Жаңалықтар

От кешкен майдангер

1960-1980 жылдары Жаңаарқа ауданының Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшарының Алғабас бөлімшесінде он төрт Ұлы Отан соғысының ардагері бар еді. Олар – Мұқтар Иманмұсаев, Әбілхалық Садықов, Доскен Жүніспеков, Саққұлақ Әбсадықов, Қаппас Рахманберлин, Сейпіш Жанпейісов, Бәделхан Садықов, Егізтай Байболов, Смағұл Текебаев, Әбдуәли Дүйсенбеков, Сыхан Түсіпов, Түкіш Сыздықов, Ерубай Байболов, Сүлеймен Мыңжанов аталарымыз болатын.
Шайқас даласы мен еңбек майданында қажырлы қайраты, отансүйгіштік және адамгершілік қасиеттерімен үлгі-өнеге бола білген заманының зиялы да парасатты тұлғалары жыл сайын 23 ақпан – Қызыл Армия күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні мерекелерінде Алғабас сегіз жылдық мектебінде өтетін ардагерлермен кездесу салтанатына келуші еді. Неміс-фашист басқыншыларымен ұрыстарда бастарынан кешкен оқиғалары, Кеңес жауынгерлерінің дұшпанмен кескілескен шайқастардағы ерліктері, соғыс трагедиясы туралы әңгімелерін балалардың түсінігіне лайықты тілмен айтып беретін. Сол кездесулер оқушылардың патриоттық санасының жетіліп қалыптасуына зор ықпал ететіні күмәнсіз еді.
Бұл аталарымыздан мәңгіге көз жазып қалғанымызға да көп жыл өтті.
Осы кісілердің қатарындағы алпамсадай ер тұлғасымен, батырға тән ірі кескіні, айбарлы бет-пішінімен, жуан да екпінді дауысымен, шалт, ширақ қимылымен ерекшеленіп тұратын Сүлеймен Мыңжанов атамыздың ғазиз бейнесі әлі көз алдымызда. Сүлекең 1905 жылы Жаңаарқа ауданының №5 ауылында (қазіргі Ынтымақ ауылы) кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. 1920 жылы, әкесі қайтыс болып, анасы екі бауырымен бірге Әулиеата уезіне (Қазіргі Жамбыл облысы, Жамбыл ауданына) қоныс аударып, әркімге жалданып жұмыс істеп, жан болған. 1930 жылы Жамбыл қаласындағы ветеринарлық-фельдшерлік курсты бітіріп, Жамбыл ауданындағы колхоздарда мал дәрігерлік қызмет атқарады. 1938 жылы Жаңаарқаға қайта оралып, аудандық ветеринария мекемесінің меңгерушісі болып тағайындалып, бұл қызметті әскерге шақырылғанша істейді.
1942 жылы әскерге алынып, 458 атқыштар полкінің құрамында қысқа дайындықтан өткеннен кейін майданға аттанып, елге 1945 жылдың қыркүйегінде оралған. Қан майданда үнемі алдыңғы шепте жаумен ерлікпен шайқасқан қайсар пулеметші бірнеше рет ауыр жараланған, госпитальден шығысымен өз полкіне қайта оралып, ұрыстарда ерліктің үлгісін көрсетіп баққан. Қиян-кескі соғыстарда жасаған ерліктері үшін бірінші және екінші дәрежелі «Даңқ», «Отан соғысы», ордендерімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» тағы басқа медальдармен марапатталған ержүрек жауынгер Кеңес армиясы жаудың Мышколя қаласының солтүстігіндегі өте берік, күшейтілген шебін талқандау және осы қаланы жаудан азат ету қимылдарындағы батылдығы мен ерлігі үшін Жоғарғы Бас Қолбасшының Алғыс хатын алған.
1946 жылдың қаңтар айынан бастап Жаңаарқа ауданындағы ветеринария мекемесінің меңгерушісі болып қайта тағайындалып, 1948 жылдың наурызынан бастап ауданның колхоздары мен кеңшарларында ветеринар-фельдшер болып, шаруашылықтардың мал басын сауықтыруда табысты еңбек етіп, аудандық, облыстық кәсіподақ ұйымы және аудандық атқару комитетінің Құрмет грамоталарын иеленді.
Зейнет демалысына шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей, мал азығын дайындау, егін жинау науқандарына белсене атсалысып, жастарды еңбекке тәрбиелеуге зор үлес қосқан тәлімгерлігі де жадымызда. Өмірінің соңғы отыз жылын Сәкен Сейфуллин атындағы кеңшардың Алғабас бөлімшесінде өткізген ардагер білікті маман, қадірменді ел ағасы, береке-бірліктің ұйытқысы, ақылман абыз ақсақалдың қасиеттерімен жұрттың ыстық ықыласы мен сый-құрметіне бөленді.
Кездесулерде соғыста көрген ең қысылтаяң, өмірі үшін ажалмен арпалысқан шақтарын есіне алатын. 1943 жылдың қараша айының ортасында Одесса портынан Қара теңіздің солтүстік-батыс жағалауына десант түсіру үшін 7 кеме таң елең-алаңда сапарға аттанған. Бірақ, кемелер порттан үш шақырымдай ұзай бергенде қаптаған жау ұшақтары бомбалап, барлық кемені суға батырған. Батып бара жатқан кемеде тірі қалған жауынгерлер мұздай салқын теңіз суына қарғуға мәжбүр болады. Солармен бірге суға қарғыған Сүлекеңнің бақытына жалпақтау тақтай тап болып, соны қармап, қанша жүзгені белгісіз, «ес кетті, жан шықты» дегенде жағаға шығып, портқа жетеді. Портты жағалап жүріп жаңаарқалық екі жігіт Баязит Садықов пен Сейпіл Нухинді кезіктіреді.
– Екеуін көргенде, – дейтін Сүлекең, – бүкіл Жаңаарқа көшіп келгендей, теңізде шеккен мехнат санамнан сол сәт ғайып болды. Құшақ жая қауышып, бір-бірімізді сау-саламат кезіктіргенімізге мәре-сәре қуанып, тап бір тойға келгендей шаттана жадырап бір жасап қалдық. Бір жарым жылдан астам уақыт қанды қасап қырғыннан басқа көңіл көншітер ештеңе көрмеген мен үшін бұл кездесу тамұқтан шығып, жұмаққа кіргеннен кем болған жоқ! Ертеңінде түнде бес десант кемесімен межелі жағалауға жетіп, бірден ұрысқа кірген Сүлекең екі күннен кейін ауыр жараланып, госпитальге түседі. Бір жарым айдай емделіп, өз полкіне жөнелтілген сарбаз қаншама жан алып, жан беріскен киян-кескі шайқастарға қатысып, Берлиннің түбіне жеткенде тағы да ауыр жараланады. Үш айдан астам дәрігерлердің қарауында болған майдангер «ел қайдасың?» деп батыстан шығысқа сапарға шығады.
Сүлекең зайыбы Дәмежан апай екеуі 11 бала тәрбиелеп өсірді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. 1980 жылдың күзінде қырман бастығы болып жүріп, ауырмай-сырқамай кенеттен дүние салды.

Қалкен СМАЙЫЛ,
ақын, журналист-жазушы.
ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button