Ұлы Жеңіске - 75 жыл

“Орталықтың” “Даңқ” аллеясы

Арсентий Мороз

Арсентий Игнатьевич Мороз 1914 жылы туған. Ұлты – украин.

Біздің облысымызда өсіп, ержетті. Соғысқа дейін Свердлов атымен аталған №1 совхозда еңбек етті.

Соғыс басталған бойда өз еркімен майданға аттанды. Ұрыс даласындағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз орденімен, медальдармен наградталды.

Сержант Мороздың таңғажайып ерлігі полктің Днепрден өтуі кезінде көрінді. 1943 жылғы қыркүйектің 23-де минометшілер өткелге таяп келіп, қарсы беттегі жолдастарына оқ-дәрі жеткізуге әрекеттенді. Мұны байқап қалған немістер пулеметтен оқ жаудырды. Минометшілерге еріксіз бұғуға тура келді. Осы кезде сержант Мороз жанына бір топ жолдасын ертіп алып, жаудың сыртына жасырын өтіп кетті. Сөйтіп, оларды бекінген жерінен қуып шықты. Осылайша, біздің жауынгерлерге төнген қауіп тұманы сейілді.

Басқыншылар кеңес жауынгерлерін суға сырып түсіру үшін сегіз рет ұмтылды. Бірақ, әр жолы Мороз бастаған атқыштар оғына тұншығып, үні өшті. Тіпті, бұларға қарсы қаптай ұмтылған танктерден тайсалмай, бронь бұзғыш оқпен қақ маңдайдан соққан біздің жігіттер батыл ерлік көрсетті.

Осылайша, минометшілер командирі Мороздың ерлігі арқасында Днепрдің оң жағасындағы бекініс алаңы кеңи берді. Соны пайдаланған кеңес әскерлері шабуылды үдетті.

Біздің жерлесіміздің ерен ерлігі лайықты бағаланды. 1943 жылғы қазан айының 26-да КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасының Жарлығымен 7-ші гвардиялық армия, 213-ші атқыштар дивизиясының 702-ші атқыштар полкі миномет ротасының бөлімше командирі, сержант Арсентий Игнатьевич Морозға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

А р с е н т и й Мороз 1962 жылғы 29 мамырда Донецк қ а л а с ы н д а қайтыс болды.

***

Иван Колодий

Иван Михаилович Колодий 1912 жылы Нұра ауданындағы Киевка ауылында дүниеге келді. Өсе келе Өзбекстанға қоныс аударды. Ауылда ұста болды, сауатсыздықты жою сабағын алды. Сөйтіп жүргенде соғыс басталып, майданға аттанған Иван Колодий 69-атқыштар дивизиясының 118-ші артиллерия полкі құрамында радиотелеграфист болды.

Қазан айының ортасында кеңес әскері Днепр өзенінен жаппай өте бастады. Бұл қимылға тосқауыл жасауға өршеленген жау өзінің қыруар күшін шоғырландырып, жанталаса соғысты.

1943 жылғы қазан айының 15-де Чернигов облысының Радуль деген мекені тұсынан Колодий бастаған жаяу әскер жау оғы нөсеріне төтеп беріп, Днепрден өтті. Жағаға сәл қалғанда қайыққа снаряд түсіп, жаралы жауынгер арқасындағы рациямен суға кетті.

Жанға батқан жараға қарамастан бар күшін жиып, Иван Михайлович жағаға жүзіп шықты да, жан дәрменімен рациясын іске қосты. Шеберлік танытып, өзіміздің атқыштар жағымен байланысты. Оларға нысана нұсқап, дәл көздеп атуына көмектесті. Алайда, жау қарап жатқан жоқ. Радистің жатқан жерін байқап қалып, оқ боратты. Байланысшының жан-жағынан жарылып жатқан снарядтарда есеп жоқ. Сол қалың оқтың арасымен жылжып отырып, Колодий байланысын үзген жоқ. Оның тапқырлығы арқасында жау зеңбіректерінің 16 ошағы бірінен соң бірі талқандалып, үні өшті.

Сол кезде біздің солдаттар да өзеннен жүзіп өте бастады. Олардың көбінің аман қалуына қаһарман байланысшының себебі тиді. Осы шайқаста шабуылшы отрядтар қарсы жақтың жиырма шабуылына тойтарыс берді. Әрі байланысын үзбей, әрі жауға оқ атуын тоқтатпаған Колодийдің ерлігі ерекше танылды. Осы ұрыстардағы ерлігі үшін 1943 жылғы қазанның 30-да Қызыл Тулы Сева 69-атқыштар дивизиясының 118-ші артиллерия полкінің радиотелеграфисі, ефрейтор И.Колодийге Кеңес Одағының Батыр атағы берілді. Жауынгер, сонымен бірге, Ленин орденімен, көптеген медальдармен наградталды.

Соғыс тауқыметін көп тартқан жерлесіміз 1954 жылы 42 жасында қайтыс болды. Ал, қаһарман байланысшының радиостанциясы мен автоматы Мәскеудегі КСРО Қарулы Күштерінің орталық мұражайында сақталған.

***

Иван Корнеев

Иван Ильич Корнеев 1914 жылы қазіргі Осакаров ауданына қарайтын Сенокосное селосында дүниеге келді.

1936-39 жылдары Қызыл Армия қатарында қызмет атқарды. 1941 жылдың шілдесінен Жеңіс күніне дейін жерлесіміз Ұлы Отан соғысының майдандарында болды.

1945 жылғы қаңтарда 1-ші Белорусь майданының әскерлері Варшава-Берлин бағытында сәтті шабуылға көшті. Польшаның Побянице қаласында кескілескен ұрыстар өтті. Сол жерде сержант Корнеев қоршаудан шығуға ұмтылған жаудың бес танкісін жойып жіберді. Бұған қоса екі машина талқандалып, қалған жаудың беті қайтты.

Жаужүрек Корнеев өзі бекініп алған орнынан қозғалмай, соңынан көмек келгенше беріспей соғысты. Осынау теңдесі жоқ ерлігі үшін 1945 жылғы ақпанның 25- інде КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен 1-ші Белорусь майданы, 7-ші гвардиялық Қызыл Тулы атты әскер корпусы, 15-ші гвардиялық атты әскер дивизиясының 147-ші гвардиялық артиллерия полкінің көздеушісі, гвардия сержанты И.Корнеевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Соғыстан оралғанда батырдың омырауында Алтын жұлдызымен қоса, Ленин, Қызыл Ту, Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі «Отан соғысы» орденінің екеуі, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендері және көптеген медальдар жарқырап тұрды.

Соғыстан кейін Иван Ильич Корнеев Самара облысындағы Жигули қаласында тұрды.

(«Қаһарман қарағандылықтар – Герои-карагандинцы» жинағы негізінде әзірленді).

Басқа материалдар

Back to top button