Отандық өнімді қолдау – өзекті

Өңірде жергілікті мазмұнды дамыту мен тауар өндірушілерді қолдау мақсатындағы жұмыстар белсенді түрде жүргізілсе де, қазақстандық материалдар барынша пайдаланыла бермейтін жағдайлар жиі кездеседі. Мәселен, тауарға тапсырыс берушілер жобалық-сметалық құжаттамаларына жергілікті өнімдерді салмай, құны әлдеқайда арзан, бірақ, сапасы жағынан өзімізде шығатын тауарлармен бәсекелесуге де жарамайтын шетелдік өнімдерге басымдық беретін жағдайлар орын алған. Бұл туралы Қарағанды облыстық Кәсіпкерлер палатасында өңірдегі тауар өндірушілерді қолдау мақсатында өткен дөңгелек үстелде мәлім болды.

Жиынға жобалық ұйымдар мен жергілікті өнеркәсіптердің өкілдері қатысып, отандық тауар өндірушілердің материалдары мен жабдықтарына қатысты мәселелер талқыланды. Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының жанындағы аймақтық кеңесіне қарасты Құрылыс комитетінің төрағасы Төлеген Әшімов қазір жергілікті тауар өңдеушілерді қолдау мәселесінің өзекті екеніне тоқталып, заң аясында жергілікті тауар өндірушілердің жобалық-сметалық құжаттар бойынша өтетін тапсырыстарда басты назарда болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін қолдану қажеттігін айтты.

Қазақстандық материалдардың орнына шетелдік өнімдерді тұтынатын жағдайлар «Бемер Арматура», «Водоканалстрой» және «Сантехпром» ЖШС орын алған. Зауыт өкілдері жергілікті өнімдерге көңіл бөлінбейтіндігін айтады. Осыған орай, жиынға қатысушылар жергілікті тауар өндірушілерді қолдау бағытында бірқатар ұсыныстарын да жеткізді. Мәселен, облыс әкімімен Отандық тауар өндірушілерді қолдау бойынша Меморандумға қол қойылып, ғимараттарды жобалау сапасын бақылауға Кәсіпкерлер палатасы комиссиясының және облыстық Құрылыс қауымдастығының өкілдері қатысар болса, жергілікті мазмұнды арттыру мүмкіндігі тумақ. Сондай-ақ, Қазақ ғылыми-зерттеу және жобалау иниституымен бірлестікте жергілікті өнімдердің әдістемелік жинағын дайындау да өзінің нәтижесін беруі мүмкін.

Кездесу соңында Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов барлық ұсыныстар мен айтылған мәселелер комиссия жұмысында қаралатынын айтты.

  • Заңды механизмді барынша пайдалана отырып, біз мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында қазақстандық материалдар пайдаланылуы керектігін айтқан Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға тиіспіз. Ең бастысы – аталған іс-шараларды жүзеге асыру жергілікті бюджетке түсетін салық пен басқа да міндетті төлемдер көлемін арттырып, нәтижесінде өңірдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына өз әсерін береді, – деді Ернар Күлпейісов.

Нұрдәулет БАҚЫШЕВ,

ҚарМУ-дың студенті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.