Жаңалықтар

Овертон терезелері

Сендейлер елді артқа сүйреп жатқан. Кез-келген өркениетті елді қара. Ол жерде гейлерге алакөздену жоқ. Ол жақта, біреудің таңдауын сыйлау деген бар. Бұл да бізге келеді. Мейлі ерте, мейлі кеш. Бұл болмай қоймайтын үрдіс. Адамның мәдениеті артқан сайын, өзгенің басқаша болғаны үшін жазғыру, жазалау деген нәрсе жоғала береді…

Стоооп! Сонда қалай? Мәдениет өскен сайын, еркектің еркекке артылуы қалыпты нәрсеге айналуы керек пе?! Бұл енді өтірік!

Гейлікке төзіммен қарау – адам мәдениетінің артуынан пайда болатын құбылыс емес. Бұл 30-40 жыл бойы жұрттың миын шаюмен мүмкін болатын дүние. Мұндай ойды ең алғаш америкалық әлеуметтанушы Джозеф Овертон айтып еді.

Овертон терезелері немесе нәжісті әтір есебінде «қолдандыру»

Джозеф Овертон кітабында ең бір жиіркенішті, нәжіске лақтырылған қоқысты біртіндеп ақтау арқылы, адамдар әлгіні өз еркімен басына тәж ретінде киіп алатындай ете аламын депті. Бұл құйтырқы теориясына «Овертон терезелері» деген ат беріпті.

Сонымен, әлгі жиіркенішті құбылыс құндылыққа айналуы үшін, Овертонның теориясы бойынша бірнеше терезеден өтуі керек екен.

Овертонның терезесін мен шлюз дегенмен түсіндіріп көрсем. Шлюз дегенің – етектегі кемені таудың төбесіне дейін шығаруға көмектесетін көпір-бөгендер. Ол былай жұмыс істейді: кеме өзеннің ортасына дейін жүзіп келді делік. Ары қарай өзен 5 метрлік жардан құлап ағады. Қайығымызды 5 метрге қалай көтереміз? Ол үшін кеменің алды және арты бөгеледі де, әлгінің ішін суға толтыра бастайды. Кеме 5 метрге көтеріледі.

Төбедегі бастаудың суымен теңдескенде, алдыңғы қақпа ашылады да, кеме енді төбедегі арықпен жүзеді. Біраз жүргесін, тағы да вертикал ағысқа тап болады. Тағы да алдынан бөгет құрылады. Су толтырылады. Тағы да есіктері ашылады… Не керек, қайық таудың төбесіне шыққанша осылай болады.

Енді елестетіңіз. Тау ол – адамзаттың мораль, ар-ұжданы деп есептейік. Ал кеме – жиіркенішті, ұятты дүниелер. Осы «кемені» тау басына шығару үшін, қайсібір ұйымдар тура шлюз секілді дүниені қолданады. Әлгі кеме жоғарыдағы өзенге жетуі үшін шлюздің іші суға толтырылды емес пе? Содан сумен бірге кеме де көтерілді ғой. Міне, азғындық та тура осылай. Адам мүлдем ойламаған дүниелерді біреулер әкеледі де, қоғамның арасына тастап кеп жібереді. Жұрт шоршып-шошиды. Түбегейлі қарсы болады. Бірақ, бастысы жиіркенішпен айтылса да, ол айтылып жатыр (Шлюздің іші суға толып жатыр…) Яғни аты мүлдем ауызға алынбауы керек дүниені енді жас та, кәрі де айтып жүр. Табу  бұзылды. Не керек, уақыт өтеді. Күнде айтыла бергесін, әлгіге жұрттың құлағы үйренеді. Қалыпты нәрсе сияқты қарай бастайды. Сосын ол жиіркеніншті нәрсесі жаппай насихаттала бастайды. Қарсы тұруға күш жоқ. Себебі оны заңмен қорғап қойған…

Сонымен, Овертон терезелерінің қалай жұмыс істейтінін көрсету үшін, ең бір жиіркенішті дүниені мысал етіп алайықшы. Мәселен, каннибализм. Адамның адамды жеуі ше? Сеніңіз жолын тапса, осындай азғындықты да насихаттауға болады.

БІРІНШІ ТЕРЕЗЕ – «АҚЫЛҒА ҚОНЫМСЫЗ» КЕЗЕҢ

Иә, түсінікті. Дәл қазір көшеге шығып, каннибализмді насихаттай алмайсың. Жұрт қолыңды қол, бұтыңды бұт етіп айырып тастайды. Бұл кезеңге Овертон «ақылға қонымсыз» деп ат беріпті. Бұл дегенің адамның етін жеуді заңдастыру мүмкіндігі нөлде тұр деген сөз. Бірақ… Нөлден соң, 1-2-3 дегендер бар емес пе? Кеме есіңізде ме? Тік ағып жатқан өзенге әкелгенде, жоғары көтеру мүмкін еместей көрінеді ғой. Ал шлюзбен әлгі мүмкін еместей көрінген дүниені тау басына дейін шығарады емес пе? Мынау каннибализмді легализациялау да тап сондай жүйемен жүргізіледі.  

Бірден айтайық, Овертонның терезелері теория деп аталғанымен, ғалым ештеңе ойлап тапқан жоқ. Ол өзіне дейін-ақ жұмыс істеп тұрған, кез-келген бассыз идеяны заңдылыққа, құндылыққа айналдырып жібере алатын механизмді суреттеді. Ол – азғындықты кезек-кезегімен қоғамға тықпалай берсе, ең соңында әлгі қауым гүрс құлайтынын көре алды.

ЕКІНШІ ТЕРЕЗЕ – РАДИКАЛДЫ КЕЗЕҢ 

Каннибализм тақырыбы – дәл қазір жиіркенішті әрі оны қоғам оны еш қабылдай алмайды. Бұл мәселені газет-жорнал, теледидарың талқылауды ақымақ көреді. Бұл деңгейге не деп ат беріп ек? Дұрыс таптыңыз! «Ақылға қонымсыз». Енді мақсат мынау! «Ақылға қонымсыз» кезеңде тұрған тақырыпты «радикалды» деңгейге көтеру керек. Радикалды дегеніміз, ешбір қажеті жоқ, маңызсыз дүниені агрессивті түрде адамдарға тықпалау. Адамдарды сол туралы сөйлеуге, ойлануға мәжбүрлеу. Ол үшін мынау сөздер айтыла бастайды:

«Несі бар, бізде сөз еркіндігі деген бар емес пе?!» 

«Олай болса, неге каннибализм тақырыбында сөйлеспеске?»

Әрине, мұны қарапайым адамдар айтпайды. Бұл сөздер ғалымдардың аузынан шығуы керек. Енді ше, ғалымдарға кез-келген тақырыпта әңгіме өрбітуге, кез-келген нәрсені зерттеуге рұқсат қой. Содан ғалымдардың басын қосып, «Полинезиядағы тағы тайпалардың діни ғұрыптары» деп аталатын этнологиялық симпозиум ұйымдастырып кеп жібереді. Сол басқосуда әлгі жабайы тайпалардың каннибализм дәстүрі сөз болады. Олар цинга, өкпе ауруына ұшырамас үшін бір-бірін жейді екен деген сенсациялық тұжырым шығарылады.

Көрдіңіз бе? Жаңа сіз каннибализм туралы айтып едіңіз, ешкімге өтпеді. Ал ғалымдар сөйлеп еді – халық аузын ашып тыңдады… Себебі, сіз қарапайым біреусіз. Ал ғалымдарды тек шындық айтатын, бәрін білетіндер деп ойлайды тобыр. Адам жеуді ғылыммен бүркемелеп, насихаттаудың жолы басталды.

Шлюздегі су толды. Кеме 5 метрге биіктеп, есіктер ашылды да, қайығымыз жоғарыда тұрған арыққа дейін көтерілді. Тура сол сияқты, ғалымдардың көмегімен жаңа ғана, сіз айтқанда тыжыранып отырған тақырыпқа жұрт қызықты. Енді «Оказывается, адамның табаны мен алақаны жеуге келмейді екен ғой. Әне бір ғалым айтып отыр», -деп басталатын әңгімелер еркін айтыла береді.

Не керек, жиіркенішті тақырып, талқылауға татымайтын тақырып, агрессивті түрде тықпалаудың арқасында екі адамның басы қосылса, қозғалатын тақырыпқа айналды. Каннибализм Овертонның екі терезесінен өтті. Әуелде «ақылға қонымсыз» еді. Радикалды деңгейге көтерілді…

ҮШІНШІ ТЕРЕЗЕ – АЗҒЫНДЫҚТЫ ТҮСІНУГЕ ҰМТЫЛДЫРУШЫ КЕЗЕҢ

Овертонның келесі терезесі ашылып жатыр. Адамның етін жеу тақырыбы дәл қазір радикалды, агрессивті тықпалаудың арқасында талқыланып жатыр ғой. Енді осы азғындық – «оларды да түсініп көрейік те» деген келесі кезеңмен қуатталып, күшейтіледі.

Бұл деңгейде баяғы ғалымдарға тағы жүгінеді. Олардың сөздерінен цитата ала бастайды. Кім бұл тақырыпты талқылағысы келмейді, соны екіжүзді, жәдігөй деп айыптай бастайды. Не үшін? Жәй, сенімен бірге адам етін жеу тақырыбын талқыламағаны үшін. Енді бұл тақырып қазір мода әрі өзекті. Ал ол болса, бүкіл жұрт сөз етіп жүрген дүниені әңгімеге араластырғысы келмейді. Сонда не, ол бүкіл адамды ақымақ, өзін ақылды санай ма?

Жә, талқылаудан қашқанды екіжүзді деп, ондайларды жазғыра жүріп, мынау бетте каннибализм деген сөзді әдемі атаумен өзгерту процессі жүріп жатады (Біліңіз. Кімде-кім жиіркенішті дүниені сыпайы атпен атай бастаса, ол сектант немесе қауымды бұзуды мақсат тұтқан адам. Неге олай дейсің? Азғындыққа әдемі атау берген сайын, оны заңдастыру оңайлай береді). 

Хош, сонымен каннибализм деген атау жоғалды. Бұдан былай, адам етін жеуді газет-жорналдар антропофагия деп жаза бастайды. Алайда, бұл терминнің ғұмыры ұзақ болмайды. Бұл анықтама қорлауға жатады дейді де, оны тағы да бір атқа ауыстырады.

Атын ауыстыра берудегі мақсат – әлгі азғын дүниенің шын мәнінде не мағына берерін ұмыттыру. Мәселен, каннибализм атауы көптің санасында, қорқынышты және жиіркенішті атау болып қалған ғой. Енді соны антропофагия десең, әлгіндегі қорқыныш тарап кетеді. Ол термин де ауыстырылады. Енді бұдан былай адам жеушілерді антропофил деп атай бастайды. Қалай, мынау процесстер ұсталып қалмас үшін, фамилиясы мен паспортын жиі ауыстыратын қылмыскердің қылығына ұқсап кетпеді ме?

Атауды өзгерту процессі жүріп жатқанда, мынау жақта каннибализмді қоғам мойындауы үшін миф-аңыздардан немесе тарихтан яки болмаса қазіргі заманнан мысалдар іздестіріле бастайды. Ондай мысалдар міндетті түрде табылады.

Қайсібір әлемдік діндер адам етін жеуге мейлінше толерантты. Мәселен, христиандар үшін антропофилия қалыпты дүние. Олар, әлі күнге ойша Исаның етін жеп, қанын ішеді емес пе? Сендер христиан шіркеуіне қарсы келмексіңдер ме? Құдай-ау, сендер білдей бір дінге қарсы шығатын кімсіңдер өзі?

Бұл түсінікті қазақ қабылдай алмай жатса, азғындықты насихаттаушылар қазақтың төл аңыздарынан бәлекетті іздеп табады немесе ойлап табады.

Ақтабан шұбырынды кезінде, шиттей бала-шағасымен көште қалып кеткен Күләш ана туралы аңыз естеріңде бар ма? Балалары аштан өлмес үшін ол кісі өзінің санынан қоң ет кесіп алып алып, ұлдарына пісіріп берді емес пе?

Бұл аңыз өтпей жатса, кешегі аштықтан мысал келтіреді.

Аштықтың кезінде, адамдар тірі қалу үшін өлген кісілердің етін жеген. Олар жауыз емес. Діндеріңде жейтін ештеме қалмағанда, өлексе жеуге рұқсат еткен емес пе? (Шариғатта өлексе деп жануардың денесі сөз етілген. Ал бұлар әдейі сөзді бұрмалап, адамның мәйіті дегенге әкеп тіреп отыр) Ата-бабаларың шариғаттан хабары болған. Соған амал еткен. Тірі қалу үшін сенің де атаң адамды жеген болуы мүмкін.

Бітті, бұған қарсы аргумент жоқ. Дүдамал ойдасың. Не керек, каннибализмді насихаттаушылар сені өздеріне лоялды ете алмаса да, сен қарсылас болудан қалдың. Адам етін жеу – қылмыс, жауыздық десең, атаңды да қарға деп контршабуылға шығады. Не дей аласың?!

Бұл кезеңде азғындықты жаюшылар, каннибализмді қылмыс деген түсініктен ішінара тазартып, «қажетттіліктен болды ғой, енді анда-санда болатын шығар» деген жағымды желеулермен бүркеуге тырысады.

ТӨРТІНШІ ТЕРЕЗЕ – АҚЫЛҒА ҚОНЫМДЫ КЕЗЕҢ

Не керек, Овертонның үшінші терезесі бассыздықты түсінуге тырысқан кезең тәмамдалды. Адамды жеуді жауыздық деп санайтын пайым әлсіреді. Енді азғындыққа төртінші мүмкіндік терезесі ашылады. Бұл кезде каннибализм –  ақылға қонымды дүние. «Одан шошудың еш қажеті жоқ» деген пікір-пайым үстемдік құрады.

 «Адам етін жеу генетикасында жазылып қойған болуы мүмкін. Сенде білмейсің, бәлкім, сенің ішіңде де адам етін жегің келетін бір сезім жасырынып жатқан шығар?!»

«Адам етін жеуің керек болатын кездер болады. Мәселен, аштық кезі…»

«Өзін жегенді қалайтын адамдар бар»

 «Азат адам өзінің нені жегісі келетінін өзі шешуі керек».

 «Антропофилдердің зияны бар ма? Олардың қасірет әкелгені туралы бірде-бір дерек жоқ».

Осындай жағымды ойлар айтыла бастайды. Осы кезде каннибализмді ынты-шынтысымен қорғайтын және оған түбегейлі қарсы екі топ пайда болады. Екіншісі нағыз фашистік ұрандар көтереді. «Оларды өртеп жіберу керек. Көрген жерде өлтіру керек». Теледидар, газет-журнал осы екеудің айқай-таласын күніге көрсетеді. Сіз кәдімгі адамсыз, тиісінше каннибализмге қарсы бір ишара, сөз айтсаңыз, бітті. Сізді анау фашистермен бір қатарға қойып қояды.

Осы у-шудың кезінде ТВ, радио-газет бүкіл күшін «фашистерге» қарсы жұмсайды да, ал антропофилдер (адам жегіштер) бір шетте қалып қояды. Міне, азғындық Овертонның келесі, бесінші терезесі ақылға қонымдыдан танымалдыққа қарай ойыса бастады.

БЕСІНШІ ТЕРЕЗЕ – АЗҒЫНДЫҚТЫ ТАНЫМАЛ ЕТУ

Каннибализмді дәріптеп, көпшіліккке танымал ету үшін тарихи адамдар немесе атақты тұлғалар пайдаланылады. Каннибализм жаңалықтардағы ең рейтингі көп хабарлардың біріне айналады. Ток-шоулар осы тақырыпқа кезекті сандарын арнайды. Адамды жеп жатқан көріністер кинода көп көрсетіледі, әндердің қайырмасы осы азғындықты суреттейді…

Ең бастысы, кез-келген азғындықты насихаттаудың ең тиімді жолы – «Айналаңа қарашы, ондайлар толып жүр ғой», -дейтін сөз.

«Пәленше деген атақты композитор антропофил екен ой, иә?»

«Әйгіл поляктың киносценарисі бар еді ғой, сол өмірбақи антропофил болған екен. Байқұсты сол үшін қудалаған дей ма?!»

«Е-е-е-е, не дейсің? Ондайлардың талайын жындыханаға тығып, миллиондарын жер аударып, елден қуды емес пе? А, айтпақшы, Леди Гаганың «Eat me, baby» дейтін әнін тыңдадың ба? Сұмдық күшті иә?»

Телеарналар мен газет-жорналдар өткізетін ток-шоулардың соңы осындай сөздермен аяқталады. Осының арқасында, қарапайым жұрттың аяушылық сезімін оятып алады да, келесі тапсырмаға көшеді. Бұл кезде жауыздан адам жасау процессі басталады. Олардың қылмысы өшіріліп, жағымды образы жасалады.

 «Олар енді шығармашылық адамдары. Ал әйелін жеп қойыпты. Содан не болды ал?»

«Олар өздерінің құрбандарын өте қатты жақсы көреді. Жесе, онда жақсы көргені ғой!»

«Антропофильдердің IQ-ы өте жоғары деңгейде. Көбінде мұндай кісілер аса талантты болып келеді…»

 «Олар кінәлі емес қой. Оларды солай тәрбиеледі » және т.б.

Жоғарыдағы сөздерді танымал адамдарға, журналистерге айтқызады. Қайсібір ірі магнаттар немесе әншілер өздерінің антропофил екендерін мойындайды. Ал рейтингі ұрып тұрған ток-шоуларда мынадай сөздер анық-ашық айтыла бастайды:

«Біз сіздерге, трагедияға толы махаббатты баяндап бермекпіз. Ол сүйіктісімен мәңгі бірге болу үшін оны жемек болды. Ал ол көнді, тек оның ғана жегенін қалады. Иә, бұл екеу махаббаттың құрбандары. Олай болса, бұл екеуді біз сынап-мінейтін кімбіз? Махаббаттың жолында кесе-көлденең тұратын кімбіз, тәйірі?! Иә, бұл өзгеше, бірақ махаббат!»

АЛТЫНШЫ ТЕРЕЗЕ – АЗҒЫНДЫҚТЫҢ САЯСАТҚА АЙНАЛУЫ

Каннибализм теледидардан, газет-жорналдан әбден айтылып, ол туралы 3 жасар балаға дейін білгенде, Овертонның соңғы терезесі ашылады. Бұл кезде азғындықты саясаткерлер қолдап, адам жегіштерді үлкен қызметке қоя бастайды. Әлемнің қай елінде каннибалдар қағажу көріп жатса, ісіміз солармен болады деген қарар қабылдайды қайсібір мықты мемлекеттер.

Осы соңғы, алтыншы терезені бүге-шүгесіне дейін түсіндіріп берейінші.

Каннибализм тақырыбы танымал болған кезде, оларды заңмен қорғау дейтін мәселе көтеріледі. Осыны заңдастыруға мүдделі топтар бұрынғыдай журналистің немесе әншінің артына жасырынғанды қойып, анық төбе көрсете бастайды. Каннибализмді заңдастыруды қолдайтындардың пайызы көп екенін дәлелдеген «әлеуметтік сауалнамалар» шыға бастайды.

Иә, алтыншы терезе ашылған кезде, қоғам ешқандай қарсылық көрсете алмайды. Иә, сіз бен біз секілді адамдар қарсы уәж айтар, тыраштанар, бірақ, уақыт өтіп кетті. Қауым өзінің талқаны шығып жеңілгенін мойындап қойды.

Не керек, қауымды құлатқасын, азғындықты насихаттаушылар оның болашағына балта шабуға кіріседі. Сөйтеді де, каннибализмді мектептің оқулықтарына қыстырып, балабақшаның тәрбиесінде қолдана бастайды. Бітті. Өскелең ұрпақ бесікте жатып азғындықпен ауыра бастайды.

P.S. Кез-келген азғындық, міне осындай технологиямен заңдастырылып, кейін агрессивті түрде жұртқа таңыла бастайды. Егер сен оларды қолдамасаң, бітті. Дені түзу талай адам солардың талауына түсіп қалмас үшін, не үндемейді не болмаса, сендермен біргемін дегенді айтуға мәжбүр болады. Қарап тұрсақ, дәл осындай жолдармен педерастық заңдастырылып еді. Қазір tуропалықтарға инцест (әкесі мен қызы немесе шешесі мен ұлы жыныстық қатынасқа түсу) және балалардың эвтаназиясын заңдастыруды үгіттеу жүріп жатыр… 

Нұрбек Бекбау

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button