Жаңалықтар

Орталық қызметі кеңеюде

Қарағанды облысындағы Осакаров ауданының тұрғындары енді көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін ауылдық ХҚО арқылы ауыстыру мүмкіншілігіне ие болды. Ауыл тұрғындарына ыңғайлы болу үшін әкімшілік полицияның тіркеу-емтихан бөлімдерінің қызметкерлері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарында пилоттық тәртіпте жұмыс істей бастады. Олар көлікті тіркеу және жүргізуші куәлігін ауыстыру бойынша құжаттарды қабылдайды.

ҚР ІІМ Әкімшілік полициясының ТЭБ қызметкерлерін аудандық ХҚО бөлімдерінде орналастыру туралы шешім ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев төрағалық ететін ведомствоаралық комиссияда қабылданды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанындағы арнайы мониторинг тобы ұсынған жаңа жүйенің артықшылығын алғашқы болып Осакаров ауданының және Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданының тұрғындары бағалай алады. Көп ұзамай бұл жоба «Азаматтарға арналған үкіметтің» тағы 21 фронт-офисінде жүзеге асырылады.

«Жаңашылдықтың арқасында автокөлік иелері үшін жүргізуші куәлігін ауыстыру және көліктерді тіркеу жұмыстары айтарлықтай жеңілдейді. Енді оларға облыстық мамандандырылған ХҚО-ға бару немесе ішкі істер органдарына тікелей жүгінудің қажеті жоқ. Ескеретін жайт, жүргізуші куәлігін алғашқы рет алушыларға бұл жоба аясында қызмет көрсетілмейді», – дейді Қарағанды облысының ХҚО департаменті директорының орынбасары Өркен Қауымбекова.

Осакаров аудандық №1 халыққа қызмет көрсету орталығы Осакаров ауылы Пристанционная көшесі, 12 үй мекен-жайы бойынша орналасқан. Бұл жаңалыққа қаладағы ұзынсонар кезекке қосылмай-ақ, қажет құжаттарын ресімдей алатын аудан жұртшылығы дән риза.

Еске сала кетсек, 2012 жылдан бері Қазақстанда бір терезе қағидаты бойынша азаматтарға жүргізуші куәліктерін беру және көлікті тіркеу бойынша мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда елімізде 14 мамандандырылған ХҚО және 3 сектор бар. Биыл Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында мамандандырылған ХҚО бөлімдерін ашу жоспарланып отыр.

Қуаныш МЕДЕУБАЕВ.

ОСАКАРОВ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button