Бас тақырып

“Отқанжардың” “Орталыққа” тартуы

Әмбеге аян, газет-журналдарға мәжбүрлеп жаздыру мәселесі әкімдік тарапынан көрсетіліп келген «әлеуметтік әлімжеттік» тізімінен шығып қалған. Сонда да «Орталықты» сүйіп оқитын тұрақты оқырмандарымыз бен Арқа атымтайларының арқасында бұл мәселеде әзірге кемдік көре қойғанымыз жоқ. Ормандай оқырманымыздың қатары сиреп жатқаны шамалы.

Кеше ғана басылымның жомарт жүректі жанашыры, белгілі меценат, Ұлттық «Парыз» сыйлығының иегері Қанат Отарбаевтың Нұра ауданы, Изенді ауылындағы 40 шаңыраққа өз есебінен «Ortalyq Qazaqstan» газетін жаздырып бергенін естіп, бөркімізді аспанға аттық.

Иә, Арқа төсінде ақтылы қой өргізіп, тұтас бір ауылдың ырзығын еселеп отырған «Отқанжар» ЖШС-ін білмейтін жан жоқ шығар. Ірілі-ұсақты қожалықтардың дені қой шаруашылығын шығыны мен бейнеті көп кәсіпке балап, атқа мініп, қой бағудан бас тартқанда, Қанат Жариясұлы ата кәсіптен айнымай, табандылық танытқанын да жақсы білеміз. Асыл тұқымды ұяң жүнді «Қарғалы» қойының басын сақтап қалған іскерлігі – өз алдына бөлек әңгіме. Қанат ағаның өзі өлең жазып, өнер адамдарына қолдау көрсетіп жүретін жомарттығын қалай ұмытарсыз?! Былтырғы жылы шаруашылық тізгінін ұлы Аслан Отарбаевқа табыстағанда, «Апыр-ай, «Отқанжар» «Орталықтан» алыстап кетер ме екен?» деп, қынжылғанымыз да жасырын емес. Олай болмады. Жыл сайын басылымға қолдау көрсетіп, қой шаруашылығының ғана емес, ой шаруашылығының да шырақшысы екенін дәлелдеп келе жатқан Атымтай-Жомарт ағамыз игі дәстүрінен айныған жоқ. Изенді ауылындағы 40 шаңыраққа, оның ішінде, әлеуметтік тұрмысы төмен 15 отбасыға «Орталықтың» бір жылға жазылу түбіртегін тарту етті. Бұл – жай ғана тарту емес, ұлт руханиятына деген жанашырлық. Қанат ағамыз 40 шаңыраққа ұлттық рухтың шырағын жақты. Сөйтіп, Нұраның өзен-көл, өркениеттен жырақтау шөлейтті даласына қоныстанған Изенді ауылы 40 шырақты елге айналды. Жері шөлейтті ауылды Қанат ағамыз рухани шөлден азат етті.

Еңбегіңіз жанып, абыройыңыз еселенсін, Арқаның Атымтайы! Әкенің ізгі мұратты жолына мұрагер болған Аслан ұлыңыз да өзіңіз секілді асқар шыңдардан көрінсін!

Ендігі жерде «Отқанжардың» осы бір шарапатты ісі өзге аудан, өзге ауылдардағы жомарт жандарға үлгі болса – игі…

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button