Баған

Отбасы берекесі – сыйластық

Бәрі бақытты отбасын құрғысы келеді. Бірақ, әрбір берекелі отбасының бақытты ғұмыр кешуі – екі жасқа байланысты екенін көпшілік ескере бермейді. Отбасы бақыты ерлі-зайыптылардың сыйластығынан туындайды. Өзі түгілі өзгені өгейсітпейтін қазақ еліндегі көпұлтты отбасылар да – ұлтаралық татулықтың, сыйластықтың дәнекері ретінде ғұмыр кешуде. Отбасындағы шаңырақты шалқытып, өмірлерін ізгілікпен өріп, сыйластықтың жібін жалғап отырғандар қаншама. Соның бірі – біз.

Қарағанды облысына қарасты Құлайғыр елді мекенінде тұрамыз. Жанұяның тірегі сағынтай ата мен Рымбала апа алты бала тәрбиелеп өсіріп, болашаққа қанат қақтырған. Өзім осы әулетке келінмін. неміс ұлтының өкілі болсам да, қазаққа етене сіңіп кеттім. Мұсылман дінін қабылдадым.

Жолдасым екеуміз бір ауылда туып өстік. Келін болып түскен сәттен ата-енем мені туған қыздарындай қарсы алды. Жандары жайсаң, жақсы адамдар. Туған анамдай болған енемнен көп нәрсе үйрендім. «Білетінім – біреу, білмейтінім – тоқсан тоғыз» демекші, ата-анамдай болған асыл адамдарға әрдайым басымды иемін. Қазақтың кеңпейіл аналарының ізгі жолының жалғаушысындай болған енем әрдайым ұлттық дәстүрімізді үлгі етеді.

Сондықтан, отбасы құндылықтарының ең бастысы анамен байланысты деп ойлаймын. Әрбір ана баласына дұрыс жолды меңзеп, жақсыдан үйреніп, жаманнан жиренуге үйретеді. Әр үйдің шамшырағына айналып, рухани құндылықтардың негізін салады.

Енем үнемі үйдегілерге «Шай ішіңіз» деп айтатыным ұнайтынын айтады. Орамал тағып жүргеніміз де аналарымыздың көңілінен шығады. Бәрінен бұрын, туыстарымыздың көп болғаны – қазақтың дастарханының кеңдігі мен қонақжайлылығын аңғартады.

Биыл отасқанымызға 28 жыл. Түп-тамырымыз қазақылықтан ешқашан ажыраған емес. Балаларымыз қазақы тәлім-тәрбие алуда.

Отбасы құндылығының өзі тәлімтәрбиемен тікелей байланысты болғандықтан, оның негізі ата-анадан кейінгі жақын адамдардан үлгі алу арқылы көкейге қонады. Отау құрып жатқан жас отбасылар осыны ескерсе деймін. Балаларымыз кішкентайдан атасы мен әжесінің айтқандарына құлақ түретін болса, болашағы жарқын әрі жақсы істермен байланысты болады.

Сұраған жандарға Қазақстан – Отаным, ал ауылым – жүрегімнің бір бөлшегі, отбасым – темірқазығым деймін. Маған қазақ елінің кеңпейіл жүрегінен бастап, ғұмырына жетерлік барлық ұлағаты, отбасылық өнегелі дәстүрлері ұнайды. Біз секілді «тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір» жандардың өмірлері ізгілікпен нұрлана түссе екен деймін. «Тірліктің күші – бірлікте, бірліксіз істе береке жоқ». Қазақтың осы бір даналық сөзін жүректеріне мықтап түйген отбасының бақыты мен бағы үлкен болады. Менің осыған көзім жетті. Ең бастысы – сыйластықтан ажырамайық.

Инга АБДРАХМАНОВА,

«Абдрахманов» шаруа қожалығының жетекшісі.

Басқа материалдар

Back to top button