ОРТАҚ ЗАҢ – ОРТАҚ ТАҒДЫР

Қарағанды қаласындағы «Достық» үйінде еліміздегі тұрақтылық пен дамудың негізі – Ата Заңның құрметіне арналған салтанатты шара өтті. Облыстағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ЖОО оқытушылары мен студенттері, мектеп мұғалімдері, танымал спортшылар мен әр салада жұмыс атқаратын қызметкерлер қатысқан жиынды Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна ШАТОХИНА құттықтау сөзімен ашты.

Біз, қазақстандықтар, Негізгі Заңымыздың аясында өмір сүреміз және еліміздің игілігі жолында еңбек етеміз. Әр адамның Тәуелсіздік жолындағы үлесі – ортақ үйіміз, Қазақстанның дамуында маңызды. Елбасының саясаты арқасында Қазақстан Республикасы бүкіләлемдік аренада өзіндік орнын алды. Сондай-ақ, Сарыарқа жерінде 130-ға тарта этностар тату-тәтті өмір сүруде. Конституцияда осының барлығына кепілдік берілген. Еліміз бейбітшілік пен келісімде игі мақсаттарға жете берсін, – деді Татьяна Шатохина құттықтау сөзінде.

Елімізде жастар мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Оның айғағы – Елбасының биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялауында. Облыстағы белсенді жастардың басын қосқан Достық үйіндегі шарада олардың әрқайсысы Конституция күнімен құттықтап қана қоймай, жеңіске жету жолдарындағы ұстанымдарымен де бөлісті. Мәселен, қазақ күресінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогінің жеңімпазы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Б.Ахметбеков Конституция арқылы әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар екеніне тоқталып, кез келген жетістіктер төгу арқылы ғана келетінін айтады.

Конституцияның Тәуелсіз қазақ елі үшін рөлі – маңызды. Ата Заң аясында көптеген іс-шараларға да жол ашылды. Соның бірі – спорт. Бізге, спортшыларға қазақ елін таныстырып, Көк Туды желбіретіп, Әнұранды ойнатуға, шетелдегі оқу-жаттығу жиындарына қатысуға толық мүмкіндік жасалған. Тек, адамның ынтасы болса, шыдамдылық пен тұрақтылық арқылы үлкен жетістіктерге жетуге мүмкіндік жеткілікті. «Тамшы тұрақтылығымен тас теседі» демекші, жұмысқа кірісіп, еңбек етіп, сол салада аянбай жұмыс істесе, жемісін бермей қоймайды. Сонымен қатар, жастарымыз өзін ғана емес, қазақ елін дүйім жұртқа таныстыруға мүдделі болуы керек, – дейді ол.

Сондай-ақ, Қарағанды медицина университетінің «Жарасым» студенттер клубының жетекшісі, облыстағы Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Жастар үйлестіру кеңесінің мүшесі А.Вольф, №101 мектеп-лицейінің ағылшын тілі пәні мұғалімі М.Мұсахан, Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың студенті К.Тілеуқабыл Қазақстан Республикасы Конституциясының еліміздің гүлденуі, тұрақтылық пен азаматтардың әл-ауқатын арттырудағы негізгі рөліне тоқталып, шараға қатысушыларды құттықтады.

Іс-шара барысында жаңа Қазақстандық қоғам құрылысындағы табысты еңбегі және облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысқан бірқатар азаматтарға облыс әкімі Ерлан Қошановтың Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ, Б.Бейсенов атындағы ІІД академиясының басшысы, полиция полковнигі А.Дәрменов аталмыш оқу орнының бірқатар қызметкерлерін ҚР Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапаттады.

Шараның тағы бір ерекшелігі – Конституция күнін атап өту құрметіне және алдыңғы буын ағаларының жетістіктерін көруге облыстағы балалар үйі түлектерінің шақырылуында болды.

Қарағанды облысы білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев балалар үйіндегі 130 тәрбиеленушісі үлкен өмірге жолдама алғанын айтады. Оның 22-і жоғары оқу орындарына, 108-і колледждерге түскен.

Бала – қашан да бала. Олардың тәрбиешілеріне, балалар үйінің директорларына деген алғыстары шексіз. Балалар өздерінің алғашқы жетістіктерін ата-аналарына және балалық кездерінде қастарында болып, көмек қолын созғандарға арнайды. Сондықтан, біз Ата Заңымыз – Конституцияны тойлау құрметіне балалармен қатар, балалар үйінің тәрбиешілерін және қызметкерлерін шақырдық. Ондағы мақсатымыз – балаларға үлкен өмір алдында барлығымыздың бір отбасы екенімізді түсіндіру болды, – дейді Есенғазы Нұртілеуұлы.

Салтанат ІЛИЯШ.