Жаңалықтар

Отандық дүкен неге опа бермеді?

         Екі ұртымызды бұртита айтатын «бренд» сөзі сәнге енгелі «қазақтың бренді анау, бренді мынау» дегенді жиілетпесек, әзірге сиреткеміз жоқ. Бұдан биліктегілер де құр қалмады. «Қазақстанда жасалған» маркасы да брендке айналсын деді. Бып деген бұқара жоқ. «Болса, болсын» десті. Құп алды. Әсіресе, Қазақстанда жасалған отандық өнімдердің, соның ішінде, текстильді тауарлардың  дүкені Қарағандыда ашылғанда кәдімгідей ішімізде неше жыл сіресіп қатқан тоң жылып сала берген-ді. Жапырақ жамылып кетпесек те, қытай, түрік ағайындардың арқасында иығымызды бүтіндеп жүргендіктен шығар. Оның үстіне, көкірегіміздің тым тереңіне түсіп алып, тым-тырыс, тырапай асып ұйықтап жатқан отансүйгіштік сезіміміздің де осы тұста шырт ояғаны. Әкім-қаралар барып, алаулатып, жалаулатып, сырнайлатып ашқан дүкенді көргенше тағат таусылды. Өлгенде көрген отандық текстильге тұттай боп барып, сыптай боп киініп шығуға бекіндік.

Қарағандының қақ ортасында ашылғанда, жұрт біршама қызықтаған еді. Бірақ өкінішке орай, жыл өтер-өтпестен есігіне қара құлып ілінді. «Универмаг.кз» деп айдарланған дүкеннің бір барғанда ішіндегі тауар аздығына көңіліміз қоңылтақсып қалған. Енді бір айналып соққанымызда, жабылып қалыпты.  Маңайындағы көрші-қолаң, ресейлік аяқ киім саудалағандардан сұрасақ, «банкрот» дейді. «Тауары – қымбат, түрі – аз. Сондықтан, тауары өтімсіз болды ғой деймін» деп болжам жасайды «көршісі». Рас, алғашқыда бұқара біршама жиілетіп ат басын бұрып тұрған. Келе-келе, ол да сиреген сыңайлы. Біз бірінші барғанда жалғыз сопайып сатушы қыз ғана тұрды. Обалы нешік,  сатушы қыз иіліп қызмет көрсетті. Бірақ «бізде мынадай бар, мынадай бар» деп аузын толтырып айта алмай, пұшайман болды. Соған қарап, жеңіл өнеркәсіптің жетіспегенін ішіміз сезіп қайтқан.  Одан соң арнайы бұрылғанда, есігі тарс жабық. Ақыры, жабылып тынды. Бүгін біздің жеңіл өнеркәсіп не шығарып отыр? Әбден жауыр сұрақ алдымыздан тағы сумаңдап шыға келді осы тұс.

Өкпеміз қабынып, өтіміз жарылса да, айтайық. Қандай да бір мамандарға арналған арнаулы киім-кешектен әріге барған жоқ. Өйткені, киімнің 97 пайызы, аяқ киімнің  96 пайызы, мақта-мата өнімдерінің 60 пайызы шетелден импортталады дейді деректер. Жеңіл өнеркәсіпке дем беретін шикізаттың үстінде отырсақ та, бұл өнеркәсіптің өнімін қоғам толық тұтынып көрмепті.

Қолда бар мәліметтерге жүгінсек, сол шылқыған шикізаттың 80-90 пайызы шекара асады екен. Ал, жеңіл өнеркәсіпте жолы болмай жүрген өнеркәсіптердің басты проблемасы –  тиімділігінің төмендігі мен өтелімділік мерзімінің ұзақтығына байланысты инвестициялық тартымсыздығы, кәсіпорындардың іскерлік белсенділігінің төмендігі, кәсіпорындар қызметін маркетингтеудің әлсіздігі, өндірілетін тауарларды жарнамалаудың жоқтығы, негізгі қорлардың тозуы мен өнімдердің бәсекеге қабілеттілігінің төмендігі және айналым қаражатының жетіспеушілігі дейді мамандар.

Деректерге сүйенсек, «Қазақстанда жеңіл өнеркәсіптің табысты дамуы үшін қолайлы жағдайлар мен алғышарттар бар – Оңтүстік Қазақстан облысында жыл сайын 400 – 450 мың тонна шитті мақта жиналады, елдегі табиғи шикізат – мақта талшығының өндірісі (жылына 130-170 мың тонна), жүн (15-20 мың тонна) және былғары шикізаты 7,5 млн. данадан астам, табиғи шикізаттан мата мен тоқыманың, киімнің әлемдік тауар нарықтарына экспорттау мүмкіндігі бар».

Қазақстан химиялық элементтерге ғана емес, ауыл шаруашылығының һәм мал шаруашылығының шикізатына аса бай. Сол байлықтың бір көрінісі ауыл-ауылда теріні ит жеп, тулақ қып сүйреп жүргені. Бірақ байлығымызға байпағымыз. Тапқанын ит, арқасын бит жеген жеңіл өнеркәсіптің бағы бір жанбай қойды. Әжептәуір боп ашылған отандық дүкеннің опа бермей жабылып қалуы да соның айқын дәлелі.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button