Бас тақырыпРесми

Отандық өнім үздіктері кім?

Жергілікті тауар өндірушілердің тағы бір легі үздік танылды. Нақтыласақ, дәстүрлі «Қазақстанның үздік тауары» байқауының аймақтық кезеңі сенбі күні мәреге жетті. Биыл байқауға отандық һәм қарағандылық 80 тауар өндіруші өтініш беріпті.

Байқау үш аталым бойынша үздіктерді іріктеді. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар», «Халыққа арналған үздік тауар» және «Азықтүліктің үздік тауары». Байқаудың нәтижесінде, Қарағанды облысының намысын республикалық байқауда 9 тауар өндіруші қорғайтын болды. Әр аталымда үш жеңімпаз анықталды. Бір атап айтарлығы, бұл үш аталымның көш басында тұрған үш кәсіпорын да тең дәрежеде жеңімпаз екендігі.

Әдеттегідей, облыс әкімінің сапа саласындағы жетістіктері үшін сыйлығы да табысталды. Бұған «Seven Refractories» ЖШС лайық деп танылды. Бұл – Қазақстандағы отқа төзімді материалдар шығаратын бірегей зауыт.

Ал, «Өндіріске арналған үздік тауар» аталымында 27 кәсіпорын бағын сынапты. Соның ішінде, үздігі – «Maker (Мэйкер)» ЖШС болды. Аталған компания тау-кен құралжабдықтарын дайындаумен және жөндеумен айналысады. Бұл номинацияда тағы бір жеңімпаз ескі көлік құралдарын утилизациялаумен айналысатын кәсіпорын – «Recycling Company» ЖШС. Үшінші үздік – машинақұрастыруда қосалқы бөлшектер өндіретін теміртаулық отандық өндіріс «Инкар-1» ЖШС.

«Халыққа арналған үздік тауар» лауреаты атануда облыстың 35 кәсіпорны өтініш берсе, оның үшеуі озық шықты. Дәлірек айтсақ, «Халыққа арналған үздік тауар» ретінде «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС танылды. Одан кейін «Казпласт» ЖШС, үшіншісі – Саран қаласының «Galex Plus» тігін-трикотаж фабрикасы

«Азық-түліктің үздік тауары» аталымында 18 өндірістің арасында «REN-MILK» ЖШС оза шапты. Сәтбаев қаласының жеке кәсіпкері ««Жагипарова МК» осы аталымда екінші орынды қанжығасына байлады. Бұқар жырау ауданының «Қарағанды Құс» ЖШС де оқ бойы озды.

Сонымен қатар, бизнес-қауымдастық, мемлекеттік органдар және құрылтайшылар тарапынан жеке аталымдар ұсынылды.

Мәселен, «Бастау-бизнестің» үздік жобасы» аталымы «Алдияр» ЖК-ге берілді. Әлібек Нұрабайұлы 2017 жылы «Бастаубизнес» бағдарламасына қатысушы. Нұра ауданы әкімінің 480 мың теңге грантын жеңіп алып, көшені жарықтандыру бойынша қажетті құрал-жабдықтарды жасаумен айналысады.

«Бинес процестерді автоматтандырудағы үздік кәсіпорын» аталымына лайық деп арнаулы көліктік-логистикалық орталық «Ригер» ЖШС танылды.

Бизнес үшін үздік телеарна – «Бірінші қарағандылық» телеарнасы. «Шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан жеке үлесі үшін» аталымын Серік Төрегелдин иеленді.

«Eurasian foods» АҚ – «Үздік салық төлеуші» аталымында жеңімпаз. «Үздік әлеуметтік отандық кәсіпорын» аталымы «Теміртаудағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған қолөнер орталығына» берілді. «Қарағандының экспортқа бағытталған үздік кәсіпорны» ол – «Sunpaper» ЖШС.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button