Осы жұрт Нұрмақовты біле ме екен?..

Биыл аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нығмет НҰРМАҚОВТЫҢ 125 жылдығы республика көлемінде аталып өтіледі. Соған орай, Ұлт перзентінің құрметіне ескерткіш қойылатынын естігенде, елең етістік. Құптарлық іс. Өйткені, қолда бар деректерге жүгінсек, қазіргі уақытта қайраткерге Алматы, Қызылорда, Қарағанды қалаларында ғана көше берілген. Қарағандыдағы дарынды балаларға арналған №2 мектеп-интернат Н.НҰРМАҚОВ есімімен аталады. Алматыда тұрған үйіне және Омбы қаласындағы өзі оқыған мұғалімдер семинариясында Сәкен СЕЙФУЛЛИН екеуіне ескерткіш тақта орнатылыпты. Ал, ауыз толтырып айтар жан дегенде жалғыз ескерткіш туған ауылынан ғана бұйырыпты. Бітті. Басқа жоқ. Бар саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған біртуар азаматқа бірнеше қаладан бірнеше ескерткіш орнатылса, артық етпесі айдан анық. Және бұған ешкім «тек!» дей қоймас еді… Бірақ…

Ұлт перзентінің ұлы істері неге ұмыт қалды?

Шындығында, Нығмет Нұрмақұлының есімі жұртқа етене таныс. Алайда, көпшілік ел үшін сіңірген еңбегін ежіктеп бере алмайтыны шындық. Қайраткердің қазақ тарихында бар екенін білгенімен, оның ұлт үшін атқарған қызметінен беймәлім екенін жасырып, жабудың қажеті жоқ. Бұған себеп не? Мұның себебін Нұрмақұлының жоғын жоқтап, барын түгендеп жүрген жиені Тамара Смағұлова қайраткердің әлі күнге зерттеусіз, тасада қалғандығымен байланыстырады. Біз хабарласқанда ол кісі жұмыс үстінде екен. «Ендігі арманым – Нығмет Нұрмақұлының өмірі мен еңбек жолын қамтитын қазақ һәм орыс тілінде екі кітап шығару» деп отыр.

  • Нығмет Нұрмақовтың өмірі мен шығармашылығы толық зерттеліп болған жоқ. Сәуле Қасымова есімді ғалым сіңліме ризамын. Оның зерттеулерін мен орысшаға аудардым. Ескерткіш қойылады деп жатыр. Бұл мәселе өткен ғасырдың 70 жылдарынан бері әлі шешімін табар емес.
  • Нығмет Нұрмақов Кеңес одағына әйгілі адам болған. 23 аз ұлтты халық дәрежесіне көтерген. Меніңше, Ленин көшесін Нығмет Нұрмақовтың атына ауыстырып, көшенің бас жағына еңселі ескерткішін орнату керек. Ол құрметке әбден лайық. Қазіргі Қарағандыдағы көшесі – бір түпкірде, – дейді Тамара Смағұлова.

Басын бәйгеге тіккен тұлға

Нығмет Нұрмақұлының халқына сіңірген еңбегіне қысқаша тоқталғанды жөн көрдік.

Орыс тіліне жетік Нығметтің болашақ көшбасшы ретіндегі жолы 1911 жылы Романовтар әулетінің патша тағына отырғанына 300 жыл толуына орай, Омбы қаласында өткен ауыл шаруашылығы көрмесіне Қу болысының атақты байы Ақайдың Қасенінің хатшысы әрі ұлттық дәстүрдің қыр-сырын түсіндіретін аудармашысы болып келуімен ашылған еді.

Осы сапарда танысқан Шоқан Уәлихановтың досы Григорий Потанин, Омбыдағы мұғалімдер семинариясының қызметкері, халықшылдемократ Александр Седельников оның Омбы семинариясына түсуіне дәнекер болды.

Семинарияда оқып жүріп, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ә.Досовпен танысып, бірге құрған «Бірлік» атты мәдени-ағарту ұйымы арқылы Ресей үкіметінің қазақ даласындағы отаршылдық саясатына қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізумен қатар, Омбы тұрғындарын қазақ халқының мәдениетімен таныстыру үшін түрлі шаралар өткізіп тұрған.

1915 жылы Н.Нұрмақов Қарқаралыдағы өзі оқыған орыс-қазақ училищесіне оқытушы болып қызметке орналасқан соң, «Дала одағы» ұйымын құрып, патша езгісіне қарсы үгіт жұмыстарын жүргізеді. Уақытша өкімет құлап, үзеңгілестерімен 18 ай түрмеде отырып шыққаннан кейін, 1920 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Кеңес үкіметіне адал қызмет еткен. Алайда, соңғы деміне дейін бір сәт те өз елінің қамын ойлаудан танбаған.

Еңбек жолын қарапайым мұғалім болып бастаған ол, 1922 жылы Орынборға ауысып, Қазақ өлкелік партия комитеті бөлім меңгерушісінің орынбасары лауазымынан бастап, қысқа уақыт ішінде Қазақ АКСР-і Совнаркомының төрағасы лауазымына дейін көтерілген. Сондай-ақ, білікті журналист ретінде жемісті еңбек етіп, «Қазақ тілі» газетінің, «Қызыл Қазақстан» журналының редакторы болды. Оның өмір жолынан өте сауатты және бірнеше тілді еркін меңгергенін, өз жұмысына өте жауапты әрі қырағы, көкірек көзі ояу, алғыр азамат болғанын байқаймыз.

Маңызды құжаттағы қолтаңба

Сол жылдардағы мемлекеттік маңызды құжаттардың бәрінде Н.Нұрмақовтың қолы тұрды. Осы кезеңде Қазақстанның халық шаруашылығы құлаш жайып, Екібастұз, Қарағанды, Ембі, Балқаш өндіріс орындарын ел біле бастады. Оның Қазақстан Үкіметінің басшысы ретінде республиканың аумақтық тұтастығы, өнеркәсіп құрылысы, қазақтарды жерге орналастыру мәселесі, құрғақшылық зардаптарына қарсы күрес, оқу-ағарту және мәдени даму, қазақтарды басқару ісіне тарту, ауыл шаруашылығын қалпына келтіру және тағы басқа салаларда атқарған қызметтері еліміздің өсіп-өркендеуіне, нығаюына қомақты оң әсерін тигізді. 1924 жылы Қазақ АКСР-і астанасын Орынбордан Қызылордаға, ал, 1929 жылы Алматыға көшіру туралы шешімдерді қабылдауға тікелей қатынасып, ұйымдастыру жұмыстарын басқарды. Еліміздің тұңғыш Конституциясы жобасын әзірлеуге қатысып, қазақ әліпбиін құрастыру комиссиясын басқарған.

Халком кеңесінің төрағасы ретінде бес жылға жуық салиқалы саясаттың нәтижесінде, 1928-1929 жылдардың қорытынды есебінде қазақ балаларының оқуына ыңғайластырылған 7-жылдық қазақ мектептерінің саны 43-ке жетіп, жалпы мектептер саны 4397-ні құрады. Мектеп жасындағы қазақ балаларының 34,7 пайызы оқумен қамтылды.

Өндіріс саласындағы жүзеге асырған ең үлкен жұмысы – Түрксіб теміржолының құрылысы. Оны Мәскеуден Тұрар Рысқұловтың өзі қадағалап, басқарып отырса, Қазақстанда тікелей басқарған Нығмет Нұрмақов. Әміре Қашаубаевтың Парижге баруына қолғабыс жасап, Мұхтар Әуезовтің Ленинград университетінде оқып жүріп, үкімет тарапынан стипендияға қол жеткізуі де соның арқасы. Қызылордада алғаш қазақ театры да Нұрмақовтың көмегімен ашылып, ұлт мүддесі талқыға түскенде Голошекинмен талай рет шайқасқа түскен. Смағұл Сәдуақасов, Әлихан Бөкейхан, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұловтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, қатты сыйласыпты.

Үкімет басшысы болғанға дейін әділет комиссары ретінде прокуратура және сот құрылысы ережелерін енгізді. Оның басшылығымен сот-тергеу органдарында қазақ тілінде іс жүргізу қысқа мерзім ішінде жүзеге асырылып, сот қызметкерлерінің барлық санының 60 пайызға жуығын қазақтар құраған. Республикамыздың атауын «Қырғыз АКСР» емес, «Қазақ АКСР» деп өзгертуге де Сәкен Сейфуллинмен бірге, бір кісідей атсалысқандығы туралы деректер де бар.

Нығмет Нұрмақовтың қуғын-сүргінге алдыңғы сапта ілінуі, оның отбасының және туған-туыстарының қудалануның өзі – өз жұртын қалай сүйгендігін, ертеңіне бар жан-тәнімен алаңдағанын және орталықтағылардың оның білімі мен қарым-қабілетінен сескенгендігін аңғартса керек… Сәкен Сейфуллиннен кейінгі үкімет басшысының қырағылығынан қауіптенген КСРО билігі, оның қызметін Мәскеуге ауыстырып қадағалауда ұстаған. Ол сонда жүріп те жемісті еңбек етіп, қарым-қабілетін көрсете алған.

Қайраткер есімін алған мектеп қарекетсіз емес

  • Мектебімізде Нығмет Нұрмақовтың мұражайы бар. Онда оның қолдағы бар мұрасы топтастырылған. Мектебіміздің оқушылары республикалық, халықаралық деңгейдегі білім сайыстарында топ жарып, қайраткердің есімін танытып жүргені қуантады. Биылғы 125 жылдық мерейтойына жылдық жоспар бекітіп қойдық. Жоспарға марафондар, конференциялар, танымдық кештер, ақпараттық сағаттар және басқа да шаралар кіреді. Мектебіміздің ауласына ескерткішін орнатып, жас ұрпаққа үлкен тағылымды дүние жасамақшымыз. Оның өмір жолы мен табанды еңбегі кез келген құрметке лайық, – дейді Нығмет Нұрмақов атындағы №2 дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының директоры Сейфілмәлік Абзалұлы.

Ескерткіш ескертіп тұру үшін, есте сақтау үшін қажет

Сөзімізді түйіндер болсақ, биыл облыста Нығмет Нұрмақұлының 125 жылдық мерейтойына арналған ауқымды іс-шаралар өтеді. Мерейтойлық шаралардың легі қайраткердің еңселі ескерткішін қоюдан басталса екен деген ізгі арман, оның өмір жолымен етене таныс жұртшылықтың көкірегін кернеп тұрғаны сөзсіз. Бұл шаруа 25 сәуір – туған күніне орайластырылса, құба-құп. Сонымен қатар, «Ескерткіш қай жерге орнатылады?» деген сұрақ та жоқ емес. Өйткені, елім деп еңіреп, аққан жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан, қазақтың маңдайына біткен қайраткерінің ел сүйсініп, тәу етер ескерткіші – халықтың көп жиылатын, қаланың көрнекті жеріне қойылуы керек-ақ…

Жәлел ШАЛҚАР.