Қарқаралы

Орман қорғау – ортақ міндет

    Жуырда Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде «Қарқаралының табиғатын қорғау, сақтау – әрбір қарқаралылықтың міндеті» тақырыбында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.

    Басты мақсат – экожүйелер мен биоалуандылықтың сақталуы және мониторинг мәселелерін қарастыру. Аймақтың мәдени, тарихи алуандылығын сақтаудағы экологиялық ағарту. Қарқаралы ауданының биологиялық нысандарының мәселелері және жергілікті тұрғындарды экологиялық ағарту жолдары.

    Аталған конференцияға білім ошақтарының білікті мамандары, жастар қатысты. Басқосуда Қарқаралы табиғатының жай-күйі мен келешек тағдыры сөз болды. Табиғатты қорғауға, қамқорлық тантытуға қатысты құнды пікірлер айтылып, мысалдар келтірілді.

     Табиғаттың сақталуы – келешек ұрпақтың қолында. Ал, жасыл орманның пайдалы қасиеттері айтпаса да белгілі. Сондықтан, Қарқаралы қаласын жасыл желектендіру мақсатында жыл сайын көшелер мен аулаларға, қала алаңдарына қарағай ағаштары отырғызылып келеді. Осы орайда, ауаға қарағаймен қатар оттегіні көптеп бөлетін арша, жөке (шипа), емен ағаштарының қасиеттері айтылды. Биолог мамандарының пайымдауынша, қарағай ағашы қоршаған ортаға – 130%, арша – 140%, жөке – 250%, емен – 450% оттегін бөледі екен.

    Қарағай – мәңгі жасыл өсімдік. Бұрындары қарағай жаңа жылдағы бір күндік қызық үшін кесілетін. Қазіргі таңда, қала тұрғындары мұндай жат қылықтан аулақ. Десек те, осындай оқиғалар кездесіп жатады.

     Ұлттық парк – орман күзету, қорғау шараларын ешуақытта тоқтатқан емес. Осы орайда, 1 желтоқсаннан бастап аудандық ІІБ-мен бірлескен рейдтік іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізілуде. Сондықтан, қала халқын туған жеріміздің көркі – жасыл орманымызды қорғап, сақтап, молайтуға шақырамыз! Ол – әр тұрғынның азаматтық парызы.

Е.ҚҰРМАНҒАЛИЕВ,

бөлім басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button