«Орталықта» онлайн-айтыс: Салтанат СМАҒҰЛТЕГІ — Сырым НЫҒЫЗБАЙ

Сөз барымтасы, өнер додасы жазба айтыстың бүгінгі жұбы – шығармашыл жастардың ХҮ халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Жанарымдағы жазулар», «Қарашығымда сағыныш», «Таңсәрі»  жыр жинақтарының авторы, ақын Салтанат СМАҒҰЛТЕГІ мен айтыстың аламанында оза шауып, бәйге алып жүрген жас талант Сырым НЫҒЫЗБАЙ. Орамды ой айтып, кәделі айтыс жасаған қос ақынға жанкүйер болыңыздар, ағайын!

САЛТАНАТ:
Қуады тіршілікте сағым әркім,
Жаныма жақындарды сағынамын.
Арқаның самалындай сәлемімді,
Оқырман арқа-жарқа қабыл алғын.
Алауланып ататын таңы дәйім,
Ақындардың досы – сор, бағы – уайым.
Рұқсат алып ағаңнан келіп қалдым,
Бірер минут қасыңнан табылайын.

Армысың, томпаң қаққан ақ адалым,
Тама едім деп «Бегімді» ағаладың.
Жазба өнер – поэзияның перизаты ем,
Өлеңім елге – әйгілі, саған мәлім.
Сужұқпас қайнысымен айтыссын деп,
Іріктеп алған екен шамаладым.
Үлесіме тиген соң, бала көрмей,
Бақыр басты еркек деп бағаладым.
Ютубқа танысқалы кіріп барсам,
Сарқ боп сенің де жүр сағанағың.
Заманауи айтыстың мәтініндей,
Әнін сала алмассың шағаланың.
Сән қосып салтанатты отырысқа,
Ал, енді бір көсілші, абаданым.

СЫРЫМ:
Сабырлы қылып қойса адамды Алла,
Барлығына көнеміз, амал бар ма?
Карантин енгізгелі біраз болды,
Сүйенсек ақпараттық хабарларға.
Бар ауырды өткерген қазақ едік,
Вирустан да өтеміз одан да алға.
Ең бастысы, сабыр мен сенім керек,
Алданып бос сөздерге бодан болма.
«Тәртіпке бағынған ел құл болмайды»,
Себебі, түсірмейді жаман жолға.
Ассалаумағалейкум, сәлем бердім,
Ақкөңіл, ақ ниетті адалдарға.
Картинкадай отырған қозғалмастан,
Карантинде отырған жарандарға.
«Еріктілер жылында» сыртқа шықпай,
Еріксіз үйде отырған адамдарға.

Сөз берсе Сырым –дайын жас дарынға,
Жеңгеммен шығу жоқ ед(і) жоспарымда.
Әй, бірақ, оны несін уайымдайын,
Не жатқанын білемін астарында.
Жеңгемменен себебі жарасады,
Қайындық әзілім мен оспағым да.
Салтанатпен салтанат құрып жүрген,
Махаббаттың мәңгілік аспанында,
Ерқанаттай ағамның жары едіңіз,
Табылатын өнердің асқарында.
Шынымен мен де көзсіз батыр екем,
Шығатын бірден қарсы қос дарынға.
Ерқанаттай ағамның хәлі қалай,
Карантин деп шығармай тастадың ба?
Үйде отырып ағамды күнде жеңіп,
Қапалы қып қойдың ба қас-қағымда?
Рұқсат сұрап ағамнан келдім дейсіз,
Қайынға ауыз сала бастадың ба?

Ең сұлу жеңгем едің қаламызда,
Ендеше, мен жетейін бағаңызға.
Ебін тауып өтейін өзіңізге,
Блок пост тұрғанымен арамызда.
Парамен өтіп жатқан жандар қанша,
Заңдылыққа қайшы кеп даламызда.
Ойланып, ойыңызды өзгертіңіз,
Келісіп «өлең» дейтін парамызға.
Әй, бірақ, арты қалай болар екен,
Аяқ асты таяқ жеп қаламыз ба?
Блок посттан өтуін өтіп алып,
Блок тосып тұрмайын ағамызға?!

САЛТАНАТ:
Екенсің дұшпаны-аз, досы басым,
Жеңгеңмен сөз сайыста тосыласың.
Домбыраны жарты күн шерттің бе екен,
Қарсыластың дедің бе десі басым?
Кеңесшілер көп пе әлде маңайыңда,
Таңда онда, қайсына қосыласың.
Айтыс деген-майдан ғой, жан тәтті ме,
Окопта неге ұзақ отырасың?

Айтыскер жазба ақынмен жыр құрасын,
Жалау қып өлең атты бір мұрасын.
Әліңді әнің жүрсе насихаттап,
Қазақ деген халқыңа құнды басың.

Ойшыл – Абай, досымыз сырлы – Қасым,
Әлихан, Ахметтерді күн қыласың.
Ел жүгін көтерісер сәт туғанда,
Ұсақ-түйек сөз айтып не қыласың?

Ерекеңді ол рас, «Бегім» дедім,
Тұрмыс құрдым, мен соның тегіндемін.
Ақын ғұмыр ақынға қосақталған,
Тарпаңдау тағдырымнан шегіндебім.
Содан бері күледі көгімде Күн,
Кейде – муза, кейде – ақын шебіндемін.
Салтанат деген есім тегін емес,
Өтеріме жыр болып сенімді едім.
Бала десем, ұлыма теңегенім,
Жігіт десем Димаштай ерек едің.
Кіші жүз, Тама десем, бауырым дер,
Үйдегі Ер-ағаңа керек едің.
Жаңаарқа десем – Төкен Әлжантегі,
Жазушы ағам –дайын бөлек едің.
Сәкен –дейін серінің сарқыты едің,
Ақселеудей бір туар кемел едің.
Қара өлеңде – Ғалекең Жайлыбай боп,
Заңғар биік рухты демеп едің.
Жансая Жарылғапов – ғалым, ұстаз,
Шығын етпей сөзіңді шегеледің.
Жақсыкелді Кемалов ағамыз бар,
Қазақтың түрлендірген ән әлемін.
Бексейітов Сәбиттей ағам өтті,
Жастарды жетелеген көрегенім.
Жаңаарқа десең қайным, тізе бүгіп,
Тұсыңнан өте шықпай бөгелемін.
Жақсыларды, құлыным, жанай жүрсең,
Шығады түбінде бір сенен керім.

Ат тергеу деген салт бар, ишаралап,
Ұмытқам жоқ қазақи жолды мана.
«Мырза жігіт» демеймін, місе тұтар,
Иығына ілінген тонды ғана.
«Төре жігіт» демеймін, сен шыққанда,
Кіші жүзден бір жұлдыз туды жаңа.
«Сері жігіт» демеймін, салдығыңды,
Ару қыздар деп жүрер шерлі, нала.
«Сұлтан жігіт» демеймін, билік құрсаң,
Жылы ұяңа балайсың торды бара.
Білімнің заманында қапы қалмай,
Абай жүрген алдыңғы жолды қара.
Құлыншағым, құлыным, ботақаным,
Сенің атың мен үшін «Ойлы бала».

Ойлы бала, өрбиді жырың қалай,
Ойыңды ашып айтқын сығымдамай.
Тақырыпты жырла енді, мен көрейін,
Уақытты бос сөзге шығындамай.

СЫРЫМ:
Иә, рас, Жаңаарқалық ер едім ғой,
Ізіне жақсылардың еремін ғой.
Жазба айтыста күтуге жарамасаң,
Шыдамсыз екеніңді еледім ғой.
Табанасты тосылмас ақын едім,
Алла берген дарынға сенемін ғой.
Жарты сағат отырды дегеніңе,
Артығырақ жауапты беремін ғой.
Жалындырып жеңгемді қоймасам да,
Сағындырып жазайын дегенім ғой.
Өнегең мен ісіңіз көпке өлең ғой,
Ол жағы өзіңізге бет-бедел ғой.
Жаңаарқалық нарларды тіздіңіз-ау,
Ешбірі ел есінен кетпеген ғой.
Нарлардың ізін басып мен де шықтым,
Сырым да кісі алдында шөкпеген ғой.
Солардың ізі болсаң бөгелем деп,
Жеңгеміз абыройын төкпеген ғой.
Ер алдында бөгелсе әйел адам,
Одан бірақ қайғы мұң шекпеген ғой.
Дәл сіздей Ахметова Зейнап апам,
Сыйластық ауласынан кетпеген ғой.
Ішінде ер азамат бар шығар деп,
Жүкті әйелдің алдынан өтпеген ғой.

Бұлт торлап тұманданды көңілдей күн,
Ешкімді аямай тұр өмір дейтін.
Себебі соңғы кезде шыққан індет,
Ойлағанда жан бар ма егілмейтін.
Ел басына күн туып жаткан кезде,
Білмеймін киіп жүрміз ненің кейпін?
Кешегі батыр елдің ұрпағы едік,
Не көрсе де елмен боп шегінбейтін.

Ал бүгінгі қоғамды көз көріп тұр,
Адамдар аз болып тұр елім дейтін.
Халықты емес, қалтасын ойлағандар,
Баюдың тауып алған жеңіл кейпін.
Азық-түлік бағасын шарықтатып,
Ушығып тұрған іске жел үрлейтін.
Масқара дәрі қымбат, бәрі қымбат,
Маска да елге тегін берілмейтін.
Дүниеге құл болған ашкөздер-ай,
Өзінің жайын ойлап жеңілмейтін.
Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығармай,
Бөлінеді кездер де бөлінбейтін.
Аузымен орақ орып жүргенімен,
Істерінен әрекет көрінбейтін.
Нарықты ойлап, халықты сыртқа тепкен,
Адамдарға жоғалар сенім дейтін.
Көңіл деген ақ парақ қағаз емес,
Жыртып алсаң қайтадан желімдейтін.

Қатты айтып жатсақ та қайырмайды ел,
Шындықты жалғандықтан айырмай көр.
Бұл күнде «вирус» бізге қиын боп тұр,
Жеңуді әлі күнге уайымдайды ел,
Тақырыпты жырла деп кезек бердің,
Сен де енді соны айтып тайынбай көр.
Коронавирус жайлы жазып қойған,
Коронный шумағыңды дайындай бер.

САЛТАНАТ:
Ойшылыма дуэт боп қосылайын,
Тәж вирусы келді деп шошымайын.
Жазып қойған шумақты «ат» деп жатыр,
Әзілің сарқылмасын осы лайым,
Жазба ақын мен айтыскер ақындардың,
Тігілсе екен деймін қосы дәйім,
Ел мен жерім таусылмас жырым менің,
Жырла десең несіне тосылайын?

Азаматтар адаспағай үйірінен,
Қазаққа бұлт төнбесін үйірілген.
Қасығы қантқа толған тіршілікте,
Асығы алшысынан иірілген.
Қиындығын көтерсін сырттан қазақ,
Алты Алаш дем алмасын иінінен.
Вируста табиғаттың бір бөлшегі,
Бүгінде көрініп тұр биігінен.
Табиғатты – Ана деп қастерлеп ек,
Қырқадағы гүлінің түрі кілем.
Ананы арқа тұтты, ардақтады,
Қазағым салт-дәстүрі, тиымымен.
Бүгінде ана хәлі елеусіз қап,
Жер бетін қоқыс басты, сиы – күрең.
Сенбілікке шыққанның сейіл құрып,
Думандатқан түрінен түңілім ем.
Не үйіңе, не көрге кіресің деп,
Жазалаған вирустың түрі білем.
Ана деген балаға кешірімшіл,
Құлдық ұрсақ болады құрығына ем.
Арылайық, азамзат надандықтан,
Арсыздың бір тепкендей бүйірінен.

Қазағым әлімсақтан не көрмеді?
Көрсе де күш-жігерін шөгермеді.
Ерлігі ертегідей ерен болды,
Жүрегін жылытқаны өлең болды.
Алауыз болған кезде, ұят күшті,
Арысы намысынан өлер болды.
Көнергенді қайтемін, жаңарам деп,
Жерді ұмытып аспанға елеңдеді.
Шоу мен тойдың жүгі боп – жалған намыс,

Адамдық беделіміз төмендеді.
Табиғат Ана – қимай жамандыққа,
Үйімізге қозыдай көгендеді.
Отбасыңа қамқор бол алдыменен,
Ақылың кірсе тағы көрем деді.
Сабырды сынақ етіп, Ана ұлына,
Жеңіп шыға аласың сенем деді.

СЫРЫМ:
Сөзімді оқып мұнда тұрса бәрі,

Елге ақпар айтайын бір шамалы.
Болып жатқан жағдайлар байқап тұрсақ,
Көзімізді шел қылып тұмшалады.
Оған бірақ қайғырып қажеті жоқ,
Дұғаны көптеп жасап қылса бәрі.
Алланың қалауымен құтылармыз,
Неге халық бостан бос мұң шағады?
Ажал жетпей адам да өлмек емес,
Бәлкім маған біреулер сын тағады.
«Орталықты» осында мақтайықшы,
Жазба айтыс деп бастаған бір шараны.

Айтыс жасап не керек дейтін болар,
Көре алмастар аяқтан шын шалады.
Олар қайта ел көңілін аулау үшін,
Әрекет жасап елге жүр шамалы.
Қайғырып үйде отқаннан түк шықпайды,
Осыны қазағымның білсе адамы.
Айтыспен ел көңілі көтерілер,
Адамға көмектеспес мұнша дәрі.
Өмірді бекер десең мұң шалады,
Көңілді көтермесең кір шалады.

САЛТАНАТ:
Сарыарқам, сан баптаған саңлағын.
Жаңаарқам – бұлағың боп ағыламын.
Ақтоғай алтын бесік туған жерім,
Мақтамай туған елді неғыламын.
Мәдидің мекені едің Қарқаралым,
Ұлытау ұларыңды сағынамын.
Еркелеп ен далама Есіл-Нұрам,
Тау-тасқа өрістеткен тағылы аңын.
Балқашым бас бармағым қолымдағы,
Әр тасың қуат берер жаныма мың.
Теміртау теміріндей темір қақпам,
Абайым басымдағы шаңырағым.
Жезқазған қазағымның жезкиігі,
Алдында қасиетіңнің бағынамын.
Қаражал қайманамның қара орманы,
Сағымдай белесіңді сағынамын.
Құлжадай қоңырайған Қоңыртүбек,
Киелі босағаңа табынамын.
Сараным сараң емес, пейілге кең,
Кеңдік пен теңдігіңе жарығанмын.
Шерубай-Тентегімді неге айтпасқа,
Оқпандай тәрбиелер оғланын.
Кеніші қазағымның Қарағандым,
Кеудемде байыз таппас қоңыр әнім.
Ауданым Бұқар жырау қадымдардан,
Қозғаған жанымыздың қоңырауын.
Шет ауданы мен үшін қазыналы,
Өсірген байы менен бағланын.
Бірігіп, көтерейік рухымызды,
Он тоғыз пернесіндей домбыраның.
Еңсемізді тіктейік, арда жұртым,
Адамдықтың шырқатып әнұранын.
Көлденең келген кесел жойылады,
Оқырман, түсінерсің әрғы жағын.

Мұсылман жан біледі сынақ құнын,
Өлең-өзім!
Қалмаспын құлап бүгін.
Атаққа, ақшаға да өзеуремес,
Өмірдің төл шәкірті сияқтымын.
Сезімді жырлап, жырғап жүргеніммен,
Сөзімде, ісімде де тұрақтымын.
Жеңісті, жеңілісті ар өлшейді,
Сәл өзгеше атады қияқ Күнім.
Ойшылым, гүл ұсынса өзі білер,
Еркекке жол беруге ұяттымын.

СЫРЫМ:
Адамның Алла болса танығаны,
Алдынан білім шырақ жағылады.
Егемендік қадірін ұғынса екен,
Қазағымның намысты әр ұланы.
Арайланып атсыншы әр таңымыз,
Әр тараптан естіліп сауық әні.
Көк туым желбіресін тек биікте,
Бейбіт күнде шырқалып әнұраны.
Айтыс қылған «Орталыққа» алғысым зор,
Белгілі елге айтыстың мәні бары.
Мен үшін орны бөлек басылым бұл,
Іздеген бар ақпарым табылады.
«Орталық» ұжымына тілейтінім,
Ортасына түспесін шаңырағы.
Карантин деп жүргенде мамыр келді,
Жаз соңынан күзіңді сағынба енді.
Бірінші мамыр – ол да мейрам бізге,
Бірді бірге табыстыру қамында еді.
Ақылы – дәриядай атам қазақ,
Жанымнан қымбаттауы арым деді.
Карантинде іш пыса бастап еді,
Ораза айы жетіп сабыр деді.
Отанды қорғау үшін, азаматтар,
Отбасыңның қасынан табыл деді.
Жеңеше топтан озған жүлдегерсің,
Шаршы топта қалайша сыр берерсің.
Сыйластықпен ал біздер қоштасайық,
Біз үшін биік тұлға шын беделсің.
Карантин бітсін алда Алла қалап,
Қолымнан гүлді де алып үлгерерсің.
Арафатың тигізіп шарапатын,
Көргеніңіз үлде мен бүлде болсын.
Ағаммен бақытты боп бұл жеңгеміз,
Өмірде жақсылықты күнде көрсін.
Ерқанаттай ағаммен асыл жеңгем,
Өмірдің бар рахатын бірге көрсін.


Дауыс беру аяқталды!

 

*Ескерту: Қос ақынға дауыс беру 7 мамыр сағат 21:00-де аяқталады. 


Дауыс беру «Инстаграм» желісіндегі ресми парақшамыздың «Оқиғалар» (Сториз) бөлігінде де жүргізіліп жатыр.

Сілтеме — @Ortalyq.kz

*Ескерту: «Инстаграм» желісінде дауыс беру 24 сағат ішінде аяқталады (5 мамыр сағат 21:00) 


Пікірлеріңіз болса Уатсапқа жазуға болады.

Сілтеме — Whatsapp