Жаңалықтар

Отыз мыңға тарта ақтөбелік жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алады

 Жуырда өткен Nur Otan партиясының кезекті XVІІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үш бағыттағы әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға тапсырма беріп, қазақстандық отбасылардың әл-ауқатын көтерудің, әсіресе, көпбалалы отбасыларды қолдау шараларын күшейтудің маңыздылығын атап көрсеткен еді.  Ақтөбеге Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін келген ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкімет мүшелері тікелей осы мәселемен айналысты.

Вице-премьер Гүлшара Әбдіхалықова бастаған Үкімет мүшелері кеше Ақтөбедегі «Жұбановтар әлемі» мәдениет орталығында жұртшылықпен кездесті. Әлеуметтік қолдау бағытындағы жаңа шараларды іске асыруға қатысты мәселелерді талқылау үшін өткізілген жиынға көпбалалы және мүгедек бала бағып отырған аналар, халықтың әлеуметтік осал топтарымен жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мүмкіндігі шектеулі жандар, ардагерлер мен жастар қатысты.

Көпшілікпен кездесуге үкіметтік жұмыс тобының мүшелері — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, сондай-ақ Nur Otan партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев пен облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты.

Жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде облыс әкімі  Оңдасын Оразалин көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау мақсатында Ақтөбе өңірінде жасалып жатқан істер, осы бағыттағы Елбасы тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде айтты.

— Облыс орталығында және аудандарда азаматтарды түрлі әлеуметтік мәселелер бойынша қабылдау үшін, Ашық есік күндері өткізіліп, соның аясында 5 мыңнан астам адамның өтініш-тілегі мен арыз-шағымдары тыңдалды. Олар көтерген мәселелерді шешуге мемлекеттік органдармен қатар, түрлі қоғамдық ұйымдар мен кәсіпкерлер де атсалысып жатыр. Соңғы бір айдың ішінде 877 отбасына жалпы сомасы 50 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілді, — деді Оңдасын Оразалин.

Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова алдымен жиналғандарды халқымыз ежелден тойлап келе жатқан 14 наурыз күнгі Жыл басы мерекесімен құттықтап, өзінің игі тілектерін жеткізді.

— Елбасы тапсырған жаңа әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру мәселелерін талқылау, жұртшылықпен кездесу мақсатында біз осы аптада Батыс аймақтағы облыстарды аралап келеміз. Әлеуметтік саясатты жүзеге асыру басты үш бағыт бойынша жүргізілетін болады. Біріншісі — ең төменгі табысты көбейту және мұқтаж отбасыларды қолдау, екінші бағыт — білім беру және денсаулық сақтау салаларында қызмет сапасын көтеру және баспана мәселесін шешу, ал, үшіншіден, өңірлерді кешенді дамыту, яғни ішкі жолдарды салу мен жөндеу, таза ауызсумен және көгілдір отынмен қамтуды жақсарту көзделіп отыр. Алға қойылған бұл міндеттерді орындау үшін таяудағы үш жылда қосымша 2,3 триллион теңге қаржы бөлінеді, — деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Ол жаңа әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру — қоғам болып бірігіп қолға алатын аса маңызды іс екенін атап өтті.

— Әлеуметтік бастамаларды қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері қолдап, олардың іске асырылуына өз үлестерін қосады деп сенемін, — деді вице-премьер.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жиналғандарға жаңа іс-шаралар аясында қай сала қызметкерлерінің жалақысы өсетіні, атаулы әлеуметтік көмек алудың жаңа тәртібі қалай болатыны, мұқтаж отбасыларға атаулы көмектен басқа қандай қолдау көрсетілетіні сынды мәселелерді нақты сандар арқылы егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.

Айталық, жұмыс істемейтін жалғызбасты ана мен 4 баласы бар отбасы қазіргі күні мемлекеттен 63 740 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алып отырса,  сәуірден, яғни аталмыш көмекті тағайындаудың жаңа тәртібі енгізілгеннен кейін, 103 945 теңге төленетін болады. Одан бөлек көпбалалы ана ретінде алатын жәрдемақысы да сақталады.

Ал жалақысы төмен азаматтардың еңбекақысын арттыру 1 шілдеден қолға алынады.

— Бұл денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау, мәдениет, спорт және басқа салалар еңбеккерлерін қамтиды. Мысалы, білім беру не денсаулық сақтау мекемелерінде сол саланың тікелей мамандарынан басқа да адамдар, яғни жұмысшы мамандар еңбек етеді. Олардың еңбекақысын, орта есеппен, 25 пайызға көтеру көзделген. Жалпы, еліміз бойынша еңбекақысы көбейетін азаматтардың саны 1 миллион шамасында болмақ, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен бірге, министрдің айтуынша, аз қамтылған отбасыларға өз істерін бастау үшін, түрлі гранттар мен шағын несиелер беру бағытындағы жұмыстар одан әрі жандандырыла түседі.

— Біз өз ісін бастауға ниетті отбасыларды қолдап, ал ешкімге қол жаймай, кәсіптерін дөңгелетіп, жақсы табыс тауып отырған отбасыларды басқаларға үлгі ету жақтарын қарастыратын боламыз. Осы іссапар барысында, мысалы, көршілес Батыс Қазақстан облысында сиыр бағып, айына 300 мың теңгеге жуық табыс тауып жүрген көпбалалы отбасымен кездестік. Олардың табыс көзі — ауласындағы 7-8 сиырдың өнімі екен. Мектепте оқитын балалар ата-анасына көмектесіп, сиырларды күтіп-бағып, құрт пен май-қаймақ әзірлесіп жүр. Сабақ үлгерімдері де жақсы екен. Еңбекпен алға ұмтылатын осындай отбасыларға қоғам үлкен құрметпен қарауы керек, — деді Бердібек Сапарбаев.

Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова мектептерде жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту — тез арада емес, бірте-бірте жүзеге асатын іс екенін айтты.

— Бұл іске алдымен мамандар мен мектептер дайын болуы керек. Бұл мәселе, содан кейін ғана, өздеріңізбен — ата-аналармен, көпшілікпен ақылдаса отырып шешілетін болады. Ал мұғалімдерді ағылшын тіліне оқытуға бөлінген қаражат енді жоғары оқу орындарында педагог мамандарды даярлау ісіне бағытталады, — деді министр.

Ол колледждерде маман даярлау ісі ең қажетті және өңірлерде сұранысқа ие мамандықтар арқылы жүргізілетініне, осы саладағы басқа да өзгерістерге тоқталды. Министрдің айтуынша, алдағы үш жылда Ақтөбе өңірінде 9 жаңа мектеп салу жоспарланған.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өз саласындағы түрлі қиыншылықтарды маман тапшылығымен байланыстыратынын жеткізді. Оның ойынша, медициналық жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант арқылы білім алып жүрген жастарды енді жолдамамен жұмысқа орналастыруды жолға қою керек.

— Медицина саласында жеке емдеу мекемелерінің қатары көбейіп келеді, бұл, әрине, дұрыс. Дегенмен, мамандардың бір бөлігі жеке клиникаларда еңбек етуге кетіп жатыр. Сондықтан кей жерлерде маман тапшылығы мәселесі туындап отыр. Мемлекеттік грантпен оқыған жастарды сол жерлерге жұмысқа орналастыру қажет, — деді министр.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, 1 шілдеден бастап Ақтөбе өңірінде медицина саласында еңбек етіп жүрген 10,5 мың адамның жалақысы өсетін болады. Алдағы үш жылда облыста жаңадан 59 емдеу мекемесі ашылмақ, олардың басым бөлігі — фельдшерлік-медициналық пункттер.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов бүгінгі күні көпбалалы және табысы аз отбасылар үшін ең үлкен қиындық — баспана мәселесі екенін айта келіп, алдағы жылдары елімізде жалға және 2-3 пайыздық жеңілдікпен несие беру арқылы баспана ұсынудың қарқын алатынына тоқталды. Жеңілдікпен берілетін баспанаға 4 және одан да көп баласы бар, табысы аз отбасылар; мүгедек бала бағып отырған және толық емес отбасылар ие бола алады. Мысалы, 6 миллион теңге тұратын пәтерді алу үшін отбасы табысы 56 850 теңге көлемінде болуы жеткілікті. Бұл жағдайда бастапқыда ай сайын 31,6 мың теңге, кейіннен 18,9 мың теңге көлемінде несие төленеді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында елімізде 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер салынатын болады. Таяудағы жеті жылда бұл мақсатқа әр жыл сайын қосымша 50 миллиард теңге қаржы бөлінбек. Одан бөлек, 2-3 пайыздық жеңілдікпен несие беру үшін де жылына 50 миллиард теңге бөлінетін болады.

Үкімет мүшелерінің сөзінен кейін кезек көпшілік сауалдарына берілді. Жекелеген сауалдар мен шағымдардан бөлек, қоғамдық ұйымдар жетекшілері де аз қамтылған жандарға қиындық тудырып отырған кейбір мәселелерді вице-премьер мен министрлер назарына жеткізуге тырысты. Мысалы, көпбалалы аналар ұйымдарына жетекшілік ететін Бақыт Жаншаева мен Нұргүл Сыдықова кейбір отбасылардың, тұрақты мекенжайға тіркелмегендіктен, тиесілі атаулы әлеуметтік көмекті ала алмай отырғандықтарын айтты.

— Ауылда қиыншылық көргендіктен, табыс іздеп қалаға келген отбасылар тұрақты мекенжайға тіркеле алмайды. Сол себепті 2-3 жылдан бері ешқандай жәрдемақыға қол жеткізе алмай жүргендер бар. Олар өздері жалдаған пәтерлерге, туыстарына тіркеле алмайтыны түсінікті. Мұндай жағдайда қандай нақты көмек ұсынуға болатынын қарастырсаңыздар екен, — деді Нұргүл Сыдықова.

Ал Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қорғау орталығының төрайымы, Қазақстанның Еңбек Ері Құралай Байменова мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті түрлі жабдықтар алу үшін бюджеттен ақша бөлінгенде, ең төменгі баға арқылы есептеудің тиімсіз екенін айтты.

— Арзан заттың сапасы төмен болатыны түсінікті. Бұдан біздің азаматтар зардап шегеді, — деді ол.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев бұл ұсыныстардың алдағы уақытта ескеріліп, назарға алынатынын жеткізді.

— Қазіргі қолға алынған бастамалар үлкен істің бастауы ғана. Бақуатты қоғам құруға бағытталған бағдарлама алдағы он жыл уақытты қамтиды. Кезең-кезеңімен басқа да көптеген мәселелерді шешу жолға қойылмақ, — деді министр.

Осы кездесуге Мәртөк ауданынан арнайы келген көпбалалы ана Лаура Қалмұратова ауылдық жерлерде балаларды үш тілде оқытудың қиындықтары жөнінде баяндады. Оның пікірінше, бастауыш сынып оқушыларына, әсіресе, ағылшын тілі пәні бойынша қосымша сабақтар өткізу қажет. Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова облыстық білім беру басқармасына осы мәселені назарға алуды тапсыратынын айтты.

Үкімет мүшелеріне түрлі қиындықтарын жеткізіп, көмек сұрағандардың көпшілігі — жалғызбасты көпбалалы аналар. Олардың бір бөлігі баспана зарын тартып жүргендерін айтып, мұң шақты. Министрлер аналарға жағдайға қарай кеңес беріп, бұл мәселелердің заң аясында шешілетінін жеткізді, ал вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова осы сапарында олардың кейбірінің жағдайымен үйлеріне барып танысуға ниет білдірді.

Индира ӨТЕМІС,

“Ақтөбе” газеті

Басқа материалдар

Back to top button