде қол ұстасып жүре береді. Ол ол ма, әйгілі адамдардың өзі осы санатқа жататынын мойындап қойған жоқ па?! Бірақ, бір жыныстыларға төнген қауіп әлі сейілмеді. Жекелеген адамдар тарапынан қауіп төніп тұр. Мәселен, кейбір мекемелер қызмет көрсетуден бас тартуы мүмкін. Бұзақылар оңашада ұрып-соғып, өмірлеріне қауіп төндіріп жатады. Енді қайтпек керек? Олар саясатқа ұмтыла бастайды. Лауазымды қызметке тұрып, бір жыныстылар мәселесі биік мінберде көтеріледі, тіпті арнайы заң да қабылдануы мүмкін.

Бір жыныстылар некесінің саясиланғаны соншалық, Америка тәрізді әлемге әмірін жүргізіп тұрғын мемлекеттер енді дәстүрлі құндылықтарды берік ұстанған елдерге назар аударуда. Ол жақта бір жыныстылар жоқтың қасы. Болса да, әлі бірінші терезе кезеңінен аспағандар. Сондықтан, мықты елдер тарапынан азғындарға оңтайлы жағдай жасауды талап ететін қыспақтар күшейе түспек. Олардың талабы несие беру немесе халықаралық форум, жарыс ұйымдастырудың шартына енеді. Орындау қатаң талап етіледі. Әйтпесе, дамушы елдерге несие берілмеуі мүмкін. Экономикасын қарқынды дамытуды көздеген ел амалсыз әлгілердің айтқанына көнеді. Бір жыныстыларға ашық рұқсат бермесе де, олардың әрекетіне көз жұма қарап, келесі терезеге өтуіне кедергі келтірмейді. Әрине, қарсы шығатындар да табылады. Бірақ, уақыт өтіп кетті. Қоғам азғындардан әлдеқашан жеңілген.

P/S: Америка мен Еуропа елдері алты терезенің бәрінен өтіп қойды. Енді олар біз тәрізді елдерден де осыны талап етуде. Ел аумағында гомосексуализмге тыйым салатын заң шығаруға болар еді. Бірақ, өйтсек әлем экономикасын ұстап тұрған елдер бізден теріс айналады. Ал «жабық есік» саясаты дамуға емес құлдырауға алып келеді. Азғындықтың көкесі де сол кезде басталады. Сондықтан да «өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» аман өтудің жолын іздеу керек. Елдегі ахуалға көз салсаңыз, азғынды дәріптеу төртінші кезеңге жетіп қойған тәрізді. Алда не күтіп тұрған кім білсін…

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button